Өткен демалыстарда ауа райы күрт құбылды. Тоқтаусыз жауған қар ақ түтек боранға ұласып, облыстық және республикалық маңыздағы жол барлық бағыт бойынша жабылды.
Апта басында ауа температурасына байланысты толассыз жауған қар ери түсіп, тағы да жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер әбігерге салынды. Сәл аяз болса жер көк мұзға айналып, тұрғындар көктайғақтан зардап шегуі мүмкін. Жалпы, қыс мезгілінде қандай қауіпсіздік шарасын ескеру керек? Көлігі тоқтап далада қалған жолаушыларды кім құтқарады? Күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы
Дастан Есқарамен тілдестік.
— Дастан Әбуқұмарұлы, қыс мезгілі басталмай жатып аймақта ауа райына байланысты жол-көлік оқиғалары тіркелді. Алыс жолға шығуды жоспарлаған тұрғындар жолдың ашық не жабық екенін қайдан біле алады?
— Қазір кез келген адам заманауи ұялы телефон ұстайды. Сондықтан ауа райынан қалаған уақытта хабардар бола алады. Ең бірінші 112 қызметіне қоңырау шалып, қажетті бағыттағы жолдың жағдайын біле алады. Кезекші оператор тәулік бойы жұмыс істейді. Ескеретін жәйт, жолдың ашық не жабық екенін ауа райы құбылған күні ғана емес, ашық күндері де міндетті түрде осы операторға қоңырау соғып, жолдың жағдайымен танысып алған абзал. Себебі бір қалада күн ашық болғанымен, Астана қаласы немесе Ақмола облысында боран соғып, қар жауып тұруы мүмкін. Жұртшылық Play Market жүйесінен Foreca қосымшасын жүктеп алып, еліміздің барлық өңіріндегі ауа райын бақылай алады. Онда тәуліктің қай уақытында боран, қар жауатыны анық жазылады.
— Биыл далада қалған жолаушылар үшін қанша жылыту пункті дайындалды?
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті алдағы қыс маусымына кешенді дайындық жұмыстарын толық аяқтады. Қолайсыз ауа райында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілерге көмек көрсету және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 20 мыңнан астам адамға арналған 188 жылыту пункті әзірленді, олардың 4 мыңнан астамында төсек орындар бар. Бұдан бөлек, қосымша жол бойындағы екі медицина-құтқару пункті жылыту бекеттері ретінде пайдаланылады. Департаменттің Басқару және жедел әрекет ету орталығы базасында облыстық жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді.
— Алыс жолға шығуды жоспарлаған жүргізуші мен жолаушылар жолға қалай дайындалуы керек?
— Ең бірінші кезекте көліктің техникалық жағдайын тексеріп алу қажет. Жүргізуші жолаушылардың өміріне жауапты екенін білу керек. Жанармай жеткілікті мөлшерде болғаны дұрыс. Кез келген көлік иесі өзімен бірге күрек, жылы киім, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, жылуды ұзақ сақтайтын ыдысқа шай құйып алулары тиіс. Сонымен қатар, өзіңізбен бірге газ жылытқышын бірге алып жүру де маңызды. Көлік істен шығып, пеші жұмыс істемей қалған уақытта құтқарушылар жеткенше газ жылытқышты пайдалануға болады.
Ал алыс жолға шығатын жолаушылар үйдегі адамдарға қайда баратындарын айтып кетуі керек. Сонымен қатар, баратын адамдарға да шамамен неше сағатта жететінін ескертуі міндет. Егер байланысы жоқ жерде қалып жатса, туысқандары құтқару қызметіне хабарласып, жолаушылардың қандай бағыттағы жолда қалып қойғанын айта алады. Сол себепті осы жағдайды ескерген жөн.
— Жолаушыларға айтар кеңесіңіз бар ма?
—112 қызметі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істейді. 24 сағат ішінде ауа райы сан мәрте құбылады. Бұл жағдайды жұртшылыққа жедел жеткізу – біздің міндетіміз. Өкінішке қарай, тұрғындар құтқарушылардың ескертпесіне құлақ аспай, алыс жолға шығып жатады. Өткен жылы қысқы уақытта облыс аумағында жалпы саны 117 дауылды ескерту жарияланды. Құтқару бөлімшелері 24 адамды, оның ішінде 3 баланы ажал аузынан аман алып қалды. Сонымен қатар, жалпы саны 198 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 14 бала бар. Қар құрсауында қалған 8 жеңіл автокөлік шығарылды. Құтқарылған жолаушылар жылыту пункттеріне жеткізіліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Оқыс жағдайлардың басым көпшілігі ескертпеге құлақ аспаудың салдарынан туындаған болатын. Сондықтан жолаушылардан ескертпелерге құлақ асуды сұраймын!
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен — Айдана ҚУАНЫШЕВА.
