Ұрпаққа бағытталған аманат

Жел 18, 2025

А.П.Чехов атындағы облыстық драма театры сахнасында Ғабит Мүсіреповтің «Завещание потомкам» спектаклінің премьерасы өтті. Қойылым Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай сахналанып, көрер-меннің  қызығушылығын тудырды. Премьера аншлагпен өтіп, зал лық толды, ал қойылым соңында актерлер ұзақ уақыт қошеметке бөленді.

«Завещание потомкам» – ел тарихындағы күрделі кезеңдерді арқау еткен, бостандық, жер, халық бірлігі мен ұрпақ алдындағы жауапкершілік жайлы терең ой қозғайтын драмалық шығарма. Қойылым өткенді еске алумен шектелмей, бүгінгі көрерменге тікелей сұрақ қояды. Біз ата-бабамыз аманат еткен құндылықтарды сақтап жүрміз бе?

Қойылымның режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Александр Репин бұл шығарманы таңдауының себебін ұлттық маңызы бар идеямен байланыстырады. Оның айтуынша, пьеса Кіші жүздегі хандық биліктің жойылуы, халық құрылтайының құрылуы және елдің бейбіт өмірге ұмтылысы туралы баяндайды.

— Бұл пьеса «Завещание потомкам» деп бекер аталмаған. Финалда Сырым бидің ұрпаққа айтатын монологы бар. Олар өздері үлгермеген, аяқталмай қалған істерін кейінгі буынға аманат етеді. Біз көрерменге дәл осы ойды жеткізгіміз келді, – дейді режиссер.

Александр Репин  қойы-лымды қою барысында тарихи дәлдікке ерекше мән берілгенін атап өтті. Осы мақсатта тарихи деректерді нақтылау үшін тарихшылармен кеңес жүргізілген. Режиссердің айтуынша, қазіргі жастар кейбір дәстүрлер мен тарихи ұғымдарды біле бермейді, сондықтан сахнада барлығы түсінікті әрі шынайы болуы маңызды болған. Бес актілі пьеса ықшамдалып, екі актіге қысқартылған.

— Біз ең маңызды, ең салмақты тұстарын қалдырдық. Көрермен қойылымнан өзіне бір ой, бір аманат алып шығуы керек, – дейді ол.

Басты кейіпкер Сырым бидің рөлін сомдаған актер Виталий Руденко үшін бұл образ – үлкен жауапкершілік. Өйткені, Сырым би – ойдан шығарылған кейіпкер емес, тарихта болған тұлға. Актердің айтуынша, Сырым би Кіші жүздегі хандық билікті қан төкпей жойған, халықты зорлық-зомбылықтан қорғауға тырысқан көшбасшы болған.

— Ол — қатал билеуші емес, халықты түсінетін, керек кезде қатаң, керек жерде мәмілеге келе алатын тұлға. Ол — ешқашан өз пайдасын ойламаған, бар өмірін елге арнаған адам, – дейді Виталий Руденко.

Актер тарихи деректердің аздығына қарамастан, халық аузындағы әңгімелерге, өз ішкі сезіміне сүйенгенін айтады. Оның пікірінше, Сырым бидің мінезі мен темпераменті бүгінгі күннің де лидерлеріне үлгі бола алады.

— Бұл махаббат туралы емес. Бұл – еркіндікке деген ұмтылыс жайлы қойылым. Сондықтан ол Тәуелсіздік күнімен үйлеседі, – дейді актер.

Театрдың актрисасы әрі басшы міндетін атқарушы Юлия Захарчук та қойылымның идеялық маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қойылымда жас буын мен аға ұрпақтың байланысы, ұлтқа, тілге бөлінбей, бейбіт өмір сүру идеясы алдыңғы орынға шыққан.

— Біздің қойылым даналық пен тәжірибені үлкен-дерден үйрену, болашаққа сеніммен қарау туралы. Ғабит Мүсіреповтің барлық шығармалары адамға, өмірге деген махаббатпен жазылған. Сол себепті бұл пьесаны таңдадық – дейді ол.

«Завещание потомкам» қойылымы – тарихқа тағзым ғана емес, бүгінгі ұрпаққа жасалған үндеу. Қойылым көрерменді өткенге үңілдіріп, болашақ алдындағы жауап-кершілікті сезіндіреді. Толық зал мен ұзақ қол шапалақ қойылымның өз көрерменін тапқанын айқын көрсетті.

Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген — Есенжол ИСАБЕК.