Биыл Павлодар ауданында ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімділік көлемі 80,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 42 832,9 млн теңге, мал шаруашылығы
37 662,3 млн теңге болды.
Бұл туралы аудан әкімі Дидар Ибраев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистерге айтып берді.
— Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 118 мың гектарды құрады. Өткен жылы 110 415 гектар болған. Оның ішінде 95,1 мың гектар жерден өнім алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде майлы дақылдардың егіс көлемі 6,9 мың гектарға ұлғайтылды. Оның ішінде күнбағыс алқабы 29,9 мың гектардан 36,8 мың гектарға дейін көбейтілді. Сондай-ақ, картоп егетін жер көлемі 4,7 мың гектардан 6,5 мың гектарға дейін кеңейтілді, — деді Дидар Елубекұлы.
Аудан әкімі аймақтағы инвестициялық жобалар туралы да біраз мәлімет берді. Айтуынша, ағымдағы жылы Кемеңгер ауылында жалпы сомасы 7 млрд теңгеден асатын 2 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл нысандарда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Оның бірі – «Jielong Holdings (Kazakhstan)» ЖШС күнбағыс майын өңдеу зауыты, екіншісі — «Kemenger May» ЖШС майлы дақылдарды қайта өңдеу және тазартылмаған күнбағыс майын өндіру зауытының құрылысы. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Мичурин ауылдық округінде «Асхат» шаруа қожалығының базасында 10 мың тонна өнімді сақтауға арналған көкөніс қоймасы құрылды. Ал «Agrozher 2017» ЖШС 3 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасын іске қосудың бірінші кезеңі аяқталды.
— Келесі жылы тағы 15 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтау қоймаларының құрылысы жоспарлануда. Көктемде «Андас Агро» ЖШС-нің 1 480 басқа арналған жаңа тауарлы сүт фермасының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда жоба агро-өнеркәсіптік кешенді кредиттеу бағдарламасы аясында 1 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылды. Сонымен қатар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Қараша айының соңында Еуропадан 165 бас гольштейн-фриз тұқымды ірі-қара малдың алғашқы партиясы әкелінді. Одан кейін де 330 бас келетін болады. Бұл тауарлы сүт фермасы тәулігіне 45 тонна сүт өндіреді, — деді аудан басшысы.
Биыл облыс әкімі А.Байхановтың тапсырмасы бойынша Бірлік ауылында 120 орынды заманауи мектеп салынды, оның ішінде 40 орын шағын орталық тәрбиеленушілеріне арналған. Жазда Мичурин және Розовка жалпы орта мектептері күрделі жөндеуден өткенін атап өтті. Сондай-ақ, Заря, Ново-ямышев, Ефремовка және Розовка мектептерінде жаңа модульдік қазандықтар орнатылды. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 693,2 миллион теңге бөлініпті.
Тілеуберді САХАБА.
