Теңге – дербестік тірегі

Қар 13, 2025

Еліміздің тәуелсіздігін айшықтайтын негізгі Мемлекеттік рәміздер Әнұран, Ту мен Елтаңба екені белгілі. Олардың қатарына ұлттық валютамыз – теңгені де қосуға болады. Себебі, кез келген мемлекеттің дербестігі төл валютаның болуымен де анықталады.

Төл валютамызды дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылы Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткен еді. Сол тұста суретшілер — Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер валюта суреттерін салып, сол үлгілермен Англияға аттанды. Атап өтерлігі, ұлттық валютаны «теңге» деп атауды Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақ-станның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов ұсынған екен. Ол түркі халқының орта ғасырда есеп айырысқан күміс монеталарының атынан пайда болған.

Сөйтіп, 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілген соң араға бір жыл салып Англияның ең көне және әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабри-касында басылып шықты. Бұл жайында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былай деп еске алған еді: «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін 18 рейс жасады. Ең қиыны, ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар»…Нәтижесінде Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып,
15 қараша күні теңге ресми айналымға енді.

Қазіргі уақытта банкноттар Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета –
Өскемендегі Монета сарайында шығарылады. Жылдар өте келе теңгенің дизайны бірнеше рет өзгерді. Әу баста банкноттарда Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Абай, Шоқан Уәлиханов, Әбілқайыр хан, Абылай хан, әл-Фараби сынды белгілі тарихи тұлғалардың портреттері бейнелесенсе, бүгінде оларды сақ стиліндегі банкноттар алмастырды.

Қазақстан теңгесі өз тарихында үш жыл қатарынан «Үздік банкнот» атағын алған валюта ретінде тарихта қалды. 2011 жылғы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған 10 000 теңгелік естелік банкноты ең үздік банкнот атанса, келесі жылы «Қазақ Елі» сериясынан 5 000 теңгелік банкноты «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған
1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы берілді. IBNS марапатының тарихында бір елдің банкноттары қатарынан үш мәрте жеңіске жетуі – бір-ақ рет болған жайт. Бұған дейін Канада мен Швейцария банкноттары екі реттен үздік атанған.

Бүгінде теңгеміз нарықтағы жағдайға байланысты бірде нығайып, бірде әлсірейтіні рас. Қаржы саласындағы сарапшы Айбар Олжайдың пікірінше, бұл әлемдік ахуалға және ішкі нарықтағы мәселелерге тікелей байланысты.

— Қазір теңге нарықтық таргетте. Биржадағы күнделікті алып сатуына байланысты бағам белгіленеді. Теңгенің сауда-саттығы алдымен Форексте өтеді. Одан кейін Қазақстан қор биржасының (KASE) сессиясы арқылы оның күнделікті курсы белгіленіп отырады. Теңгенің негізгі фундаменталды бағамы мұнай бағасына байла-нысты, себебі, мұнай бағасы жоғары болса, біздің экспорттық түсімдер де жоғарылайды. Сөйтіп, төлем балансы профициттік аймаққа шығады. Яғни, бізге келетін ақша бізден кететін ақшаға қарағанда көбірек болады. Дәл осы кезде теңге кішкене нығая түседі. Егер мұнай бағасы түсе бастаса, ол біздің төлем балансына кері әсер етеді. Сырттан алатын импортымыз экспорттан асып кетеді де, теңгеге қысым күшейе бастайды. Мұнайдан бөлек, сыртқы саудада астық, металл позициялары да кішкене әсер етеді. Үлкен тауарлық биржа-дағы котировка, фьючерстердің барлығы теңгеге әсерін міндетті түрде тигізеді. Екіншіден, сырттан келетін инвесторлар бар, олар біздің теңгені сатып алып, РЕПО операцияларын жасайды, банк облигацияларына салып, пайда табуға тырысады. Олар кете бастаса, теңгеге деген сұраныс азаяды да құнсыздану үдерісі қайта басталады. Сондықтан сырттан ойыншылар келіп, теңгеге ақша салып, теңгелік облигацияға отырғаны біз үшін пайдалы, — дейді сарапшы.

Қалай болғанда да азат еліміздегі басты төлем құралы – төл теңгеміз. Күнделікті азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметтер ақысы – барлығы өз валютамызбен есептеледі. Сыртқы нарыққа байланбай, дербес айналымды қолданып келеміз. Осының қадірін білуіміз керек. Иә, теңгенің бағамы бірде көтерілер, бірде түсер, бірақ ол өз ақшамыз болып қала береді. Бұл – басты байлық.

Өз тілшіміз.