Жаңа зерттеулер жарық көрді

Жел 18, 2025

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан және Ресей жазушылары бас қосып, екі ел арасындағы маңызды мәдени-рухани мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жаңа жоба аясында мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шыққан 15 кітаптың тұсауесері өтті.

Осы күні облыстық кітапханада  Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегмановтың төрағалығымен «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы бойынша жазушылар форумы өтті.

Аталған тарихи-мәдени жобаны Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп жүзеге асырған. Іс-шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, мұндай жобалар мен жиындардың ел руханияты үшін маңызы зор екенін атап өтті.

— Бүгін біз қазақ әдебиеті үшін ерекше мәні бар маңызды сәттің куәсі болып отырмыз. «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында жарық көрген жаңа еңбектердің тұсаукесері – біздің рухани әлемімізді байытып қана қоймай, қазақ әдебиетінің ғылыми негізін тереңдететін игілікті қадам екені анық. Осы бір айтулы оқиғаның біздің өңірде орын алып отырғанын ерекше мақтанышпен айтқым келеді. Бұл жобаның жүзеге асуы – мемлекет пен қаламгер қауымның бірлескен еңбегінің, өзара сенім мен серіктестіктің айқын белгісі, — деді Айгүл Қайыртасқызы.

Сонымен қатар, аталған жобаға қатысқан елімізге белгілі ақын-жазушылар, жас зерттеушілер және Ресей Федерациясынан арнайы келген қаламгерлер де өз ой-пікірлерін білдірді.

Жазушылар форумының модераторы Қасымхан Бегмановтың айтуынша, «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы бойынша елімізге белгілі қаламгерлер ТМД-ның бірқатар елінде болып, қазақтың тарихына қатысты арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Олардың қатарында белгілі қаламгерлерден Момбек Әбдіәкімұлы, Ділдар Мамырбаева, Қанат Алтынбек, Қанат Әбілқайыр, Елдос Тоқтарбй, Әлібек Байбол, Қарлығаш Әубәкірова, Алтынбек Құмырзақ, Қайырбек Кемеңгерұлы, Серікбол Хасан, Бауыржан Мырзақұл, Өміртай Еділханұлы, Біржан Ахмер, Серік Сағынтайлар бар.  Сол зерттеулердің нәтижесінде жинақталған тарихи құнды материалдар жеке-жеке кітап болып басылып шыққан. Форум барысында сол жаңа кітаптар таныстырылып, тұсаукесер рәсімі өтіп, оқырман қауымға жол тартты.

— Менің кітабым «Уфа. Ғалия. Қазият» деп аталады. Бұл кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі Уфадағы «Ғалия» медресесіне, екінші бөлімі Уфа мүфтилігіндегі Қазақ қазиятына (1917-1936) арналды. Осындай ауқымды зерттеу жұмыстарын жүршізуге мүмкіндік берген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне және Қазақстан Жазушылар одағына алғысымыз шексіз, — деді Серікбол Хасан.

Сонымен қатар, жиын барысында облыстардағы филиалдарға бұрынғы мәртебесі қайта берілетінін хабарлап, аймақтағы қаламгерлерді бір қуантты. Бұған дейін облыстағы өкілдігі ретінде жұмыс жүргізіп келсе, келесі жылдан бастап облыстық филиал деген ерекше мәртебе берілетін болды.

Тілеуберді Сахаба.