Шырша кесудің жазасы қандай?

Жел 18, 2025

Жаңа жыл жақындағанда шырша ағаштарын заңсыз кесу деректері көптеп тіркелетіні белгілі. Бірақ табиғат байлығын оңды-солды отаудың, жеке бас пайдасына жаратудың жауапкершілігі ауыр. Осы ретте Павлодар облысы бойныша аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы Әлемжан Қабылдиновты әңгімеге тартып, тәртіп бұз-ғандарды қандай айып күтіп тұрғанын сұрап білдік.

– Әлемжан Сембайұлы, жаңа жыл жақындаған сайын мем-лекеттің ерекше қорғауындағы шырша ағашына қауіп көбейетіні белгілі. Осы ретте шырша ағашын заңсыз кескен адамға қандай жазалар қарастырылған. Осыған тоқталсаңыз…

– Бұл бағыттың өзін екіге бөліп қарауға болады. Мысалы, жай массивтер мен айрықша қорғалатын аймақтар деп бөліп қарастырамыз. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдірген адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 381-1-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады. Орман қорына кірмейтін ағаштарды заңсыз кескен жеке тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік және коммерциялық емес ұйымдарға 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК көлемінде айыппұл толтырылады. Сонымен қатар, заңсыз кесілген ағаштарды, көлік құралдарын және құқықбұзушылық жасау құралдарын толық тәркілеп алады. Ал орман қорының құрамына кіретін ағаштарды заңсыз кескені үшін жоғарыдағыдан тура екі есе көп айыппұл арқалайды. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 100, заңды тұлғаларға – 300, орта кәсіпкерлік өкілдеріне – 400, ірі кәсіпкерлік өкілдеріне – 1000 АЕК. Одан бөлек, келтірілген экологиялық залал толық көлемде өндіріледі. Келтірілген залал мөлшері 50 айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда қылмыстық жауапкершілік туындайды. Жасалған заңсыз әрекеттің ауырлығына байланысты мынадай жазалар көзделген: Айыппұлдан бөлек, түзету жұмыстары мен қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе одан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу қарастырылады.

– Егер, қарапайым ауыл тұрғыны өз ауылындағы шыршаға залал келтірсе де сондай жауапқа тартыла ма?

– Әрине, елді мекен аумағындағы жасыл желекте, тіпті жалғыз өсіп тұрған шыршаны кессе де ҚР ӘҚБтК-нің 381-1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50-ден 150 АЕК-ке дейін айыппұл арқалайды. Сонымен қатар, кейбір кәсіпкер азаматтар Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында сатып, пайда көру үшін өз бетімен барып табиғи шыршаларды кесіп алатын да жағдайлар болады. Мұндай жағдайда оларға 150–1500 АЕК-ке дейін айыппұл төлетеді.

– Ал мерекеге орай облыста сатылатын табиғи шыршалар бізге қайдан жеткізіледі? Олардың импортын бақылау қалай жүзеге асырылады?

– Облыс аумағына табиғи шыр-шалар Ресей Федерациясынан кәсіпкерлік субъектілері арқылы жеткізіледі. Оның заңдылығы сату орындарына тұрақты мониторинг жүргізу арқылы бақыланады. Өткен жылы жаңа жыл мерекесі қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілері тіркелген жоқ.

– Жалпы, облыс аумағында қанша гектар алқапта шырша ағашы өседі?

– Облыс аумағында қылқан жапырақты екпелер бес орман шаруашылығы мекемесінің жерінде өседі. Оның ішінде екі мекеме ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) мәртебесіне ие. Оның бірі – «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты. Онда 194,3 мың гектар болса, «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде» 19 мың гектар шырша орманы бар. Негізгі қылқан жапырақты ағаштар массивтері дәл осы екі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа тиесілі және ерекше қорғау режимінде.

— Ақпаратыңыз үшін рахмет!

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.