Ұлттық спортты қолдайтындарға жеңілдік жасау дұрыс па?

Қар 20, 2025

Қазақстанда ұлттық спортты қолдайтын бизнес өкілдеріне салық пен жарнама бойынша жеңілдік қарастыру көзделуде. Мұндай ұсынысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құсбеков айтты. Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстанда ұлттық спортты дамыту ісінде жекеменшік сектордың табысты нәтижесі бар. Мәселен, асық ату бойынша турнирлер бүгінде демеушілердің қаражаты есебінен өткізіліп, бюджетке салмақ түсірмей жүзеге асуда. Егер бизнес белсенді қатысса, ұлттық спорт түрлері жыл сайын 15 миллиард теңгеге дейін инвестиция тартып, туризм есебінен 5–7 миллиард теңге кіріс әкелуі мүмкін. Ұлттық спортты қолдайтындарға жеңілдік беру дұрыс па? Мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Қалибек ҚУАНҰЛЫ, облыстық асық ату федерациясының атқарушы директоры:

— Жақында ғана асық атудан ұлттық құрама Азия чемпионы атанды. Жеңімпаз атанған 3 ойыншының ішінде жерлесіміз Қуаныш Қабылда да бар. Аймағымызда асық атудан ай сайын кем дегенде 2-3 жарыс өтеді. Облысымыз аталмыш ұлттық спорт түрі бойынша елімізде 3-орында тұр. Бұл — үлкен жетістік. Асық атудан жарыстардың тең жартысы демеушілердің қолдауымен өткізіледі. Халықаралық асық ату федерациясының директоры Олжас Құсбековтің бастамасымен осы жарысқа көлік тігілуде. Ойын өте жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Бұл да — ұлттық спортқа бет бұрып жүрген жастар үшін зор қолдау. Қазіргі уақытта асық ату бойынша 22 мемлекет жұмыс істеуде. Оның 12-сі — халықаралық федерацияның мүшесі. Қалғандары құжат дайындау үстінде. Бұл арқылы 5 жыл көлемінде көптеген мемлекетпен жұмыс істеп, тәжірибе алмасатын боламыз. Сондықтан ұлттық спортқа жанашыр бизнес өкілдеріне жеңілдік жасау мәселесін қолдаймын. Қашанғы өзге елдің спорттарына жарнама жасай береміз? Бұл арқылы кәсіпкерлер ойыншыларға жағдай жасап, жарыстар жиі ұйымдастырылатын еді.

Нұрлан ӘБЕТЖАНОВ, облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының вице-президенті:

— Бұл мәселеде демеуші ұлттық спортқа шын жанашырлық танытуы тиіс. Қолдау көрсетуі арқылы өз кәсібін жарнамалап кететін бизнес өкілдері болуы мүмкін. Осы мәселені де ойлау керек.

Биыл облыста жекпе-жек ұлттық спорт түрінен әлі жарыс ұйымдастырылмады. Өйткені, қатысушылардың жас шамасына өзгеріс енгізіліп, қауіпті спорт түрі деп танылғандықтан, оқушылар арасында жылдағыдай жекпе-жек өткізілмеді. Бұл спорт түріне 19 жастан бастап қабылданады. Десе де, балалар арасында қызығушылық жоғары. Жаттығу залында 50-60 жасөспірім бар. Олар — болашақта ел намысын қорғауды армандайтын 16-17 жастағы балалар. Өзім басшылық ететін Мойылды ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне келіп, ұлттық спортпен айналысатын жастар да көп. Олар асық ату, тоғызқұмалақ және қазақ күресіне қатысады. Қалалық, облыстық жарыстарда жүлдегер атанып жүрген балалар бар. Осындай жастарды қолдау арқылы ұлттық спортты дамыта аламыз.

 

Дәурен ЖҮНІСХАН, спорт жанашыры:

— Кішкентайымнан атқа отырып, садақ ату өнерін жаныма серік еттім. Ұлттық өнерді оқушылар арасында да дәріптегім келіп, Аққулы ауданы Ямышев ауылында мұғалімдік міндетімнен бөлек «Қайсар» ұлдар клубын аштым. Қуантарлығы, балалардың қызығушылығы жақсы. Соңғы 2 жылдың ішінде клуб мүшелері аудандық, қалалық, облыстық садақ ату жарыстарынан жүлделі орындарға ие болды.

Қазіргі уақытта садақтың бағасы қымбат. Өзім балалар үшін құны 35 мың теңге тұратын екі садақ сатып алдым. Балалар тек осы екі садақпен жаттығады. Арнайы кабинетіміз де болмады. Қазір қызмет бабымен Павлодар қаласындағы мектепке ауыстым. Тағы да садақ атудан үйірме ашуды жоспарлап отырмын. Қаладағы оқушыларды да жаттықтырудамын. Ауылдағы балаларым мені көрген сайын садақ атқылары келетінін айтады. Олар елдің ертеңі ғой. Бұл ұсыныс қабылданса, кез келген кәсіпкерге барып, қолдау көрсетуін сұрай алатын едік. Ұлттық спортты қолдайтын бизнес өкілдері бұл әрекеті арқылы болашақ ч  мпиондардың өсуіне жол ашады.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.