Әр адам ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алатын шақта өткенге көз тігіп, електен өткізіп, жылды қорытындылайтыны бар. Сол сияқты біз де биыл еңбегімен ерекшеленген, кәсібімен көзге түскен сала өкілдерінің қатарынан үздіктерді анықтауды жөн көрдік. Олай болса, топжарғандармен таныс
болыңыздар.
Жыл полицейі
Облыста қоғамдық тәртіпті қадағалап, құқықбұзушылықтың алдын алып, қылмыс жасаған адамдарды тезге салатын полиция қызметкерлері баршылық. Олардың қатарынан тереңкөлдік учаскелік инспектор Қуаныш Жаябаевты бөле-жара атап өтуге болады.
Осыдан екі жыл бұрын жанып жатқан үйден жасөспірімді құтқарған ол биыл да аймағымыздағы үздік учаскелік инспектор атанды. Республикалық сында да мықтылар сапынан көрінді.
Қуаныш Ерболатұлы – Тереңкөл ауданы Томарлы ауылдық округінің учаскелік инспекторы. Ішкі істер қызметі сала-
сында тура 10 жыл еңбек етіп келеді. Осыдан 8 жыл бұрын Томарлы ауылдық окру-
гінің тәртібін қадағалау тапсырылып, сол уақыттан бері бұл міндетті ойдағыдай атқаруда. 2023 жылдың мамыр айында қызыл жалын шарпыған баспанаға батылдықпен кіріп, тілсіз жаудың ортасында қалып қойған жасөспірімді құтқарған еді. Бұл қайсарлығы жоғары бағаланып, Ішкі істер министрі Ерлан Сәденовтің қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды.
Ал биыл облыстық деңгейде өткен «Ауылдық жердегі үздік учаскелік инспектор» байқауында топ жарып, республикалық сайысқа жолдама алды. Бұл сында да аймақ намысын абыроймен қорғады. Тараз қаласында өткен жарыста дене дайындығы, ату мәнері, заңды білуі бойынша сынақтардан сүрінбей, үздік үштіктің қатарынан көрінді.
— Учаскелік инспекторлар – құқық бұзушылықтың алдын алудағы маңызды мамандар. Қауіпсіздікті қорғап, заңсыздықтың жолын кесіп, азаматтарға көмек қолын созуға әрдайым дайынбыз, — дейді полиция майоры.
Қуаныш Жаябаев қызмет ететін Томарлы ауылдық округінде мыңға жуық адам тұрады. Соңғы жылдары мұнда қылмыс айтарлықтай азайып келеді. Былтыр үш құқықбұзушылық тіркелсе, биыл бір ұрлық фактісі анықталды. Бұл ретте Қуаныш Ерболатұлының мықты қағидасын атап өткен жөн. Ережені елемей, заңды белшесінен басқан жандарды «аямайды». Айталық, заңсыз алкоголь өнімдерін сатқан көлеңкелі бизнесті тыйып, кәсіпкерге қомақты айыппұл салған соң өзгелері де мұндай қадамға барудан бас тартты. Яғни, майордың әрекеттері көпшілікке, сабақ болып отыр. Оған қоса, тұрғындарға интернет алаяқтық туралы үнемі түсіндіріп, аулаларды аралап, кездесулер өткізеді.
Учаскелік инспектор жары Махаббатпен бірге үш баланы өсіріп, тәрбиелеп отыр. Өзінің жұмысын жоғары жауапкершілікпен атқарады. Мансаптық жолда түрлі ұсыныс түскенімен, әзірше еңбек етіп жатқан елді мекеннен кеткісі жоқ.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Жыл жұмысшысы
Мәди Сәрсембаев — Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылындағы «Агата» шаруа қожалығының агрономы. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүргеніне бар болғаны 5 жыл болса да, мамандығы бойынша талай белесті бағындырған нағыз еңбек адамы.
Ол қожалықта картоп пен сәбіздің сапалы әрі өнімді өсуін қадағалайды. Шаруашылық — көкөніс өсіруде неміс технологиясын қолданып отырғанын алғашқы қожалық.
Мәди Серікпайұлы Торайғыров университетін «Агрономия» мамандығы бойынша тәмамдаған. Неміс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. ол 2016 жылы 3 ай көлемінде Германия елінде тағылымдамадан өтті. Соның барысында топырақты өңдеу және суару технологиясы, себу, тыңайтқыш енгізуге арналған жабдықтар, көкөніс және дәнді дақылдарды жинау сынды маңызды бағыттарды тәжірибе жүзінде меңгерді. — Ауылда туып-өскендіктен бола-
шағымды да ауылмен байланыс-тырғым келді. Сондықтан агроном мамандығына жүрек қалауымен келдім. Шаруашылықта ерте көктемнен алтын күзге дейін картоп пен сәбіздің бітік шығуына жағдай жасап, егістік алқабында жүремін. Қазір қыс мезгілінде зертханада картопты көбейту ісімен айналысамын. Бұл ретте неміс технологиясы – клондау әдісі қолданылады. «Агата» шаруашылығы заманауи технологияны енгізген алғашқы қожалық, — дейді М.Сәрсембаев.
Жас агрономның ауыл шаруа-шылығы саласында бағындырған жетістігі көп. Ол облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары –
2024» сыйлығының лауреаты, биыл облыстық «Еңбек батыры» бай-
қауында «Еңбек өнертапқышы» аталымында жеңімпаз атанған. Сонымен қатар, «Kasip Zhuldyzy 2025» облыстық байқауында «Ауыл шаруа-шылығы және қайта өңдеу» бағытының жеңімпазы. «Өркен» премиясында ел болашағына қосқан үлесі үшін «Жас Кеңес» номина-циясында арнайы сертификатпен марапатталған.
Атап өтерлігі, Мәдидің жұбайы да — агроном. Екеуі 3 баланы тәрбиелеп отырған жас отбасы. Қоғамдық шараларға да белсенді қатысады.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
Жыл тәрбиешісі
Оңы мен солын танып білмейтін кішкентай балалармен жұмыс істеу кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Осындай қиыны мен қызығы көп салада ерінбей еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Айтмағамбетова Гүлмира Қылышбайқызы.
Ол – үлгілі тәрбиеші ғана емес, аз уақыттың ішінде өз кәсібінің жұлдызы атанған білікті маман, ұлағатты ұстаз.
Биыл бірқатар жетістікке қол жеткізген Гүлмира Қылышбайқызы өзі түлеп ұшқан Ертіс ауданының Қызылжар ауылындағы оқу ордасында мектепке дейінгі білім беру маманы ретінде жұмыс істеуде. Яғни, дәл қазір мектепалды сыныптың бүлдіршіндеріне тәлім-тәрбие беріп, оқушылық өмірге дайындауда.
– Мен бұл мектепте 9-сыныпқа дейін білім алып, кейін Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжіне оқуға түстім. Диплом алып, өзім оқыған мектепке жұмысқа орналастым. Осында тәрбиеші болып еңбек етіп жүріп, өткен жылы өз салам бойынша жоғары оқу орнын тәмамдадым. Ал биыл қайтадан университетке түсіп, бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығы бойынша оқып жатқан жайым бар. Бастысы, маған балғындармен жұмыс істеген ұнайды, – дейді.
Жас буынға саналы тәрбие, сапалы білім беруді мақсат еткен Гүлмира Қылышбайқызының жұмысқа кіргеннен кейінгі бірнеше жылдың ішінде жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтқанда, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Жауқазын» облыстық олимпиадасы, «Бүлдіршін» фестивалі, басқа да білім додаларына дайындаған балалары олжалы оралып, аудан абыройын асқақтатуда. Соңғы үш-төрт жылдың ішінде жүлделі орындарға ие болған шәкірттерінің қатарында Қазалы Нұрымбет, Руслан Кәусәр, Айсана Исаханова, Нұрайым Темірбек, Айым Жүнісова және өзге де балалар бар. Өзі де биыл «Кәсіп жұлдызы» байқауында топ жарып, өңірдегі үздік тәрбиеші атанды. Осылайша, өз ісімен өзгелерге өнеге көрсетіп жүр.
Нұржайна ШОДЫР.
Жыл дәрігері
Медицина саласының қызметкерлері тәулік бойы тынбай еңбек етіп, адам өмірін сақтап қалуға атсалысады.
Осындай еңбекқор қызметкерлердің бірі — облыстық балалар емха-насының реаниматолог-дәрігері Мерхат Әміренов.
Аққулы ауданының тумасы Мерхат Әміренов бала кезінен дәрігер болуды арман еткен. Кішкентайынан терапевт-дәрігер анасының жанында жүріп, емхананың тірлігін көріп өскен ол болашақ кәсібін еш күмәнсіз таңдады. Реаниматолог-дәрігер Павлодар облыстық балалар емханасында еңбек еткеніне сегіз жылдан асты. Еңбек жолы Семей қаласындағы медициналық академияда оқып жүрген кезінде реанимация санитары қызметінен басталған.
– Кәсібімнің ерекше ұнайтын тұстары – ауырған баланы қалпына келтіріп, реанимацияны сәтті өткізу. Балапанның үйіне аман-есен оралып, ата-анасымен қауышуы дәрігердің әрі қарай тынбай еңбек етуіне зор әсерін тигізеді, – дейді реаниматолог-дәрігер Мерхат Әміренов.
Биыл бір жыл аралығында инстаграм әлеуметтік желісінде 60-қа жуық жазылушы жинап, көпшіліктің құрметіне бөленген. Оның жеке парақшасында реани-матолог-дәрігердің күйбең тірлігі, анестезиологтің қызметі жайлы бейнежазба жария етіп, көрермендердің қызықтырған сұрақтарына жауап береді. Одан бөлек, сапасы жоғары рилстарды өз күшімен монтаждап, реттейді.
Ол жан-жарымен үш баланы дүниеге әкеліп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде. Заманға сай дәрігер реанимация саласында белді маман болуды көздеуде.
Салтанат ҒАББАС.
Жыл әкімі
Алтынай Қайырбекқызының әкімдік қызметте жүргеніне — 18 жыл. Қай ауылды басқарса да, ең алдымен тұрғындардың тілін табуға тырысады. Халыққа жақын болу арқылы ғана ісін алға бастыру мүмкін екенін жақсы біледі. Тәжірибелі әкімнің жылдар бойғы еңбегі биыл мемлекеттік деңгейде бағаланды. Жуырда Астана қаласында өткен ауыл әкімдерінің форумында «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісіне ие болды.
Сала ардагері атануы да бекер емес екен. Ол — 1990 жылдан бері Тереңкөл ауданында мемлекеттік қызметте. 17 жыл бас маман болып еңбек еткен ол 2007 жылы Байқоныс ауылына әкім болып тағайындалады. Одан кейін ауданда Коммунар (қазіргі Фрументьевка) ауылын басқарады. 2011 жылы Песчан ауылдық округіне әкімі атанады. Мұнда 9 жылын ауылды дамытуға арнайды. 2020 жылы Алтай ауылдық округіне әкім болып тағайындалады. 2024 жылы әкім сайлауында тұрғындар қайтадан Алтынай Қайырбекқызын таңдайды. Бұл да әкімге деген сенім, атқарып отырған жұмысына деген оң баға екені анық. Аталмыш округке Алтай және Фрументьевка екі елді мекен қарайды. Міне, осы ауылдарда бүгінде оң өзгеріс аз емес көрінеді. Фрументьевка ауылына 2020 жылы ұялы байланыстың барлық түрі тартылған. Осы жылы су тарту мұнарасы орнатылыпты. 2021 жылы ауылішілік жолдар асфальтталып, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Фельдшерлік-акушерлік пунктке, мектеп пен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілген. 2023 жылы Фрументьевка елді мекенінің кіреберіс жолы жаңарды. Алтай ауылына жолыңыз түссе, мұнда асфальтсыз көше таппайсыз. Көшелері толық жарықтандырылған. Қуантарлығы, ауылдық округте заңбұзушылық, төтенше жағдайлар соңғы жылдары тіпті тіркелмеген. Мұнда жұмыссыз жан жоқ көрінеді.
Осындай дамуы бар ауылдарға өзге өңірлерден ағылған ағайын да аз емес. Фрументьевка ауылында оңтүстіктен қоныс аударған он отбасы тұрады.
– Әкім болған соң халықтың мұң-мұқтажына құлақ асу, ауылы-мыздың қажеттілігін барынша қамтуға күш саламын. Жиі кездесіп, ортақ мәселемізді талқылап аламыз. Жылына екі рет есептік кездесу өткіземіз. Көктемде өріске шығатын төрт түліктің мәселесін ортаға салып, ақылдасып алатынымыз бар. Айналаны күл-қоқыстан тазарту жайын талқылаймыз. Жалпы, тәулік бойы байланыстамын. Екі ауылда жеке чат бар. Онда айтылған ауылдас-тарымның талап-тілегіне бірден жауап беріп, мән-жайды түсіндіріп отырамын. Ең маңыздысы – халықтың тілін табу, – дейді Алтынай Қайырбекқызы.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
«Жыл өнерпазы»
Павлодар өңірі – талантымен танылып жүрген жас өнерпаздарға бай өлке. Сондай талапты өнер иесінің бірі — Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның солисі Әлижан Қазбеков. Ол — дауыс мүмкіндігімен тыңдарманын бірден баурап алатын орындаушылық мәнерімен танылып жүрген жас әнші.
Әлижанның жеткен жетістіктері баршылық. Солардың бірі – жуырда Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында өткен «Орталық Азия Романсиадасы» атты төртінші халықаралық орыс романсы жас орындаушылары арасындағы байқау. Онда ол өнері мен еңбегінің арқасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды.
Халықаралық байқау барысында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген жүзден астам жас әнші өз дауысының мүмкіндігін, орындаушылық шеберлігін және сахна мәдениетін көрсетті. Осы мықтылардың арасынан павлодарлық жас өнерпаз ерекше дараланып, тыңдарманның да, қазылар алқасының да ыстық ықыласына бөленді. Оның романсты шынайы сезіммен орындауы көрермен жүрегіне жол тауып, жоғары бағаланды.
– Бұл жеңіс — мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Қатысушылардың әрқайсысы талантты болды. Алдағы уақытта да талай шыңды бағындырамын деген ойдамын, –
дейді жас әнші.
А.БОРАНБАЕВА.
Жыл спортшысы
Ағымдағы жыл біздің өңіріміздегі спорт саласы үшін де табысты болды. Жерлесіміз Роман Иванов пен Шерзод Хаширбаев фристаилдан әуеден секіруден Қазақ-станның алғашқы алтынын қоржынға салған болатын.
Осы спорт түрінен синхронды секіруден 97,92 ұпай жинап, күміс және қола медаль жеңіп алған. Бұл — Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы екінші алтын жүлдесі. Әйелдер командасы бұған дейін фристайл акробатикасынан қола медаль жеңіп алған болатын.
Спортшы Романның өзі бастапқыда жүлделі орын алғанына сене алмай қалған. Оның мақсаты тек қателікке бой алдырмай, жарыс жолын тәмамдау еді.
— Жарысқа қатысқанда ешқандай қорқыныш сезімі болған жоқ. Біздің басты мақсатымыз тек ел намысын қорғау болды. Секіру техникасын жақсы меңгергендіктен, жарыс барысында ол жағынан қиындық туындаған жоқ. Тек бір сәтке құлап кете жаздадым да, бойымды бірден жинап алдым. Шешуші сәтте канаттық жолда келе жатып, жаттығудағы тактиканы бір есімізге түсіріп алып, мәрені сәтті аяқтадық, — деп еске алды ол.
Мұндай тартысқа әрі толғанысқа толы сайыстың артында спортшылармен қатар бапкерлердің де ерен еңбегі жатқаны анық. Геннадий Намереков Романды аздаған жарақатына қарамастан, шыдамдылық білдіріп, мәреге жеткенін мақтан тұтады.
— Біз сальтоның қарапайым түрін таңдаған едік. Себебі, оны спортшылар алып шығатынына сенімді болдым. Негізгі басымдықты орындау тазалығына берген болатынбыз. Кейін екінші секірісті екеуі жақсы алып шықты, — дейді бапкер.
Осы жеңісі арқылы Роман Иванов өңіріміздің ғана емес, еліміздің намысын қорғады. Күншығыс елінің төрінде байрағымыздың көкке көтерілуіне себепкер болған Романды мақтан тұтамыз. Алдағы уақыттағы сайыстарда тек сәттілік тілейміз.
Айта кетейік, қазіргі таңда спортшы Алматыда кезекті жарысқа қызу дайындық үстінде екенін жеткізді. Жерлесімізді Италия мемлекетіндегі акробаттары арасындағы үздіктер қатарынан табылады деп сенеміз.
Сара АВДОЛ.
Жыл құтқарушысы
Жігер Рашид 1992 жылы 1 қыркүйекте Павлодар қаласы Май ауданы, Майтүбек ауылында дүниеге келген. 2013 жылдан бері құтқарушы қызметін атқарып келеді, ал 2019 жылдан бастап радиа-циялық-химиялық бөлімшенің басшысы.
Жігер Рашидтің айтуынша, бұл мамандыққа деген қызығушылық әскери қызметте жүрген кезде басталған.
— Бұл мамандықты жұмысқа орналаспай тұрып ТЖМ Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімшесінде сарбаз кезімде тандадым. 2011 жылы әскерге шақырылып жауынгерлік борышымды құтқарушы болып бастап, әскери қызметте «Қазқұтқару–2012» жарысына қатыстым.Сол кезден бастап құтқарушы боламын деп шештім, — деді Жігер Рашид.
Қызмет жолында Жігер Рашид талай жауапты операцияларға қатысқан. 2025 жылы өз-өзіне қол жұмсамақшы болған жасы үлкен апаны құтқарып, адам өмірін аман алып қалған.
— 112 пультіне Павлодар қаласы Торайғыров көшесінде орналасқан үйлердің бірінде үшінші қабаттың терезесінен секірмекші болған әйел туралы хабарлама келіп түсті. Шақыруға келген соң біз арнайы жабдықты пневмо–секіру құрылғысын жедел орналастырдық, осы уақытта басқа қызметкерлер төртінші қабатқа жедел көтерілді. Альпинистік жабдықтың көмегімен мен үшінші қабатқа түсіп, өлімнің алдын алдым. Әйел азамат құтқарылған соң дәрігерлерге тапсырылды, — деді Жігер Рашид.
Ал 2024 жылы Майқайың кен байыту комбинатында орын алған опырылу салдарынан автобуста қалған төрт адамды іздестіру жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін Жігер Рашид Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлының қолынан «Ерлігі үшін» мемлекеттік орденімен марапатталды.
Жігер Рашид – өз ісіне адал, адам өмірін сақтауды басты міндет санаған нағыз кәсіби құтқарушы.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
