Жол неге жөнделмеді?

Жел 25, 2025

Жылан жылы Аққулы ауданы үшін табысты кезең болды. Ауданда макроэкономикалық көрсеткіштер өскен. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі, бөлшек сауда айналымы, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі артқан.

Аққулы ауылының әкімі Руслан Мұқанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтқандай, 11 айдың қорытындысы бойынша ауданда атқарылған жұмыстардың ішінде инвестициялар көлемі 7819,9 миллион теңгені құрап, ал пайдаланылуға берілген тұрғын үйлер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 147,5 пайызға өскен. Аудан округіндегі құрылыс жұмыстары көлемі 9093,7 миллион теңгені құраған. Жалпы бюджеттің көлемі — 4 миллиард 789,9 миллион теңге.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Тілектес ауылында 90 орындық жаңа мектеп бой көтерген. Құрылыс жұмыстарына 1 млрд қаржы жұмсалды. Ал Шарбақты орта мектебіне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 383 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізген. Басқа 21 оқу орнына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Тұрғындардың қатынауына жайлы жағдай жасау мақсатында 15 шақырымдық аудандық маңызы бар жол – Аққу – Қазы – Майқарағай аралығындағы автожолы ретке келтірілген. Жоспар бойынша 1 млрд 67 млн теңге көлемінде жалпы ауданда 20 шақырымнан астам тас жол жөндеуден өткен. Бірақ 31,7-і шақырым жолдағы жұмыстар аяқталмаған. Бұл мер-дігерлердің жауапсыздығынан орын алғаны анықталған.

— Ауданда барлығы 34 қазандық жұмыс істейді. Олар толықтай көмірмен қамтамасыз етілген. Яғни, 31 146 тонна отын дайындалған. Бұған қоса, тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде тұрған 128 адам тіркелген. Тұрғындарды қоныстандыру Шарбақты және Аққулы ауылдарында жүргізіліп жатыр. Өңірде халықты таза ауыз- сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты. Бұл тұрғыда облыстық қолдаудың арқасында жоба толық аяқталған. Ауданымыздың әл-ауқатын артыру мақсатында «Шарбақты – 2» қосалқы станциясында қүрделі жөндеу жұмыстары өткізілді.  Аққулы, Майқарағай, Малыбай, Қазантай, Баймолдин және Жамбыл ауылдарындағы 7 қосалқы станцияны қалпына келтірдік. Байланыс саласына келетін болсақ, ауданның 22 елді мекені ұялы байланыспен қамтылған. Олар «Зебра» және «Қазақтелеком» компаниялары арқылы жұмыс істейді. Жылдық жоспарды барлық сала бойынша барынша орындадық, — деді аудан әкімі.

Аймақтың өркендеуіне септігін тигізетін бағыттың бірі — аграрлық сала. Осы мақсатта кәсіпкерлерді қолдау үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 10 несие беріліп, жалпы сомасы 150 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаражат мал сатып алу мен қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ сауда және қызмет көрсету нысандарын ашу үшін қаражатты толықтыруға жоспарлануда.

Сара АВДОЛ.