Ислам дінінде мұсылман қауымның жанына жақын үш қасиетті ай бар. Оның біріншісі – Ережеп, екіншісі – Шағбан, үшіншісі – Рамазан. Дәл қазір осы үш айдың алғашқысы Ережеп айын өткізіп жатырмыз. Бұл – 12 айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының жақындап келе жатқанын сүйіншілеп, еске түсіретін ай. Яғни, енді екі айдан соң жылына бір келетін оразамен қауышатынымызды білдіріп тұр.
Алла Елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде: «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, әр аптаның жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген. Тағы бір өсиетінде: «Ережеп – Алла Тағаланың күнәларды кешіретін айы. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Ережеп айы – дәнді егу айы. Шағбан айы – егінді суару айы, ал Рамазан айы – егінді ору айы» деген екен. Яғни, Ережеп пен Шағбан әрбір мұсылман баласы үшін парыз болған отыз күн оразаға дайындық уақыты дегенді білдіріп тұрғандай. Егер, осы айлардағы нәпіл оразаларды орнымен ұстап, дайындалатын болсаңыз, Рамазан оразасы сіз үшін өте пайдалы әрі нәтижелі болады деген сөз. Ережеп айы басталғанда Алла Елшісі: «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Ислам дінінде төрт харам айы бар. Олар – Зұлқағда, Зұлхижжа, Мұхаррам, Ережеп. Ол соғысуға, қан төгуге тыйым салынған, яғни, харам етілді дегенді білдіреді. Ережеп айы да сол төр харам айының бірі.
«Ражаб» сөзі ұлықтау, құрметтеу деген мағынаны білдіреді. Кейбір деректерде жер жүзін су басқанда Нұх пайғамбар кемеге Ережеп айының бірінші күні мінген, Мұхаммед пайғамбарға ең алғашқы уахи Ережеп айында түскен, осы айда Исра және Миғраж оқиғасы болған деген мәліметтер айтылады. Тағы бір деректе «Ережеп – ол суы сүттен ақ, балдан тәтті және мұздан салқын бір жұмақ өзенінің аты және бұл мөлдір бұлақтан тек осы айда ораза ұстағандар ғана ішеді» делінген.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген. Бір хадисінде «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Ал Рамазан – үмбетімнің айы» дейді. Ғалымдардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол себепті, бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласу керек.
Бүгін – Миғраж түні
Мұсылман күнтізбесіндегі ерекше қасиетті түндердің бірі – Миғраж түні. Миғраж оқиғасы миләди 621 жылы, ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде болғандығы айтылады. Бұл – Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) Харам мешітінен Ақса мешітіне дейін серуендеткен, Ақсадан жеті қат көкке көтерген, әр қабатында аяттарын көрсеткен, әр аяттарын мұсылмандарға ғибрат еткен қасиетті түн. Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. Ислам ғұламаларының айтуынша, Миғраж оқиғасы кезінде бес уақыт намаз парыз болған екен. Бұл түнде немесе күндізінде бекітілген нақты ғибадат жоқ.
Ережептен кейін Шағбан келеді
Қасиетті үш айдың екіншісі – Шағбан айы. Бұл айдың басталуы біздің күнтізбе бойынша 20 қаңтарға келеді. Шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл ораза ұстайтын ай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзге айлардан гөрі осы Шағбан айында көбірек ораза ұстайтын болған. Сахаба Усама ибн Зәйд оның себебін сұрағанда Ол: «Бұл айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Менің де істерім Алланың құзырына аузым берік болған күйде көтерілуін қалаймын», — деп жауап берген екен. Дегенмен, қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керектігі риуаяттарда нақты айтылмаған. Сондықтан да, қанша күн ұстаймын десеңіз де өз еркіңіз. Мәселен, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітсеңіз болады. Сондай-ақ, Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни, «үш ақ күндері» ораза ұстағанның сауабы зор. Әсіресе, Шағбан айының 15 күні күндіз ораза ұстап, Бараат түнін ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол.
Әзірлеген – Тілеуберді САХАБА.
