Жағалаудағы тыныштыққа жауапты

Мау 18, 2026

Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтары жаз мезгілін орталық жағажайда өткізгенді ұнатады. Демалыс күндері «Ertis Promenade» сахнасында жергілікті және эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалайды. Осы сәтте қалың көпшіліктің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін полиция бекетіндегі тәртіп сақшыларының жұмысы күшейе түседі.

Жақында жағажайдағы тәртіпті қадағалайтын полицейлердің жұмысымен танысып қайттық. Біз барған түскі уақыттың өзінде Ертіс өзеніне суға түсіп, жағалауда демалған адам қарасы қалың болды. Субұрқақтың маңайы балаларға толған.

Жағалаудағы тыныштықты күзету міндеті облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының кинологы Ахмади Нұрқасым мен полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Азамат Нұрсұлтанға тапсырылған. Тәртіп сақшылары полиция бекетінде ауысым бойынша жұмыс істейді. Сақшылар полиция бекетінде жаз мезгілінде жұмыс күшейе түсетінін жасырмады.

— Күн жылынған уақытта қала тұрғындары мен қонақтары орталық жағажайда демалғанды ұнатады. Демалыс күндері «Ertis Promenade» сахнасындағы концертке адам көп жиналады. Біздің басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жағалауда суға түскен адамдарды да қадағалаймыз. Мас күйде болатын тұрғындарды тәр-тіпке саламыз. Орталық жағалауда құқықбұзушылықтың тіркелуіне жол бермейміз, — дейді Азамат Нұрсұлтан.

Ішкі істер саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан Ахмади Нұрқасым тұрғындардың тыныштығы бейнебақылау құрылғысымен де қадағаланатынын айтады. Бұл ретте полиция бекетінде 20-ға жуық камера бар. Тәртіп сақшылары таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін орталық жағалаудың аумағындағы жұртшылықты қадағалайды. Жұмыс уақыты аяқталған кезде екінші ауысымдағы қызметкерлер міндетіне кірісіп, таңға дейін тыныштықты күзетеді. Осылайша, полиция бекеті тәулік бойы жұмыс істейді.

Полицйелердің жұмысы жағалауды аралаудан басталады. Сонымен қатар, халық арасында қауіпсіздік ережесін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

— Жағажайда суға түскен адамдарды арнайы күзет қызметі бақылайды. Егер оқыс оқиға тіркелсе, мамандар бізге хабар береді. Жуырда «Ertis Promenade» сахнасында өткен концерт кезінде 5 жасар бала жоғалып кетті. Анасын таба алмаған сәби біздің постқа өзі келіп, көмек сұрады. 20-30 минут ішінде баланы анасымен қауыштырдық, — дейді А.Нұрқасым.

Мамандар жағажайда мас күйде жүретін адамдардың саны аз болмайтынын айтты. Мұндай кезде ішімдік ішкен адам айығу үшін арнайы орынға жатқызылады. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігін де қадағалайды. Жағажайда велосипед, самокат тебетін жастар көп. Мамандар оларға жол жүру ережесін түсіндіріп, профилактикалық әңгіме жүргізеді. Тәртіпке бағынбағандарға әкімшілік хаттама толтырылады. Кешкі уақытта ата-анасыз жүрген кәмелетке толмаған балалар да көбейеді екен.

Сұхбат барысында полиция бекетіне тәртіп сақшыларының жұмысын бақылауға облыстық полиция департаменті полиция батальоны взвод командирінің орынбасары, полиция капитаны Елжас Қалиев келді.

— Орталық жағажайда ауқымды шаралар өткізілген кезде жоғалған балалар үшін арнайы автобус шығарылады. Ұл-қызын қалың көпшілік ішінде жоғалтып алғандар бірден сол жерге барады. Өйткені кішкентай баланы көзден таса қылмау қиын. Балалардың қауіпсіздігі бірінші кезекте тұрады, — дейді Е.Қалиев.

Осылайша, қырағы полицейлер өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруда барын салуда.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.