Таяуда 2025-2026 оқу жылына арналған облыстық пән олимпиадасы аяқталды. Осыған орай Естай атындағы мәдениет сарайында білім сайысының салтанатты жабылуы өтті. Оған жүзден жүйрік атанған жеңімпаздар мен жүлдегерлер шақырылып, арнайы дипломдармен марапатталды.
Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, дарынды балаларды жетістіктерімен құттықтады.
– Облыстық олимпиада қатысушыларымен кездесу – үлкен қуаныш. Осы сәтте мен болашақ Қаныш, Әлкей, Жүсіпбек секілді тұлғалардың ізбасарларымен кездесіп тұрмын деп сенемін.
Тәуелсіз еліміздің болашағы – білімді ұрпақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру саласын дамытуға әрқашан көңіл бөліп, қамқорлық жасауда. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында бұл саладағы жетістіктеріміз аз емес. Дарынды балаларды анықтау және дамыту бойынша мемлекеттік қолдау мен нысаналы жұмыстардың нәтижесінде біздің оқушылар биік белестерді бағындыруда. Балалардың осындай табысқа жетуіне үлкен үлес қосқан педагогтар қауымына алғыс айтамын, – деді Айгүл Мәлікова. Сондай-ақ, ол павлодарлық оқушылар жыл сайын беделді халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындар алып, бәсекеге қабілетті екендіктерін әрдайым дәлелдеп жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, тек өткен жылы өңір шәкірттері халықаралық және республикалық олимпиадалар мен конкурстардан 332 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 87 алтын, 108 күміс және 137 қола медаль бар екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, облыстың зияткерлік құрамасы республикалық пән олимпиадаларының жаратылыстану-математиткалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттары бойынша «Ең үздік команда» атанған.
Осымен 64-інші рет ұйымдастырылып отырған облыстық олимпиадаға аймағымызға қарасты қалалар мен аудандардан, дарынды балаларға арналған мектептерден іріктеліп алынған 700-ден астам оқушы қатысып, білімдерін сынаған екен.
Салтанатты шара барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар табыс етілді. Бұдан бөлек, білімімен көзге түскен жас дарындарға Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің гранттары берілді. Бұл мүмкіндікке ие болғандардың қатарында дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының шәкірті Ажар Құсманова, ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатынан Рахат Амантай, Ы.Алтысарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатынан Қуаныш Құнанбаев, Павлодар қаласындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінен Зайни Нығметқызы, №17 жалпы орта білім беру мектебінен Виктор Осевич, А.Шамкенов атындағы лицей-мектебінен Софья Леонтьева және Ақтоғай ауданы Тіленшин мектебінің оқушысы Анар Жанғазинова бар.
Олимпиаданың жабылу кешінде жылдағы дәстүр бойынша арнайы белгіленген аталымдардың жеңімпаздары да анықталды. Атап айтқанда, «Ең жас қатысушы» атағын дарынды балаларға арналған №3 гимназияның 6-сынып оқушылары Тұрар Мұхарам, Әйгерім Сәлімова және Абай атындағы гимназияның 6-сынып оқушысы Іңкәр Баянбек алды. Сонымен қатар, облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша ауылдық мектептер арасында жоғары нәтиже көрсеткен Баянауыл ауданының құрамасы «Ең үздік аудандық команда» аталымына, Павлодар қаласының шәкірттері «Ең үздік қалалық команда» аталымына лайық деп танылды. Ал «Ең үздік олимпиадалық команда – 2026» аталымы бойынша І орынды дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі, ІІ орынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты, ІІІ орынды «Жас дарын» мамандандырылған лицей-мектебі алды.
Шара соңы ән-шашуға ұласты.
Тұрар МҰХАРАМ,
«Ең жас қатысушы» аталымының иегері:
– Мен 6-сынып оқысам да, 9-сыныптың бағдарламасы бойынша информатика пәнінен олимпиадаға қатыстым. Әрине, оңай деп айта алмаймын. Нәтижеге қол жеткізу үшін көп еңбектену, іздену, оқу
қажет екенін түсіндім. Сол үшін күн сайын дайындалдым. Бүгінде осы деңгейге жет-
кенім үшін ұстазыма алғыс айтамын. Мені 3-сыныптан бастап дайындап келе жатқан мұғалімім Астанаға қоныс аударса да, маған онлайн түрде білім беріп, үнемі көмек көрсетіп келе жатқанына ризамын. Болашақта ІТ саласын жетік меңгеріп, кәсіби бағдарламашы болуды армандаймын.
Әйгерім СӘЛІМОВА,
«Ең жас қатысушы» аталымының иегері:
– Маған кішкентай кезімнен бері француз тілі ұнайды. Осы тілде айтылған әндер де әуезді, құлаққа жағымды естіледі. Сондықтан да болар, француз тіліне деген қызығушылығым артып, үйірмеге жазылдым. Әрине, ана тілім мен орыс тілін де білемін. Десе де, болашақта франциялық үлгідегі киімдердің дизайнері болғым келетіндіктен, бұл тілді тере-ңірек меңгеруді мақсат етіп, облыстық олимпиадаға қатыстым. «Ең жас қатысушы» аталымының иегері атанғаныма қуаныштымын. Маған қолдау көрсеткен ұстазыма ризашылығымды білдіремін.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
