Железин ауданына қарасты Мыңкөл ауы-лында көптен күткен медициналық пункт жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 400-ге жуық тұрғыны бар ауылда емдеу нысанының құрылысы өткен жылы күзде басталған болатын. Бұл істі қолға алған мердігер жауапсыздық танытып, жұмысты бастамай жатып тастап кеткен еді.
Павлодар облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 медициналық нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл ретте елді мекендерде медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулаториялар бой көтермек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдар және инновациялық технологияларды стратегиялық дамыту бөлімінің басшысы Арман Исақаевтың айтуынша, жалпы сомасы 4,8 млрд теңгені құрайтын 30 нысанның 26-сы пайдалануға берілді. Қалған 6 емдеу мекемесі жыл соңына дейін ашылады.
Қазір құжат мәселесі реттелуде. Олардың қатарында Тереңкөл ауданы Ивановка ауылындағы меди-
циналық пункт, Ертіс ауданы Ленин ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылындағы медициналық пункт, Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт және Құркөл ауылындағы медициналық пункт, Железин ауданы Мыңкөл ауылындағы медициналық пункт бар.
Арман Исақаевтың айт-уынша, кейбір ауылдарда құрылыс жұмыстарының кешігуіне мердігер ұйымдарының жауапсыздығы және құрылыс материалдары мен медициналық жабдықтардың уақытында жеткізілмеуі себеп.
«Ауылда денсаулық сақ-тауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген кейбір нысандардың сапасына да шағым көп болды. Мәселен, Ақтоғай ауданы Шілікті ауылындағы медициналық пункттің төбесінен су ағып, қабырғалары бөлінген. Ауладағы кеспе тастары да бұзылған. Ақтоғай аудандық ауруханасының басшысы Мәдина Сабырова бұл жағдайға ауа райы әсер еткенін айтты. Өйткені құрылыс жұмысы 2024 жылдың тамыз айында басталып, ауладағы кеспе тастар желтоқсан айында төселген. Нысан биыл көктем айында тапсырылған кезде жоғарыда аталған олқылықтар орын алған. Аталмыш мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аудан әкіміне хат жазған. Нәтижесінде жауапты мердігер әу баста жасалған келісімшарт негізінде нысан ішін және кеспе тастарды ретке келтірген. Қазір ешқандай мәселе жоқ.
Мәдина Сабырова аудандық ауруханада қажетті сала мамандары жеткілікті екенін айтады. Тек ауданнан 90 шақырым қашықтықта орналасқан Жалаулы ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға дәрігер қажет.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
