Өңірдегі өзекті мәселелер ескерусіз қалмайды

Жел 25, 2025

Облыс әкімі Асайын Байханов жылдағы дәстүр бойынша ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап беріп, жылды қорытындылады. Өңірде атқарылған істерге тоқталып, алдағы уақытқа белгіленген жоба-жоспарлармен де бөлісті. Бұл ретте аймақтағы өзекті мәселелерге ерекше мән берді.

Өңірде өсім бар

Алдымен аймақ басшысы биылғы басты көрсеткіштерге тоқталды. Биыл өңірге тартылған инвестиция көлемі былтырғыға қарағанда 1,5 есе өсіп, 1 трлн теңгеден асты. Аталмыш көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада екінші орында тұр. Тартылған қаражаттың 80 пайыздан астамы — жеке сектордың инвестициялары. Бұл өңірге деген сенімнің жоғары әрі инвестициялық ахуалдың тартымды екенін айқын көрсетеді.

Инвестиция демекші, облыс басшылығы өңірге жоғары жалақы төлейтін инвесторларды тартуға ден қойып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, облыс тұрғындарының орташа жалақысы — 405 мың теңге. Ал Екібастұзда іске қосылған өндіріс орындарындағы еңбекақы шамамен 600 мың теңгені құрайды. Жергілікті билік жұртшылықтың жағдайын жақсарту үшін осындай қомақты айлық төлеуге қауқарлы инвесторлармен еңбек етуге бейілді.

— Қазір өңірде жалпы құны 7,3 триллион теңгені құрайтын 102 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бұл ретте біз өнеркәсіптің қарқынды дамуы экологияға белгілі бір әсер ететінін жақсы түсінеміз. Сондықтан өңірдің индустриялық өсуін сақтай отырып, ластаушы заттарды азайтуға басымдық беріп отырмыз. Осы мақсатқа ірі кәсіпорындарда кешенді шешімдер енгізіп, ал жаңа салынып жатқан немесе құрылысын бастамақ зауыттарда заманауи әрі экологияға зияны аз технологияларды қолдануды талап етеміз, — деп атап өтті облыс әкімі.

Айталық, соңғы бір айда Екібас-тұзда ашылған екі жаңа ферроқорытпа зауытында 99,8 пайыз зиянды заттарды ұстай алатын заманауи гибридті сүзгілер орнатылды. Сол сияқты ERG тобының төрт ірі кәсіпорнында 178 млрд теңге көлемінде кешенді экологиялық шаралар енгізілуде. Бұл аталған қалдықтарды 50 мың тоннаға, яғни 57 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. 2026–2031 жылдары осындай шаралар Павлодар мұнай-химия зауыты, жылу-энергетика орталықтары және Екібастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2 станцияларында да енгізілмек.

Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеу бар. Соңғы 10 жылда өңірдің экономикасы біртіндеп әртараптануда. Павлодар бұрын тек өнеркәсіптік-шикізат өңдейтін аймақ болса, қазір өңдеу өнеркәсібі дамып, ауыл шаруашылығы өркен жайып келеді. Соның бір айғағы – аймақ ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар бойынша елде көш бастап тұр. Биыл бұл бағытқа 187 млрд теңге қаржы құйылды.

— Егіс маусымы оңай болмағанына қарамастан, рекордтық көлемдегі өнім алдық. Шаруалар шамамен 1,1 миллион тонна астық жинады. Картоптың да рекордтық көлемі 1 миллион тоннадан асты. Оның бар-жоғы 80 мың тоннасын өзіміз пайдаланамыз. Қалғаны өзге өңірлерге жеткізіліп, шетелдерге экспортталады, — деді А.Байханов.

Облыс әкімі журналистер сауалына жауап беру барысында келесі жылы Баянауыл ауданында бордақылау алаңы өз жұмысын бастайтынын айтты. Соның нәтижесінде ауданда ет өңдеу орны ашылады. Бүгінде өңірдегі жылқы, ірі қара, қойдың 25 пайызы Баянауыл ауданына тиесілі. Мұндағы тұрғындар бұрыннан мал шаруашылығын дамытып келеді. Салыстырмалы түрде қарасақ, 1980-інші жылдары ауданда 50 мыңға жуық жылқы болса, қазір 200 мыңнан асады. Бұл ет өңдеу өнеркәсібін ашуға серпін беріп отыр.

— Баянауылдағы Лекер ауылында қара мал мен қойды бордақылау алаңының құрылысы аяқталды. Мұнда мал сою пункті де болады. Жоспар бойынша, келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында айналым қаражатын алып, іске кірісуі керек. Бордақылауға бірнеше ай қажет екенін ескерсек, күзде өңделген өнім аламыз деген ой бар, — деп атап өтті аймақ басшысы.

100 пайыз таза сумен қамтылады

Аймақ басшысы брифинг барысында өңірдің инфрақұрылымдық мәселесіне тоқталды. Айтуынша, биылғы жылыту маусымына дайындық аясында 26,2 млрд теңгеге 37 шақырымнан астам жылу желілерін салу, қайта құру және жөндеу жұмыстары атқарылды. Павлодар және Екібастұз қалаларында жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын ЖМ-20А, ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистральдері толық жаңартылды. Бұл жұмыстар апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беріп, 30 мыңнан астам тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етті.

Сол сияқты су және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Осы бағытта 12,1 млрд теңгеге 25 ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар 196 шақырым, жергілікті маңыздағы 445 шақырым жол жөнделді. Оның ішінде аудандық және облыстық деңгейдегі 245 шақырым, елді мекендер ішіндегі 202 шақырым жол ретке келтірілді.

— Жыл соңына дейін қалалық және ауылдық елді мекендердің тұрғындары сапалы ауызсумен толық қамтылатын болады. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауылдарға кіреберіс жолдың барлығына асфальт төсеу жоспарда бар, — деді А.Байханов.

Брифингке қатысқан БАҚ өкілдерінің басым бөлігін облыс орталығындағы әуежайдың мәселесі қызықтырды. «Жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады?», «Әуежай іске қосылған соң қандай бағыттар қосылады?» сынды сауалдар көп қойылды. Әкім олардың барлығына нақты жауап қайырды.

— Авиациялық қатынасты дамыту мақсатында өткен жылы Павлодар әуежайының ұшып-қону жолағын қайта құру басталды. Алғашқы дайындық жұмыстары 2024 жылғы қыркүйекте қолға алынса, 2025 жылғы сәуірден бастап әуежай күрделі техникалық жұмыстарға байланысты жабылды. Қайту құруды толық аяқтау 2026 жылғы шілде-тамыз айларына жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқару үшін мердігер «Kurylys Group RK» компаниясына 16,4 млрд теңге қарастырылды. Әуежай өз жұмысын бастаған соң Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент қалалары мен Ресейдің бірнеше облысы арасында әуе байланысын орнатудың жолдарын қарастырып жатырмыз, — деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, Астана-Алматы бағытында біздің өңірден өтетін пойыздарға қосымша вагондар жалғау, Павлодар – Астана арнайы пойызын жолға шығару, Павлодар – Екібастұз – Астана бағытында автобустар қатынасын жаңғырту қарастырылуда.

Жалпы, соңғы екі жылда 268 жаңа автобус паркке қосылып, бүгінгі таңда облыстың үш қаласындағы қоғамдық көліктің 90 пайызы — заманауи, кең әрі ыңғайлы автобустар. Жыл соңына дейін тағы 279 жаңа автобус жеткізіледі. Сол сияқты трамвай вагондарын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.

Ауыл менен қала

Павлодар облысы Ресейдің бірқатар өңірімен шекаралас облыс болғандықтан, журналистер қауымы аймақтағы көші-қон мәселесіне баса назар аударып, сауалдарын ортаға салды. Асайын Байханов атап өткендей, көрші мемлекетпен шекараласатын 5 ауданда барлығы 53 елді мекен бар. Олардың қатарында қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдар да, тұрғындар саны азайып бара жатқан елді мекендер де бар.

— Соңғы 3-4 жыл аралығында өңірімізге 5,5 мың қоныс аударушы мен 1,5 мың қандас келді. Бұл ретте жұмыс күші көп өңірлерден келген азаматтар да, атамекенге оралған тұрғындар да тұрақты жұмыспен қамтылып, балалары бақша мен мектепге орналастырылып жатыр. Атап өтерлігі, көшіп келушілерді көбінесе Ресеймен шекаралас аудандарға жайғастырып жатырмыз. Мәселен, Успен ауданында 12 мың адам тұрады. Кейінгі уақытта мұнда 3 мың қандас пен қоныс аударушы келіп, жергілікті тұрғындар қатарына қосылды, — деді облыс әкімі.

Соңғы уақытта аймақтан 32 мың адам көшіп кетсе, 24,5 мың адам облыс тұрғындарының сапын толықтырды. Облыстан көшкендердің дені Ресей Федерациясына қоныс аударды. Көрші елге білім алуға кеткен жастардың 20-30 пайызы сол жақта тұрақтап қалып жатыр. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыс тұрғындарының 53 пайызын қазақтар құрайды. Қалған 47 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Жалпы, өңірде 90-ға жуық ұлт өкілі тұрады. Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 27 этномәдени бірлестік бар.

— Біздің облыстағы 352 ауылда 222 мың, ал үш қалада 540 мың адам тұрады. Олардың ішінде Атамекен, Шідерті, Солнечный, Майқайың кенттері, Кенжекөл, Жетекші ауылдары сынды 15 ірі елді мекенде есеп алмасақ, ауылдарда орташа есеппен 300 тұрғын бар. Барлығы толығымен таза сумен, 2G, 3G интернет-желісімен қамтылды. Алдағы уақытта да әлеуеті жоғары ауылдарды көркейтуге барымызды салатын боламыз, — деп түйіндеді аймақ басшысы.

Қалалықтарға да жайлы жағ-дайлар жасалуда. Айталық, Лермонтов көшесін жаңғырту үшін 6,5 млрд теңге қарастырылып, бұл сомаға 2,5 шақырым асфальт жол жаңартылды. Оған қоса, 5,7 шақырым велосипед жолы қарастырылып,
6,5 мың шаршы метр аумаққа гүлзарлар, 255 терек пен 21 мыңнан астам көшет салынады.

Біздің басылым көптен бері көтеріп жүрген көкейтесті мәселелердің бірі – Затон шағын ауданындағы ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа шағын аудан бой көтермек. Облыс орталығындағы бұл шағын ауданда 1950-60 жылдары ағаштан салынған екіқабатты ескі үйлер көп. Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік апаттық жағдайда. Мұнда орталықтандырылған кәріз жүйесі де жоқ. Сондықтан көпшілікке жайлы жағдай жасау мақсатында жеке инвестор ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын салуды қолға алған еді. Алдымен Генерал Дүйсенов, 304 және 306 баспаналары бұзылды. Ал мұндағы 37 отбасы жалдамалы пәтерге көшті. Олардың пәтерді жалдау ақысын құрылысты қолға алған инвестор төлейді. Асайын Байханов брифинг барысында атап өткендей, бұл 37 отбасының 15-і жыл соңына дейін қолданысқа тапсырылатын жаңа үйге қоныс аударады. Ал өзге отбасылар басқа үйлердің құрылысы аяқталғанын күтуге ниетті.

— Затон шағын ауданында Достық шағын ауданы сияқты көп көпқабатты үйлер салуға мүмкіндік жоқ. Оған инженерлік-коммуникациялық желілердің қуаттылығы жетпейді. Сондықтан мұнда көпқабатты 9 үй салу жоспарланды. Оның жетеуі тоғыз қабатты болады, — деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, осыдан алты жыл бұрын құрылысы басталған аквапарктағы жұмыстар қайта жанданды. Бұған дейін көпшілік жиналатын орынға жететін жолдың, автомобиль тұрағының болмауына байланысты құрылыс жұмыстары тұралап қалған еді. Облыс басшылығының араласуымен жол қарастырылып, облыста алғаш рет бірнеше қабатты тұрақ салынуда. Жоспар бойынша, спорттық әрі сауықтық орталық келесі жылдың тамызында ашылады. Ал 2027 жылы жергілікті билік қалалық саябақты жаңғыртуға кіріседі.

Үш сағаттан аса уақытқа жалғасқан брифинг барысында аймақ басшысына 100-ге жуық сауал жолданды. Асайын Байханов оларға бірден нақты жауап беріп, өңірге қатысты өзекті мәселелердің ескерусіз қалмайтынын білдірді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.