Дәрігер көмегін онлайн алу дұрыс па?

Жел 18, 2025

Отандық денсаулық сақтау саласына онлайн медициналық қызмет көрсету тетігі енгізілмек. Сол бойынша дәрігерлер науқастарға қашықтан көмек көрсететін болады.

Мұндағы басты мақсат – жүйедегі заң бұзушылықтарды жойып, емдеу мекемелеріне түсетін жүктемені азайту, бақылаушы органдар мен медициналық ұйымдардың цифрлық іс-қимылын жеделдету. Қазіргі таңда бұл өзгерістер жайлы құжат Ашық НҚА порталында талқылауға жарияланды. Алайда аталған мәселеге қатысты тұрғындар пікірі екіге жарылуда. Кейбіреулер емдеу мекемелерінің есігінің алдында сағаттап кезек күтіп отырғанша, онлайн көмек алған дұрыс деген ой айтуда. Енді біреулер мұндай қызметтің сапалы болатынына күмәнмен қарап, алаңдаушылық білдіруде. Сонымен, дәрігер көмегін онлайн алу дұрыс па? Қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті тақырыпты «Алаңның» талқысына салғанды жөн көрдік.

 

Асылбек ТАЛҒАТ, Аққулы аудандық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы:

– Денсаулық сақтау саласының өкілі ретінде дәрігерлердің онлайн қызмет көрсеткені дұрыс деп ойлаймын. Сол арқылы тұрғындарға, әсіресе, ауылдағы ағайынға медициналық көмектің қолжетімді болуына мол мүмкіндік бар. Мысалы, бүгінде эндокринолог, кардиолог, гастроэнтеролог сынды бейінді мамандар жетіспейді. Яғни, мұндай дәрігерлер барлық ауыл-ауданда тапшы болғандықтан, науқастар үшін дер кезінде олардың көмегіне жүгіну өзекті мәселе екені сөзсіз. Ал медициналық мекеме мамандары онлайн кеңес беру арқылы сырқат жандарға қолдау көрсете алады. Нәтижесінде, адамдар уақыт жоғалтпайды әрі өз үйінде отырып-ақ дәрігер кеңесіне жүгінеді. Негізі, созылмалы аурулары бар емделушілер үшін дәрігермен тұрақты байланыста болудың маңызы зор. Өйткені, немқұрайлылық танытқан жағдайда ауруы асқынып, соңы қиын жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Бірақ кей жағдайда тұрғындар дәрігермен бетпе-бет жүздесіп, қабылдауына баруы қажет екенін де ескеруі тиіс.

Қорыта келе, саладағы жаңашылдық арқылы онлайн және оффлайн қызметтер бірін-бірі толықтырып, емделушіге тиімді әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетіледі деген пікірдемін.

 

Нұргүл ҚАЙЫРДЕНОВА, «Қала құрылысы кеңесі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

– Адамның өмірі, денсаулығы бәрінен де қымбат. Сондықтан сырқаттанып қалған жандар ауруының нақты диагнозын анықтатып, тиісті ем-дом алуы үшін мединциналық мекемелерге барып оффлайн қаралғаны дұрыс. Яғни, дәрігермен бетпе-бет жүздесіп, тексерілгені жөн деп ойлаймын. Себебі, мамандар науқастарды онлайн қарау арқылы тек болжам жасауы немесе кеңес берумен ғана шектелуі мүмкін. Қысқасы, ауырған адамды көзімен көрмей, сырттан тон пішіп, «мынадай дәрі іш немесе былай жаса» деп айту қате деген пікірдемін. Бұл ретте, мәселе адамның өміріне тікелей қатысты болғандықтан, оған өте мұқият қарау қажет.

Егер тұрғындар жеңіл-желпі аурулармен сырқаттанып, бірақ өзін жақсы сезінсе, дәрігерлерден онлайн кеңес алуына қарсы емеспін. Шыны керек, кейбір адамдар жөтел, тамақтың қырылдауы, басқа да жанына батпайтын ауру белгілерін ешбір емдеу мекемесіне бармай-ақ үй жағдайында өздері емдеп алып жатады. Осындай кезде аурухананың есігін тоздырмай-ақ, мамандардан онлайн кеңес алған артық етпес дегім келеді.

 

Майра БАЙМҰРАТ, Павлодар қаласының тұрғыны, ұстаз:

– Менің ойымша, дәрігерлердің онлайн қабылдағаны мүлдем дұрыс емес. Себебі, адамның денсаулығына немқұрайлы қарауға болмайды. Мәселен, біреу ауырып қалды делік, сонда медицина маманы оның өкпесін тыңдап көрмей, қан қысымын өлшеп білмей жатып, түріне қарап дәрі-дәрмек жазып бере ме? Бұл ақылға қонбайтын жағдай деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, кейбір дәрігерлер алдына келіп тұрған адамға теріс диагноз қойып, қателесіп жатады. Ал осындайлар онлайн қызмет көрсетсе, халықтың жағдайы не болады? Біз кімге сенеміз? Сонымен қатар, ай сайын барлық жұмысшы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жалақысынан жарна аударып отыр.

Егер сапалы медициналық қызмет көрсетілмесе, не үшін ақша төлеуіміз қажет? Көкейде сұрақ көп… Сол үшін бұл өзгерісті енгізбес бұрын әбден зерттеу қажет.

Өкінішке қарай, елімізде дәрігерлер тапшы екенін білеміз. Әсіресе, салалық мамандар жетіспейді. Бірақ бұл мәселенің шешімі онлайн қабылдау жүйесі емес деген пікірдемін.

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.