Елімізде сыбайластықтың тамырын үзуде атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Біле білгенге бұл саладағы қызметтің көтерер жүгі ауыр, жауапкершілігі мол. Жемқорлыққа жол берген мемлекеттің дамуы екіталай. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының атқарып отырған жүйелі жұмысы, осы індетке қарсы тегеурінді күресі ерекше рөл атқарады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында және «Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» жарлығында «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше көңіл бөлді. Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмайтынымызды ашық айтты. Осы қағиданың орындалуы жолында мемлекеттік органдарға зор міндет жүктеледі.
Әсет Оспанов — өмірін ел қызметіне арнаған азамат. Ол 1983 жылы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Ол 2006 жылы қазіргі Торайғыров университетінің заң факультетін, 2009 жылы экономика факультетін тәмамдаған.
Әсет Қанышұлы қызмет жолын 2000 жылы ішкі істер органдарынан бастайды. 2010 жылдан бастап Павлодар облысының прокуратура органдарында түрлі жауапты қызметтер атқарды. 2016 жылдан Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен және адалдығымен ерекшеленді. 2022 жылдың ақпан айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің орталық аппаратына ауысып, мемлекеттік қызметке бет бұрды. 2023 жылдың қаңтарында Астана қаласы бойынша агенттіктің превенция басқармасын басқарып, қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жұмыс жүргізді. 2024 жылдың қазан айында Әсет Оспанов Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол өз қызметінде азаматтардың өтініштері мен өзекті мәселелерін шешуге, жүйелі жемқорлық тәуекелдерін анықтауға, агенттік қойған стратегиялық міндеттерді орындауға ерекше көңіл бөлді. 2025 жылы Әсет Қанышұлына қызметтегі жоғары жетістіктері мен қажырлы еңбегі үшін мерзімінен бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полковнигі шені берілді. 25 жылдық табанды еңбек жолынан кейін 2025 жылдың қыркүйегінде құрметті демалысқа шықты.
Бүгінде ардагер офицер отбасының ортасында бақытты күндерді бастан өткізуде. Жұбайы Қымбат —
банк саласының қызметкері. Қазір бала тәрбиесімен айналысуда. Тұңғыштары Әмір 7-сыныпта білім алса, ортаншы ұлдары Аслан балабақшаға барады. Кенже қызы Саида жақында бір жасқа толмақ.
— Жемқорлық – адамзат пен қоғамның дамуын тежейтін жалпыға ортақ індет. Онымен күресу тек құзырлы органдардың емес, барлық қоғам өкілінің басты міндеті болуы қажет. Себебі, мемлекетіміздің дамыған елдер қатарына еніп, бәсекелестікке қабілетті болуына халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сапасы тікелей әсер етеді. Сондықтан
кәсіби мереке жемқорлыққа қарсы мінез-құлық пен саясатты насихаттауда ерекше маңызға ие күн болып қала береді. Ел дамуы жолында еңбек етіп жүрген әріптестеріме күш-қуат, төзімділік тілеймін, — дейді Әсет Қанышұлы.
Әсет Қанышұлы бала бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың
маңызы зор екенін айтады. Бұл ретте ұл-қызына адалдық, парасат, ар төңірегінде тәлім-тәрбие берудің маңызы зор деп біледі.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
