Бүгінде аймағымызда Ұлы Отан соғысының бес ардагері тұрады. Жеңіс күні қарсаңында олардың әрқайсысына сый-құрмет көрсетіліп, арнайы құттықтаулар жолданды. Облыс әкімі Асайын Байханов әр майдангерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке құттықтауын табыстап, бейбіт өмір мен жеңімпаз ұрпақтың ерлігі үшін шынайы алғысын білдірді.
Аймақ басшысы Ертіс ауданындағы жалғыз соғыс ардагері, зенитші Анна Носованы құттықтады. Биыл қараша айында ардагер 103 жасқа толады. Асайын Байханов ардагерге мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Облыс әкімі елдің ерлік тарихының бір бөлігіне айналған павлодарлық майдангерлерге де ерекше құрмет көрсетті. Маусым айында 100 жасқа толатын Сергей Выжутович екінші Беларусь майданындағы ұрыстарға қатысқан. Жеңістен кейін ұзақ жыл бойы «Октябрь» зауытында токарь әрі шебер-прораб болып еңбек етті.
Жүз жылдық мерейтойын Василий Григораш та атап өтті. Майдангер Забайкалье әскери округінің 293-дивизиясында бөлімше командирі болған. Соғыстан кейінгі өмірін Павлодар локомотив депосындағы еңбекпен байланыстырып, өз ісіне адал жан ретінде үлгі көрсетті.
7 мамыр күні 99 жасқа толған Николай Ступка да жылы лебіздер қабылдады. Соғыс жылдары Қиыр Шығыста қызмет еткен ол бейбіт кезеңде көп уақыт «Промстрой» мекемесінде шебер болып жұмыс істеді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Сычевка ауылында тұратын, қаңтар айында 100 жасқа толған Мария Матюшинамен кездесті. Соғыс жылдары ол қорғаныс бекіністерін салу жұмыстарына қатысып, жанқиярлық еңбегімен жеңісті жақындатуға зор үлес қосты.
Асайын Байханов кездесулер барысында ардагерлердің денсаулық жағдайы, тұрмыстық мәселелері мен қажеттіліктері туралы сұрады.
— Біз үшін еліміздің тарихына айналған жандармен жүздесудің өзі — зор мәртебе. Ардагерлермен әрбір кездесу — рухтың мық-тылығы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісі. Олар бізге аманат еткен бейбітшілік пен келісімді сақтау — бүгінгі ұрпақтың ардагерлер алдындағы қасиетті борышы, — деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.

