Бүгінде мектептегі оқушыдан бастап құрметті демалысқа шыққан қарттарға дейін алаяқтардың түрлі арбауына алданып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан олардың қаржылық сауаттылығын арттырып, қитұрқы әрекеттерге баратын пысықайлардың айласына иланбаудың амалдарын жіті түсіндірген жөн.
Бұл бағытта облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері жүйелі жұмыс жүргізуде. Солардың бірі — «Заң мен тәртіп» ұлттық нарративі аясында ұйымдастырылған «Қаржы сақшысы» ойыны.
ҚР Қаржы мониторингі агент-тігі 1–15 желтоқсан аралығында жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын арттыру және цифрлық қауіп-қатерлерден қорғану дағдыларын дамыту мақсатында «Қаржы сақшысы (Qarzhy Saqshysy)» республикалық онлайн ойынын өткізіп жатыр. Ол интерактивті форматта өтіп, қатысушыларға қаржылық алаяқтықтың түрлерін тануға, тәуекелдерді бағалауға және жеке деректерді қорғау тәсілдерін үйренуге мүмкіндік береді.
Аталған бастама аясында Павлодар қаласындағы Достық шағын ауданында орналасқан №48 жалпы орта білім беретін мектепте оқушыларға арналған ойындық сабақтар өтті. Қатысушылар қаржы пирамидалары, фишинг, әлеуметтік инженерия және өзге де кең таралған алаяқтық схемаларына негізделген практикалық тапсырмаларды орындады. Бұл формат жасөспірімдердің цифрлық ортада қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын тиімді қалыптастыруға ықпал етеді.
Павлодар облысы бойынша эко-номикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері жас ұрпақ арасында қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру алаяқтықтың алдын алудың маңызды тетігі екенін алға тартады. Жобаның жүзеге асырылуы «Заң мен тәртіп» ұлттық бастамасының мақсаттарына толық сәйкес келеді.
Алдағы уақыттағы «Қаржы сақ-шысы» ойыны өңірдегі өзге де мектептерде өтіп, түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғаспақ.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
