ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан ӘШІМБЕТОВ: Кооперативтердің көптігі емес, сапасы керек

Қаң 22, 2026

Елімізде аулы шаруашылығы саласын дамыту үшін сан түрлі қадам жасалады. Жеңілдікті несие де, субсидия да үлестіріледі. Себебі, азық-түлік қауіпсіздігі үшін дәл осы аграрлық саланың дамығаны керек. Өз өніміміз көптеп өндіріліп, өзгеге тәуелділктен арылу мақсат етілген. Ауылдық елді мекендерде азаматтарды ауыл шаруашылығына тартып, отандық өнім өндірісін өрістету көзделген. Әр жылы қабылданған шара аз емес. Соның бірі – ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, күш біріктіріп, еңбек өнiмдiлiгiн арттыру. Бірігу арқылы
нарықта өнiм тапшылығын азайтып, бағаны тұрақтандыру мақсат етілген. Ірiленген шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан берiлетiн түрлi жеңiлдiктер қарастырылған. Бұл бастаманың еліміз үшін аса маңызды екенін Мемлекет басшысы да бірнеше мәрте атап өткен еді. Қазіргі таңда кооперативтер әуелгі мақсат биігіне көріне алды ма? Аяқ алысы қалай? Бұл жөнінде аграрлық саланы бір кісідей білетін, мұндағы мәселелерді жоғары мінберлерден көтеріп жүрген, өңірімізге іс-сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Кемерұлы Әшімбетовпен сұхбаттасқан едік.

 

Нұржан Кемерұлы, ауыл шаруашылығында кооперацияны дамыту Қазақстанда қандай деңгейде?

— Ауыл шаруашылығы кооперативтер ісін ілгерілетуді Мемлекет басшысы да бірнеше мәрте атап өтті. Яғни, дамыған елдерде ірі корпорация деңгейіне дейін жеткен бірлестіктер барын да жуырда айтқанын білесіздер.

Шынымен әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көп елдерде дәл осы кооперативтер ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімнің 50-80 пайызын шығарады. Мәселен, Еуропа елдерінде кооперативтер ауыл шаруашылығы өнімдерінің 50 пайызын беріп отыр. Жанопнияда бұл көрсеткіш 80 пайызға жеткен. Былай қарасаңыз, бірігу арқылы ірі істерге бел буу — өте жақсы қадам. Бірігіп, мал бағып, оның сүті мен етін, терісі мен жүнін кәдеге жарату жолына түссе, қаншама табысқа кенелуге болады. Ауылда жұмыс орнын ашады, елді мекендерге кіріс көзін әкеледі. Алайда, біздің елімізде әлі бұл жолға түсе қойған жоқпыз. Статистикаға келсек, Қазақстанда 4500 ауыл шаруашылығы кооперативі ашылған. Саны жағынан әлемдік бестікке кіреміз. Мемлекеттен субсидия, жеңілдікті несие алғанымен, нарыққа беріп отырған өнімі мардымсыз. Еліміздегі кооперативтер шығарған өнім 10 пайызға да жетпейді.

Осы ретте, қандай әрекет қажет? Қай тұста қателік кетіп жатыр?

– Елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бар. Оның шартына сәйкес жеңілдікті шағын несие азаматтарға 9 миллион теңгеге дейін 2,5 пайызбен беріледі. Ал кооператив ретінде қатысса, 30 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Содан ауылдықтар осы жеңілдікті несие алу үшін ғана кооператив құруға әуестеніп алды. Мысалы, жуырда Тереңкөл ауданында фер-мерлермен кездестім. Бұл ауданда 13 кооператив ашқан екен. Олардың қаншасы қыста жұмыс істеп тұрғанын сұрасам, біреуі ғана нақты іспен айналысуда. Яғни, бұл кооперативтің басшысының айтуынша, үш ауылдық округтен сүт жинайды екен. Енді іскер азаматтан сүт жинау аумағын арттырып, өзге округтерді қамту мүмкіндігі бар ма екенін біліп едім, ол үшін қаржы, техника қажеттігін алға тартты. Міне, осындай нақты іспен айналысып жатқан кооперативтерге қолдау көрсетіп, қаржы құюымыз қажет. Жалпы, Павлодар облысында бүгінде 187 кооператив тіркелген. 2023 жылдан бері 101 кооперативке 2,4 млрд теңге қаражат бөлінген. Көбінде несие мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына алынған. Негізі, елімізде оң нәтижелі коперативтер де бар. Мәселен, Павлодар облысында 2013 жылы құрылған қуатты кооператив бар. Мұнда 15 мықты шаруа қожалығы біріккен. Олар бидай, күнбағыс және басқа да дақылдар өсіреді. Олар былтыр күнбағыс өңдейтін зауыт салды, ескі элеваторды қалпына келтірді. Тағы бір мысалы, Ақсу қаласының ауылдық аймағы Қалқаманда ауыл шаруашылығы жұмыс істейді. Ол май сығымдайтын өңірдегі алғашқы зауыт салуда. Кәсіпорын жылына 30 мың тоннаға жуық шикізат өңдеп, 40 тұрақты жұмыс орнын құрмақ. Биыл өндіріс іске қосылмақ. Мұнда күнбағыс майы мен күнбағыс күнжарасы шығарылады. Ақмола облысында ісі ілгері кооператив бар. Яғни, жұмысы мығым кооперативтер бар, бірақ әлі де аз. Ендігі кезекте осындай нәтижелі жобаларды өзгелерге үлгі етіп, негізге алып, кооперативтерді дамытуымыз керек. Тағы бір айта кетерлігі, Батыс Қазақстан бір ауылдық округке бір кооператив қағидатын ұстанады. Бұл да өте қисынды шешім дер едім.

Демек, елімізде енді санын көбейтуді доғарып, барларын, соның ішінде ісін дамытуға ниеттілерге қолдауды күшейту керек. Бөлінетін қаржы көлемін арттыру қажет. Мемлекет басшымыз да кооперативтер құруда мәжбүрлікке жол бермеуді ескертті. Қолдау қажет болса, оны әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да көрсетуді айтты. Несие алуда кепілге қоятын мүлкі жетіспесе, аталмыш корпорация көмекке келсе, жөн болады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жәрдем де жасалуы тиіс. Осы тетіктер кеңінен қолданылса, кооперативтер жұмысын жемісті етуге болады.

– Бір сөзіңізде заңнамаға да өзгерістер енгізу қарастырылып жатқанын айттыңыз. Ол қандай өзгеріс?

– Қазіргі таңда қолданыстағы заңнамада кооперативке кіру үшін нақты жарна көлемі 5 АЕК көлемінде белгіленген. Көлемі сонда 20 мың теңге шамасында. Әлемде мұндай тәжірибе жоқ. Яғни, кооперативтің жарнасы, оған кіру және шығу шарттары бәрі оның ішкі құжаты – жарғымен реттелуі тиіс.  Осыны заңға енгізуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ, бүгінде заңда кооператив мүшелеріне сонда шығарылатын өнім өз бағасымен берілуі тиіс. Бұл да дұрыс емес. Кооператив табыс таба алмаса, ол да қисынға келмейді.

Жалпы, кооперативтер табысты жұмыс істеуі үшін саннан гөрі сапаға көшуге басымдық жасауға маңыз бермекпіз. Бүгінде елімізде кооперацияның үшінші толқыны жүріп жатыр. Кезінде өзім де әкімдікте істегенде осыншама кооператив ашылуы тиіс деген нұсқау түсетін. Міне, бұл — қате. Президент те жуырда сұхбатында бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге оларды мәжбүрлеуге жол берілмейтінін атап өтті. Ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары жолға қойылса әрі қолдау тетіктері тиімді болса, қазіргі кооперативтер жұмысы жанданады деп ойлаймын.

– Жалпы, ауыл шаруашылығында тағы қандай мәселелерге мән беріп жүрсіз?

– Мәжілісте аграрлық комитеттің мүшесімін, AMANAT партиясының аграрлық мәселелер жөніндегі кеңесінің төрағасымын. Сондықтан ауыл шаруашылығы тақырыбы әрдайым күн тәртібімнен түспейді. Өңірлерге сапарымыз барысында ең алдымен бұған дейін қабылданған заң талаптарының жер-жерде қалай іске асып жатқанынан назар аударамыз. Өздеріңіз білесіздер бірер жыл бұрын жайылымдық жерлерге қатысты заңға айтарлықтай өзгерістер енгіздік. Нақтысы, мұндағы мәселелерді шешу үшін 50 шақты түзету енгізілді. Шаруалармен кездесу барысында әлі де сұрақтар қойылып жатыр. Яғни, заң талаптары іс жүзінде толыққанды қолданылмайтыны аңғарылады. Мәселен, мал басына байланысты жер телімдерін алу бойынша түзету енгізілді. Яғни, мал бағуға арналған жер теліміне жүктеме нормасына қарай мал басының санын 20 пайыздан
50 пайызға ұлғайтылды. Бұрын 1 мың басқа арналған жайылым-дық жер болды делік. Егер шаруада осы көлемнің 20 пайызы, яғни, 200 бас мал болса, жер телімі игеріліп жатыр деп есептелді. Жаңа өзгерістерге сай мұндай жер көлеміне шаруаныңкемі 500 бас малы болуы талап етіледі. Демек, одан төмен болса, жер пайдаланылмауда деп саналады. Өкінішке қарай, осы норманың орындалуын жер инспекциялары қаперге алып жатқан жоқ. Олар ешқандай шағым, өтініш түскен деп отыр.
Бұл — өте жаңсақ ұстаным. Талаптың орындалуын инспекция қадағалауы тиіс. Железин ауданында бір шаруа егін егетін алқабының маңында өзгенің иелігіндегі егістік жер бос жатқанын, оның арамшөп басып, өзіне қауіп төндіретінін алға тартты. Анықтай келсек, жер телімі банкте кепілдікте екен. Сондықтан жауапты органдар ештеңе істей алмайтындарын алға тартты. Бірақ оның да заң жүзінде шешімі барын жергілікті әкімдік білмейді. Әкімдік ахуалды аңғарып, жер инспекциясына өтініш білдіруі тиіс. Инспекция зерделеп, ары қарай әрекет ете алады.

Сонымен қатар, шаруалардан субсидия мәселесіне қатысты жиі өтініш-шағым түседі. Яғни, олар шаруашылық қажетіне жоғары пайызбен несие алады, оның бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидиялануы керек. Алайда, бұл қаражат уақытылы шаруалардың қолына тимей, қиналып қалады. Сөйтіп жоғары пайызбен несие төлеп, мал өсіріп отырғандар малын сатуға мәжбүр болады. Оған қоса, мемлекеттік корпорациялар қарызды кешіктіргендері үшін өсімпұл, айыппұл қосып, тағы да салмақ түсіреді. Бүгінде елімізде 18 млрд теңге көлемінде субсидия берешегі қалыптасқан. Осы ретте, мемлекеттік компаниялар тарапынан өсімпұл, айып-пұл есептемей, несие мерзімін ұзарту мәселелері көтерілуде.

– Жайылымдық жер демекші, игерілмей жатқан жер телімдері мемлекетке қай-
та
рылуда. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесіне тоқталсаңыз…

– Елімізде игерусіз жатқан 14 млн гектар жер қайтарылды. Оның тең жартысы қайта айналымға қосылды. Қалғанының неге жаңа қожайынын таппағанын зерделедік, себебін зерттедік. Жергілікті атқарушы органдар өздеріне берілген жоспарды орындау үшін фермерлермен сөйлесіп, оларға қажет емес, шөп өспейтін, жарамай қалған және айдаладағы телімдерді ең алдымен қайтарды. Мұндай жерді алуға ешкім құлықсыз.

Сонымен қатар, жер телімдерін үлестіру бойынша да көпшіліктен сұрақтар түседі. Мемлекет басшысы жер комиссиялары жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды. Яғни, электрондық конкурстар өткізуге көшу жүктелді. Іске қосылса, тиімділігі көрінеді деп сенемін. Одан бөлек, жайылымдық жер аларда азаматтар біріккеннің пайдасы мол екенін ескерткім келеді. Себебі, көп жер телімдері көлемді. Бірігіп, малды бір табын, отар етіп бақса да, бақташы жалдау тұрғысынан да тиімді.

Саланың мәселелерін, шаруалардың ұсыныстарын қарастыруды әлі де жалғастыра береміз. Тиімді жолдарын табуға күш саламыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.