Жуырда «Amanat» партиясының облыстық филиалында жастар мен еріктілер ұйымдарының өкілдері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Шарада қозғалыс белсенділері атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндамаларымен бөлісіп, осы жылға қойылған міндеттері жайлы сөз қозғады.
Аталмыш шараға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Вера Ким, Нұржан Әшімбетов пен Жарқынбек Амантайұлы қазіргі таңда ерік-тілер ұйымының қоғам арасында аса маңызды рөл атқаратынын және цифрландыру заманында игі істерді жасаудың жаңа амалын қарастырған жөн екенін атап өтті.
– Бүгінгі жиында Павлодар облысында еріктілер қозғалысының ауқымды жобаларына назар аударып, маңыздылығын арттыруды көздеп отырмыз. Аймақтық, республикалық деңгейде жаңа үрдісті қолданып, осындай ұйымдардың дамуына атсалысып жүрген жастардың жұмыстарымен танысу – басты мақсат.
Биыл халықаралық еріктілер жылы деп аталды. Сол себепті осы жылдың маңызы зор. Демек, асу-белестеріміз әлі алда. Алға қойған жоспарға келетін болсақ, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдарды біріктіргіміз келеді. Сондай-ақ, бүгінде онлайн медицина дамыған заманда еріктілер де қашықтықтан қол ұшын бере алады. Оған осыдан 5-6 жыл бұрын ковид уақытында көрсетілген игі істер қатары дәлел, – деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким.
Сондай-ақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы еріктілердің ауа райының ыстық-суығына қарамастан талмай еңбектеніп, адам өмірін алға қоятынына қайран қалатынын атап өтті.
– Өзім оқушы кезімнен «Майдан жолы» қозғалысының тіпті шет елге шығып, отандастарымыздың жоғалған туған-туыстарын іздестіргенін жиі еститін едім. Қай ұйымның қызметін алсақ та, үлкен маңызды жұмысты жүйелі түрде атқаруда. Еріктілерді патриот деп атауға болады. Неге десеңіз, жүрек қалауымен адам баласына барынша көмегін ұсынып, ерік-жігерін танытады, – деді ол.
Шараға қатысқан «Қызыл жарты Ай», «Вита», «Альянс», «Ақ жарқын», «Ашық жүрек», Жастар бастамаларын дамыту орталығы сынды ұйымдардың көрмесі ұйымдастастырылды. Ұйым өкілдері жұмыс барысында тап болатын қиын да қызықты жағдайларымен бөлісіп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша жоспарды алға тартты.
Салтанат ҒАББАС
Суреттерді түсірген — автор.
