Жетекші ауылының тұрғындары Павлодар қаласына қатынайтын автобустың бұрынғы бағытын қайтаруды сұрап отыр. Елді мекен тұрғындарына қоғамдық көліктегі жаңа қозғалыс кестесі қолайсыздық туғызған. Жаңа бағыт енгізілгелі облыс орталығына қатынау қиынға соққанын айтады.
Күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселеге байланысты ауыл әкімімен кездесу өткізілді.
Қазір Жетекші ауылына тек №41 автобус қатынайды. Қоғамдық көліктің жұмысы таңғы сағат 7.30-да басталады. Алайда, жергілікті тұрғындар бұл уақыт тым кеш екенін айтады. Салдарынан ауыл халқы жұмысқа, оқуға кешігуде. Бұрын мұндай мәселе туындамаған. Қолайсыздық автобус бағытын оңтайландырудан кейін орын алып отыр.
Ауыл тұрғындарының бірі баласының Ломов көшесіндегі университетте оқитынын айтады. Оқуға жетуі үшін вокзалдан түсіп, сол жерден басқа автобусқа отыруы керек. Бұған дейін ауылдан шыққан автобуспен «Артур» сауда үйінен түсіп қалып, сол жерден трамвай арқылы оқу орнына тез жеткен.
Жергілікті халықтың шағымын тыңдаған Жетекші ауылының әкімі Нұрлыбек Әбдірахманов өтінішті тиісті мекемеге жеткізетінін айтты. 2022 жылы Найзатас көшесіне қатынайтын қоғамдық көлік бағытының қажеттігін саралайтындарын жеткізді.
Сонымен қатар, әкім жақын уақытта автобустар санын көбейту жоспарланып отырғанын айтты. Ал Жетекші тұрғындары №41 автобустың бұрынғы қозғалыс кестесі қайтарылса деген үмітте.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
