Көпшіліктің денсаулық сақтаудағы маңызды мәселесі – өзіне қолайлы, сапалы қызмет көрсететін емханаға тіркелу. Жыл сайын өтетін еркін таңдау кампаниясы дәл осы мүмкіндікті береді. Биыл Павлодар облысында бұл науқан қалай өтті?
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі үйлестіруші Айгүл Абылхасан және Ақсу қалалық ауруханасының медициналық бөлім басшысының орынбасары Күннұр Фарид қатысты.
Айгүл Жеңісқызының айтуынша, елімізде 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында тұрғындардың медициналық ұйымды еркін таңдау кезеңі өтеді. Қазір Павлодар облысында 30 медициналық ұйым жұмыс істейді, оның жартысы — мемлекеттік, қалғаны — жекелей клиникалар. Тіркелу электронды үкімет арқылы да, тікелей медициналық ұйымға жүгіну арқылы да жүзеге асады. Маман тіркелудің маңызын түсіндірді.
— Кампания кезінде таңдалған емхана қызметін тұрғындар жаңа жылдан бастап, яғни 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды. Бұрынғы ұйымнан автоматты түрде шығарылады.
Ерекше санаттағы азаматтар — зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, бас бостандығы шектеулі азаматтар және басқа қаладан білім алатын студенттер өтініш беру арқылы да тіркеле алады.
2025 жылғы кампания қорытындысы бойынша, облыста 1024 тұрғын медициналық ұйымын ауыстырған. Басым бөлігі жекеменшік клиникаларды таңдаған. Өткен жылмен салыстырғанда тіркелушілер саны артқан.
Мамандар жүктемеге байланысты шектеулер бар екенін де атап өтті. Әрбір терапевтке, жалпы тәжірибе дәрігеріне немесе педиатрға бекітілетін халық санының өз нормасы бар. Егер таңдалған емхана учаскеде бұл көрсеткіш асып кетсе, науқасқа басқа нұсқа ұсынылады.
Брифингте электронды кезек қолжетімділігі жайлы сөз болды. Дәрі-дәрмек беру, қан тапсыру, флюорографиядан өту сияқты сұранысы жоғары қызмет түрлеріне толық электронды кезек енгізілген. Ал дәрігерге жазылу уақыты нақты көрсетілетін жүйе арқылы жүргізіледі, бірақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен шұғыл жағдайлар кезексіз қабылданады.
Тұрғындарға тіркелетін медициналық ұйымды тұрғылықты жерге жақын таңдаудың маңызын да ескертті. Бұл әсіресе медициналық қызметкерлердің үйге барып көмек көрсетуді қажет ететін жағдайларда аса қолайлы.
Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.

