Тәуелсіздік – ел тірегі!

Жел 11, 2025

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұжымы өз оқырмандарына Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне тамаша тарту жасады. Еліміздің ең ұлық мерекесіне орай  «Тәуелсіздік – ел тірегі» атты кітаптар көрмесін әзірлеп, ел тарихына қатысты өте құнды еңбектерді ұсынып отыр.

Торайғыров кітапханасының бөлім басшысы Бақытжан Букашеваның сөзінше, көрмеге ел тарихы, жер байлығы, ұлт құндылығы мен ұрпақ сабақтастығы жайла 100-ге жуық кітап қойылған.

– Кітап көрмесін ел  Тәуелсіздігінің алғашқы қадамы болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған кітаптардан бастадық. Ең басына Талғат Айтбайұлының құрастыруымен шыққан «Желтоқсан көтерілісі» атты жинақтың
төрт томы бірдей қойылды. Одан кейін «86 – Желтоқсан»  сериясымен шыққан көп томдық жинақтың 10 томы түгел қойылды. Оны құрастырғандар – Б.Әбдіғалиева және Б.Көрпе-байұлы. Сондай-ақ, Бейбіт Қойшыбаевтың «Тәуелсіздік тамырлары», Болатбек Төлепбергеннің «Ұлттық идея – Тәуелсіздік тұғыры», «Қасиеттім – Желтоқсан» сынды аса күрделі зерттеу еңбектер, публицистикалық мақалалар жинағы осы көрмеден орын алды, – деді Бақытжан Тасымханқызы.

Одан бөлек, Қазақстан тарихына, тәуелсіздік жылда-рындағы жетістіктерге, ел экономикасының дамуы мен қалыптасу кезеңіне, жеке мемлекет ретінде өркендеу кезеңіне арналған кітаптар бар. Сонымен қоса, ұлтымыздың салты мен дәстүріне, мәдениеті мен руханиятына қатысты құнды еңбектерді осы көрмеден тамашалай аласыздар. Көрме
кітапхананың бірінші қабатындағы үлкен дәлізде орналасқан. Оқырман қауым үшін екі апта бойы ашық тұрады.

Тілеуберді САХАБА.