Дарындарды дамытқан мекен

Қаң 22, 2026

Облыс балалаларын өнер-білімге баулитын ең үлкен орталықтың бірі – М.Катаев атындағы оқушылар сарайы. Бұл мекеме талай жастың талабын ұштап, талантын танытуға үлкен үлес қосуда.

«Шамшырақ» бетінің бүгінгі нөмірінде жас дарындарды дамытып жүрген қосымша білім беру орталығындағы шығармашылық ұжымдардың жұмысы мен жеткен жетістіктері жайында сөз етеміз.

Бүгінде қабырғасы қаланғанына жарты ғасырға жуық уақыт болған өнер ордасы республикаға кеңінен танымал. Олай дейтініміз, осы шаңырақтан белгілі әнші, күйші, бишілер тәлім алған.

Ал қазіргі таңда оқушылар сарайында 60-тан астам студия мен үйірме жұмыс істеуде. Атап айтқанда, көркем эстетикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік педагогикалық бағыттар бойынша 2 мыңға жуық балаға қосымша білім беріліп, шығармашылықтарын шыңдауда. Мұндағы «Жас екпін», «Свет звезды», «Тип-топ», «Блейз», «Вдохновение», «Арман-шоу», басқа да өнер ұжымдары табысты қызмет көрсетіп келеді. Мекеме басшысы Алма Ерубаеваның айтуынша, өткен жылдан бастап павлодарлық жеткіншектерге жаңа үйірмелер өз есігін айқара ашуда. Оның айтуынша, бұл үйірмелер заман талабына сай балалардың қызығушылығына, қабілетіне және болашақ кәсібін таңдауға бағытталған жобаларды қамтиды.

Аталмыш мекеменің әдіскері Әсем Аипова осында келген әр баланың өзіне ұнаған іспен айналысуы үшін барлық мүмкіндік жасалғанын айтады.

Оқушылар сарайында өрендер ғылыми жоба жазу, ғарыш әлемін зерттеу, робототехника саласымен айналысу, ән шырқап, би билеу, сурет салу, сәнді киім тігу, шаштараз өнерін үйрену, IT мектебінен сабақ алу және басқа да  қолдауларға ие бола алады. Мұнда олардың шығармашылығын дамыту, қоғамдық өмірге бейімдеу, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Сонымен қатар, біздің мекемеде мүмкіндігі шектеулі жеткіншектердің бос уақытын мазмұнды өткізуге баса назар аударылады. Тұрмысы төмен отбасыларының және көпбалалы шаңырақтардан шыққан оқушыларға да қолдау көрсетіледі. Айталық, олар робототехника, журналистика, астрономия, техника және басқа да бағыттағы сабақтарға тегін қатысады, – дейді Әсем Серікқызы.

Ендігі кезекте, таңдаулы үйірмелер мен студиялар жайлы айтар болсақ, оқушылар сарайындағы ұлттық өнерді ұлықтап жүрген ұжымның бірі – «Мұрагер» домбыра үйірмесі.

– Мұнда балалар домбыра үйренумен қатар, қазақ халқының болмысын терең түсініп, рухани тәлім-тәрбие алады. Яғни, күйдің тарихын, тәрбиелік маңызын, күйші-сазгерлердің өмір жолдарымен таныс болады. Бір сөзбен айтқанда, «Мұрагер» ұжымы – рухани мұраның аманатын арқалаған жас домбырашылар мектебі десек те болады. Негізі, қазақ күйінің, ұлттық өнердің құдіреті ерекше ғой. Олай дейтінім, осында ұйымдастырылатын барлық мерекелік іс-шараның шымылдығын «Мұрагер» үйірмесі ашады. Онсыз ешқандай концерт өтпейді, – дейді Әсем Аипова.

Оқушылар сарайындағы биік белестерді бағындырып жүрген шығармашылық топтың бірі — «Жұлдыздар» хореографиялық студиясы. Қуантарлығы, бұл шығармашылық студия ұлттық хореографияны жаңаша сипатта өрнектеп, заманауи би түрлерімен ұштастыруда, дейді мекеме мамандары.

Өнер ордасында өтетін мерекелік іс-шаралардың көрігін қыздыратын ұжымның бірі – «Жұлдыздар» студиясының бишілері. Жас бишілер би өнерінің техникасын жоғары деңгейде көрсетумен қатар, жүрекпен сезініп, бидің құдіретін танытып жүр. Соның нәтижесінде, бұл ұжымның оқушылары облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулардан олжалы оралуда, – дейді Әсем Серікқызы.

Жас таланттардың жұлдызын жаққан шығармашылық топтың бірі – «Тұмар» вокалды-эстрадалық студиясы. Мұндағы балалар да толағай табыстарға жетуде. Мекеме басшысының айтуынша, «Тұмар» тобындағы оқушылар жас ерекшелігіне байланысты үш деңгейге, яғни кіші, орта және жоғары сатылар бойынша білім алады. Әр баланың музыкалық қабілетін ескеріп, сахналық мәдениеті мен орындаушылық шеберлігін дамыту үшін тынымсыз жұмыс істеп келеді. Осындай еңбек пен ізденістің нәтижесінде мұндағы қатысушылардың басым бөлігі жоғары орындаушылық деңгейге жетіп, үлкен сахналарда өнер көрсетуде. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі байқауларда облыс намысын абыроймен қорғап жүрген «Жас дәурен», «Жаңа Star», «Блэйз», «Тип-топ» студияларының да алар орыны айрықша.

Жалпы, тізбектеп айта берсек, оқушылар сарайындағы өзге ұжымдар мен үйірмелер де бірінен-бірі қалыспай еңбектеніп, жеткіншектерді өнер-білімге баулуда. Бастысы, мекеменің оқушылары үнемі үлкен жетістіктерге жетуде. Тек ағымдағы жыл басынан бері мекеме тәрбиеленушілері бірқатар жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, «Жас дәурен» вокал студиясы биыл қаңтар айында «Щелкунчик» халықаралық көпжанрлы конкурс-фестивальіне қатысып, олжалы оралды.

Міне, өнер-білім қуған балалардың қанатын қатайтып, шабыт берген оқушылар сарайында атқарылып жатқан жұмыстар толағай. Шығармашылық өнер ордасының ұжымына асар асуларыңыз биік болсын дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.