Өндірістік жобалар қолға алынбақ

Жел 25, 2025

Май ауданы Көктөбе ауылындағы екі жылдық жоба аясында іске асырылған жаңа бассейн құрылысы толығымен аяқталды. Құрылыс барысында барлық негізгі жұмыстар орындалды. Атап айтқанда, ғимаратты және ішкі желілерді жөндеу, асфальттау, сыртқы жарықтандыру, аула мен қасбеттің абаттандырылуы жүргізілді. Қазіргі уақытта тек тазалау, жиһаз орнату жұмыстары қалды.

Аудан әкімі Қадылжан Сәтиевтің сөзінше, бассейннің құрылыс жұмыстары 99 пайызға аяқталған. Дегенмен, спорттық нысан келесі жылы, қызметкерлер штатқа қабылданғаннан кейін пайдалануға беріледі.

— Жаңа спорт нысаны балалар мен жастарға арналған түрлі бағдарлама мен үйірмелерді іске қосуға мүмкіндік береді. Бассейнде стандартты 25 метрлік төрт жолақ бар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы көтергіштер қарастырылған, — деді аудан басшысы.

Май ауданы ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығы мен егіншілікке бейімделген өңір болып есептеледі. Соңғы жылдары суармалы егіншілік қарқынды дамып келеді. Алайда аудан экономикасының тұрақты өсуі үшін қосымша тірек қажет. Осыған байланысты жер қойнауын игеру бағытына ерекше көңіл бөлініп отыр.

Биыл «Druzhba Mining» компаниясымен бірлесіп ауқымды жұмыс жүргізілген. Компания ауданда «Титан-цирконий концентратын өндіру» зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба құны 27 миллиард теңгені құрайды.

—  Аталмаш зауыт арқылы 200 жұмыс орны ашылады. Осы жылы жер телімдерін рәсімдеу, барлау және өндіру мәселелері кезең-кезеңімен шешілді. Келесі жылдан бастап компания өндіру жұмыстарына кірісіп, бастапқы өндірістік қуатқа шығуды жоспарлап отыр. Кейін байыту фабрикалары орнатылып, толық өндірістік цикл іске қосылады, – деді Қ.Сәтиев.

Екінші ауқымды жоба бойынша «Демеу Көк-Тас» компаниясы мыс кендерін үйінділі шаймалау кәсіпорнын салуды жоспарлап отыр. Жоба құны — 8,2 миллиард теңге. Жаңа кәсіпорын ауданда 273 қосымша жұмыс орнын ашады.

Жер қойнауын игерумен қатар, Май ауданында суармалы егіншілік бағытындағы жобалар да белсенді жүзеге асырылуда. «Bai Agro» компаниясы жалпы көлемі 1 500 гектарды құрайтын суармалы алқаптарды игеруді қолға алған. Қазіргі таңда жаңбырлатып суару қондырғылары жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, ауданда консерві цехын кеңейту жобасы басталды. Қолданыстағы өндірістің қуаттылығы арттырылып, құрылыс жұмыстары қолға алынған. Айта кетейік, жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында тұрақты бес жұмыс орны пайда болады.

– Оған қоса, «FishFarm» шаруа қожалығы балық өңдеу цехын салуды жоспарлап отыр. Жобаның инвестиция көлемі шамамен 492 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын көлдерден табиғи ресурстық жолмен ауланған балықты өңдеп, мұздату, консервілеу және дайын өнім ретінде сатумен айналыспақ. Бұл кәсіпорын ауданға қосымша 15 жаңа жұмыс орнын ашады, – деді Қадылжан Сатиев.

Тау-кен саласында жоғары білікті мамандардың бір бөлігі сырттан тартылғанымен, жұмысшылардың басым бөлігін жергілікті тұрғындар есебінен қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта аудан басшылығы колледждер мен жоғары оқу орындарымен «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша кадр даярлау мәселесін пысықтап жатыр.

Айта кетейік, биыл облыс әкімінің қолдауымен Бозша, Жаңатілек және Ақсарай ауылдарына апаратын кіреберіс жолдар асфальтталды. Сонымен қатар, Жұмыскер ауы-лындағы елді мекен ішіндегі жолдар жөндеуден өтті. Жалпы, Май ауданында тұрғындардың 98 пайыздан астамы көшедегі жарықтандырумен қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ, Баскөл ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ескі жарық бағаналары ауыстырылып, жаңа жарық желілері тартылды. Қазіргі таңда ауылдың негізгі көшелері мен әлеуметтік нысандары толық жарықтандырылған. Одан бөлек, салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген мәдениет үйі мен лицей-мектеп жөндеуден өтті.

Айдана БОРАНБАЕВА.