Облыстық Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде облыстық Суретшілер одағының педагог-суретшілері мен жас қылқалам шеберлерінің қатысуымен Павлодарда дәстүрлі облыстық «Жұлдызды палитра» есептік көрмесі ашылды. Көрмеде кескіндеме, графика және қолданбалы өнер туындыларын біріктіре отырып, павлодарлық авторлардың ізденіс кеңістігінің көпқырлылығын тамашалай аласыз.
Дәстүрлі түрде өтетін «Жұлдызды палитра» атты есептік көрмесіне 70-ке жуық кескіндеме мен графика жұмысы, сондай-ақ 30 қолданбалы өнер туындысы қойылды. Балшық, металл, тас, эмаль және перламутрдан жасалған бұл жұмыстар өңірдің көркемдік бағыттардағы жаңа тенденцияларын айқындайды. Облыстық Суретшілер одағының мүшелері үшін көрме –
жылдық есеп беру мүмкіндігі болса, педагог-суретшілер мен жас авторлар үшін өз қолтаңбасын таныстыратын маңызды алаң.
Экспозицияда Өсербай Шоранов, Ақертіс Солтанбаев, Галина Беспалова, Нұрлан Дәуренбеков, Евгений Фридлин, Рыспек Стыбаев, Сейсен Тіленбаев, Алтын Кисамиденова және Сәуле Әбішева сынды танымал авторлардың пейзаждары мен портреттері ұсынылды. Сонымен қатар, Виктор Поликарпов пен Евгений Шалагиннің авторлық графикасы, Ольга Ловина мен Галина Беспалованың акварельдік жұмыстары, Андрей Оразбаевтың өзіндік техникадағы абстракциялары көрермен қызығушылығын оятты.
Татьяна Чевтаеваның «Балалық» әлемін нәзік өрнектейтін батик топтамасы, Наталья Решетованың жұмыстары мен Павлодар балалар көркемдік мектебінің ЮНЕСКО клубы педагогтерінің композициялары да экспозиция мазмұнын байытты. Атап айтқанда, Лариса Кунецова, Анна Аткина, Шамиль Шушаев, Айдана Мерғалиева, Елена Юминова, Дамир Смыков және Елена Каркавина өздерінің лирикалық әрі декоративті еңбектерін ұсынды.
Тарихи және портреттік бағыттағы шығармалар Жасыбай Қабылдинов пен Тұрар Төлепов еңбектерінде көрініс тапса, жас суретші, Франция елінің Париж қаласында білім алып жатқан Аннабель Нойфельд түстер динамикасына жаңа көзқарас
әкелді.
Қолданбалы өнер бөлімінде Алексей Балиннің эмаль мен смальта қолданылған паннолары, Ольга Ловинаның металл-тас-эмаль техникасындағы зергерлік әшекейлері, сондай-ақ «Тиффани» витраждары ерекше назар аудартты.
«Жұлдызды палитра» көрмесінің басты мақсаты – өңірдегі кәсіби көркемдік қауымдастықты нығайту, шығармашылық ортаның дамуын қолдау және жас таланттардың өнерге қадам басуына жол ашу.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.
