Ардагерлерге құрмет – ұрпаққа үлгі

Қар 13, 2025

Биыл Павлодар қалалық Ардагерлер кеңесінің құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай таяуда Естай атындағы мәдениет сарайында салтанатты жиын өтіп, өңірдің дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова аймақ басшысы Асайын Байхановтың құттықтау хатын табыс етіп, ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен еңбегі жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар, аға буынның қоғамдық істерге белсенді қатысып, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүргенін де тілге тиек етті.

— Сіздер өмірлік тәжірибелеріңіз бен елге деген қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесінде жастарға өнеге, ел үшін мақтаныш болып отырсыздар. Сонымен қатар, елдің және облыстың дамуына бағытталған қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға ақыл-кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетіп, зор еңбек атқарып келесіздер, — деді сөзінде А.Мәлікова.

Шара барысында облыс әкімінің Алғыс хатымен ауыл шаруашылығы еңбегінің ардагері, ҚР Еңбек сіңірген құрылысшысы Марат Асылханов, еңбек ардагері, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Валентина Скворцова және еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Виктор Денисенко марапатталды.

Кейін атаулы күнмен облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко құттықтап, бірнеше азаматқа облыстық мәслихаттың Алғыс хатын табыстады. Олардың қатарында «Еңбек сіңіргені  үшін» медалінің иегері, Төтенше жағдайлар департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Какима Асқарова, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің еңбек ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мұхаметқали Жантеміров бар. Ал Құрмет грамотасымен Май ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рашит Бектеміров, ауыл шаруашылығы саласының үздігі, еңбек ардагері Павел Сурма және Павлодар облысының Құрметті азаматы, Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев марапатталды.

Павлодар қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Сәдуақасұлы ұйымның қалыптасу тарихына шолу жасады.

—  1995 жылдың 4 қарашасында Павлодар қаласы бойынша құрылтай жиналысы өтіп, сол жиында қалалық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы болып облысқа, тіпті республикаға танымал Хатип Хаби-ұлы Демесінов сайланды. Сол қиын-қыстау жылдары да қоғамдық ұйым бюджеттен қаржыландырылмады. Дегенмен, Демесінов ағамыздың абырой-беделінің арқасында әрі жеке кәсіпкерлердің, қалталы азаматтардың демеушілігінің нәтижесінде ғимараттар жиһаздармен жабдықталды. Әлі күнге дейін ардагерлер мәселелерін шешуде демеушілерге арқа сүйеп келеміз.

Басты мақсатымыз – ардагерлеріміздің тұрмыстық жағдайын жақсарту, оларға медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, басқа да жеңілдіктерге қол жеткізулерін, әлеуметтік қамсыздандыру тарапынан қолдау және оларға ақыл-кеңестер беріп қадағалау. Бұл жұмыста тікелей атқарушы билікпен тығыз байланыс жасаймыз, — дейді К.Кеңесбаев.

Бүгінде Павлодар қаласында 62 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың көбі кеңес жұмысына белсене араласып, қоғам өміріне өз үлесін қосып жүр. Ардагерлерге арналған демалыс бөлмелері, бильярд, шахмат, дойбы ойын залдары ашылған. Көркем-өнерпаздар ұжымдары жұмыс істеп, мәдени шараларға белсенді қатысуда.

– Ардагерлердің шағын аудандарда, бастауыш ұйымдарда көркемөнерпаздар топтары бар. Сегізінші шағын ауданның ардагерлерінен құралған «Дударай», жетінші шағын ауданның ардагерлерінен құралған «Алтын уақыт» ансамбльдері «Мойылды» мен «Чернорецкая жемчужина» шипажайларына және қарттар үйіне бірнеше рет барып, концерттерін қойды. Өткен жылы қазан айында облыс көлемінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай көркемөнерпаздардың байқауы өтті. Оған 370 ардагер-зейнеткер қатысты. Солардың ішінен қалалық өнерпаздар бірінші орынға ие болды. Спортқа келетін болсақ, ардагерлер арасында соңғы 3 жыл бойы облыстық, қалалық спартакиадалар өткізіліп келеді. Бұл спартакиалардың өтуіне облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы В.Шершнева жетекшілік етіп жүр. Одан бөлек, өңіріміздің киелі жерлеріне экспедиция ұйымдастырып, ұлыларды ұлықтауға, олардың есімдерін жаңғыртуға атсалыстық, — деді Кенже Сәдуақасұлы.

Ал Ардагерлер кеңесінің мүшесі, жетінші шағын ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Рашит Бектеміров Ардагерлер кеңесінің бастамасымен Павлодар қаласында республика бойынша алғашқы болып билер институты құрылғанын тілге тиек етті.

– Билердің алға қойған міндеті – қай мәселе болмасын бірлік пен тұрақтылықты сақтау, бір бітімге келтіру, татуластыру, нәтижесінде арыз, өтініштерін сотқа жеткізбей қайтып алдырту. Мәселен, ажырасу мәселелеріне қатысты даулар жиі түседі. Әсіресе, жастар қауымы көмекке жүгінеді. Бұл – қоғамды ойландыратын жағдай. Осы орайда, билер тарапы оларға ақыл-кеңестерін айтып, екі тарапты татуластыруға бар күшін салады.

Билер қай мәселе болмасын зерлеп-зерделеп, мән-мағынасына терең үңіліп, шешуге тырысады. Өйткені әр адамның артында бірнеше адамның тағдыры тұрады. Ерекшелігі сол, медиаторлар дау-дамайларды ақылы түрде жүргізеді және оларды жеке дара шешеді. Осы ретте, «Ақша жүрген жерде әділдік бола ма?» деген де сұрақ туындайды. Ал «Билер кеңесінің» отырысында үш би ақылдаса отыра, тіпті бір бітімге келмей жатқанның өзінде өзара дауысқа салып, әділдікпен шешуге тырысады. Соның нәтижесінде жартысынан көбі, яғни 70 пайызы арыздарын қайтып алып жатады, — дейді Р.Бектеміров.

Көмекке жүгінушілерді екі жақты бітімге келтіріп, оң шешімге келістірген жағдайда және ажырасуға келгендерді  татуластырғанда билер адами тұрғыда да, моральдік тұрғыда да рухани шабыттанады. Содан болар, сайланған билер істерді шынайы ықыласымен қарайды. Сөйтіп, билер соттардың жұмысын жеңілдетіп, қоғамға пайдасын тигізіп жатыр деп айтуға толықтай негіз бар.

— Билердің құрамына келетін болсақ, бәрі — зейнет жасындағы адамдар. Өмірлік тәжірибелері мол. Әр салада абыройлы қызмет атқарған, ел ішінде абырой-беделге ие болған, кезінде ел басқарған облыстың, аудандардың Құрметті азаматтары. Билер кеңесінің төрағасы болып Амангелді Хамзин сайланды. Ол — бірнеше облыста облыстық соттардың төрағасы болған білікті заңгер.

Қазіргі уақытта билер кеңесінде 27 би қызмет етеді. Алты жылда 10 260 іс қаралды. Соның 4 537-сі ажырасу арыздары болса, оның 65 пайызы татуласумен аяқталды. Бұл  мыңдаған баланың ата-анасы ажыраспай, отбасылардың аман қалуына себеп болды. Сонымен қатар, жер, мүлік, еңбек даулары да сотқа жетпей достықпен шешілуде, – деді ол.

Мерейтой аясында белсенді ардагерлерге облыстық және қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Кеш соңында ардагерлерден құралған көркемөнерпаздар ұжымы мерекелік концерт қойып, қазақтың рухын асқақтататын «Ұлы дала», Атамекен» сынды әндерді шырқады.

Иә, «Қарты бар елдің қазынасы бар» дегендей, бүгінгі таңда ардагерлер мен қарттардың қоғамдағы маңызы айқын сезіледі. Олар өз тәжірибесі мен даналығын жас ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, белсенділік танытып, қоғам өміріне үлесін қосып келеді. Ардагерлер кеңесі – өткеннің сабақтарын бүгінге жеткізіп, болашаққа бағыт беретін алтын көпір. Оларды бағалап, кеңестерін ескере отырып, біз қоғамымыздың тұрақтылығы мен бірлігін сақтап, келешекке сенімді қадам жасаймыз.

Айдана БОРАНБАЕВА, Павлодар қаласы.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.