Жаңа оқу ордасы есігін ашты

Қаң 22, 2026

Таяуда Павлодар қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №47 мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мемлекеттік тілде білім беретін, 600 орынға есептелген жаңа мектеп өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Аталған шараға облыс әкімі Асайын Байханов, білім саласының өкілдері, ұстаздар қауымы, ата-аналар мен қала тұрғындары қатысты. Салтанатты жиында аймақ басшысы сөз сөйлеп, жаңа мектептің ашылуы өңір үшін ғана емес, жалпы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы біздің облысымызда да іске асырылуда. Болашақта еліміздің білімді, білікті және сауатты азаматтарын тәрбиелеу осындай мектептердің құрылысынан басталды. Біз соңғы 2 жылда өңірімізде 10 жаңа мектеп аштық. Бұл бастамалардың жалғасы әрі қарай да жалғасады деген үміттемін, – деді А.Байханов.

Жаңа мектеп ғимараты заманауи сәулеттік талаптарға сай жобаланған. Мұнда кең әрі жарық оқу кабинеттері, пәндік және мамандандырылған зертханалар, бірнеше спорт залы, кітапхана, асхана, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған үйірме және демалыс аймақтары қарастырылған. Сонымен қатар мектеп аумағында қауіпсіздік жүйелері орнатылып, бейнебақылау, өртке қарсы құрылғылар және санитарлық талаптар толық сақталған.

Жобалау барысында инклюзивті білім беруге де ерекше мән берілген. Мектеп мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қолжетімді орта қағидаттарына сай бейімделген. Цифрландыру бағытында интерактивті тақталар, заманауи компьютерлік сыныптар, электронды білім беру ресурстары оқу үдерісіне енгізілген. Бұл оқушылардың заманауи білімді еркін меңгеруіне және инновациялық оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік береді.

№47 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Ләйла Жүсіпованың айтуынша, жаңа ғимаратта білім беру сапасын арттыруға барлық жағдай жасалған.

– Қазіргі уақытта 1–4 сынып оқушылары екі ауысымда, ал 5–11-сынып оқушылары бір ауысымда білім алуда. Мұндай оқу форматы түстен кейін қосымша білім беру сабақтарын, спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерді тұрақты түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Балалардың жан-жақты дамуына бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі, – деді ол.

Мектеп заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіліп, білікті педагог кадрлармен толық қамтылған. Камал Мақпалеев атындағы №17 жалпы орта білім беру мектебінен және Әлихан Бөкейхан атындағы мектептен бірқатар сынып жаңа білім ордасына ауыстырылған. Бұдан бөлек, басқа мектептерден де оқушылар қабылданды. Жалпы 48 мұғалім конкурс негізінде жұмысқа қабылданды. Олардың басым бөлігі – тәжірибелі әрі жоғары санатты педагогтар.

Қазіргі таңда №47 мектеп оқу-тәрбие үдерісін толық көлемде жүргізуге дайын. Жаңа білім ордасы қаладағы мектептерге түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, оқушыларға қолайлы, қауіпсіз және сапалы білім алу ортасын қалыптастыруға ықпал етпек.

Айта кетейік, мектептің құрылысы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Павлодар қаласындағы №47 мектептің құрылысына жалпы сомасы 3,8 миллиард теңге жұмсалды. Бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, әсіресе білім саласының сапалы жаңаруына елеулі үлес қосады.

Айдана БОРАНБАЕВА.