Жол амандығы тәртіптен басталады

Мау 11, 2026

Облыс көлемінде биыл 5 ай ішінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 14,4 пайызға, ал көшедегі қылмыс 4,7 пайызға төмендеген. Сала мамандары мұны алдын алу, бақылау жұмыстарының күшейтілуінің нәтижесі екенін айтады.

Дегенмен, Павлодар қаласы полиция басқармасының оңтүстік бөлі-міне қарасты аумақта, Баянауыл, Павлодар аудандарында өсім тір-келген. Бұл туралы облыс әкімдігінің қоғамдық қауіпсіздік тақырыбы қаузалған аппараттық жиынында айтылды. Аймақ басшысы Асайын Байханов аталмыш аудан әкімдерінен ахуалды жақ-сарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды сұрады. Павлодар ауданында қоғамдық орындарда жасалған қылмыс көрсеткішінің өсуіне наурыз айында бір адамның дүкеннен алкоголь өнімдеріне қатысты 8 эпизодтың тіркелуі себеп болған көрінеді. Аудан әкімі қоғамдық орындарда қауіпсіз-дікті арттыру мақсатында көшелерді жарықтандыру, бейнебақылау камераларын көптеп орнату қолға алынғанын атап өтті. Облыс әкімі Баянауыл ауданында қауіпсіздікті күшейту тіпті маңызды әрі бұл жұмыспен күнделікті айналысу керек екенін айтты. Себебі, аталмыш ауданда жазда туристер легі артады.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаевтың мәлімдеуінше, аймақта қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қорғауға күн сайын 500-ден аса полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның сарбаздары шығады. Әсіресе, адам қарасы көп орындар мен көңіл көтеретін мекемелер маңын патрульдеу қолға алынған. Сонымен қатар, бұрын сотталған, ішімдікке салынған адамдарды бақылау да күшейтілген. Бұрын сотталған азаматтардың ізін цифрлық технологиялар, нақты элект-ронды білезік арқылы қадағалайды. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында алкоголь ішімдіктерінің заңсыз саудасына, қоғамдық орындарда ішімдік ішуге тосқауыл қойылуда. Қоғамдық орындарда ішімдік ішкен 4411 адам жауапқа тартылған. Ал алкоголь өнімдерін заңсыз саудалаған 234 жеке кәсіпкерге айыппұл салынған. Мас күйде жасалатын қылмысты азайту үшін құзырлы орган ішімдікке және есірткіге әуес тұрғын-дарды мәжбүрлі емдеуге жіберу тетігін қолданады. Учаскелік инспекторлардың араласуымен биыл 189 азамат осындай ем алуға жолданған. Мәлік Оңғарбаев осындай алдын алу жұмыстары нәтиже бергенін мәлімдеді. Мәселен, бұрын сотталғандар жасайтын қылмыс саны 24,3 пайызға азайған. Ал мас күйінде жасалған қылмыс 11,8 пайызға кеміпті.

Сондай-ақ, алдын алу, ескерту шараларының нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының санын қысқарту мүмкін болған. Жол-көлік оқиғалары облыста 3,1 пайызға азайған. Жол апатынан қаза болғандар саны 32 пайызға, зардап шеккендер 0,2 пайызға кеміген. Жалпы, аймақта орын алған жол-көлік оқиғаларының 79,5 пайызы үш қалада тіркелген. Жол-көлік оқиғаларының саны кемігенімен, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жағдайлар 29,1 пайызға, көз жұмғандар 33,3 пайызға, ал зардап шеккендер 21,2 пайызға өскен. Мәселен, биыл 121 бала жол-көлік оқиғасында зардап шеккен. Олардың 67-сі көлік ішінде болса, 55 жеткіншекті жаяу жүргіншілер жолағымен және рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өту кезінде көлік соққан. 7 бала мопед және электр самокатпен жүргенде жол-көлік оқиғасына тап болған. Осы ретте, құзырлы орган ата-аналар мен көлік жүргізушілерді тәртіпке шақырып отыр.

Облыс әкімі Асайын Байханов жол қауіпсіздігін күшейтуге баса назар аударды.

– Жол ережелерін бұзу деректері 30 пайызға өскен. 2025 жылы 83 мың 466 болса, 2026 жылы 109 996 тіркелген. Жаз келісімен велосипед және мопед жүргізушілерінің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеп отыр. Жыл басынан бері мұндай 6 жағдай  тіркелді. Бір адам қайтыс болып, 5 адам жарақат алды. Өкінішке қарай, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары көбейген. Оқиғалардың басым бөлігі тұрғындар шоғырланған үш қалада орын алуда. Сондықтан, қала әкімдіктері полиция органдарымен бірлесіп, инфрақұрылымдарды реттеумен айналысуы, қауіпсіз орта қалыптастыру – ортақ міндет, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы ақпарат басқармасына мемлекеттік орган-дармен және әкімдіктермен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсендіруді тапсырды. Полиция департаментіне мопед және велосипед жүргізушілерінің заңнаманы сақтауын қадағалауды күшейтуді жүктеді. Оқушылармен алдын алу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.

Г.МАҒЖАН.