Ел Президенті «Turkistan» газетіне берген сұхбатында халық үшін жасалып жатқан шектен тыс жеңілдіктер қоғамда масылдық психологияны қалыптастырғанын қатаң сынға алды. Сонымен қатар, бұл мәселе әлеуметтік әділетсіздікке жол ашып, алаяқтық әрекеттерінің орын алуына себеп болып отырғанын жеткізді. Мұның алдын алу үшін тиімді шаралар қолдану қажеттігін де тілге тиек етті.
Жасыратыны жоқ, жыл сайын елімізде әлеуметтік жеңілдіктерді теріс пайдалану деректері жиі кездесуде. Яғни, кейбір ауқатты отбасылары жалған мәртебе арқылы мемлекеттен көмек алуда. Соның салдарынан мемлекет қаржылық шығынға батып, әлеуметтік әділдікке қауіп төніп жатқанын айтқан Президент бұл іске жауапты министрлік пен құқық қорғау органдарына тапсырма берген еді.
– Заңсыз әрекеттер аз емес. Сондықтан Үкімет пен құқық қорғау органдарына осы салада тәртіп орнатуды тапсырдым. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Бұдан кейін Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл түрде жиын өткізіп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істеу керектігін айтты. Яғни, жәрдемақылар мен басқа да түрлі әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларды болдырмау үшін кешенді шаралар әзірлеуді жүктеді. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қолдау тек заңды және мұқтаж азаматтарға ғана бағытталуы тиіс екенін ерекше ескертіп, осы мәселеге айрықша мән беру қажеттігін қадап айтты. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Әсіресе, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде өтініш берген отбасыларының әл-ауқат деңгейі қатаң қадағаланбақ. Президент айтқандай, әлеуметтік алаяқтыққа жол бермеу үшін заң талаптарын сақтау маңызды. Соның нәтижесінде, соңғы уақытта елімізде де, аймағымызда да атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш беретіндер саны едәуір азайған. Бұған қарап, аталмыш көмектің нағыз мұқтаж жандарға ғана тиесілі екендігін көпшілік түсінгенін әрі жауапты органдардың мұқият жұмыс істеп жатқандығын байқауға болады, дейді мамандар.
Ал шынымен де аз қамтылған шаңырақтар үшін мемлекеттік қолдау әрдайым көрсетіле бермек. Осы мақсатта облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері де өңірге қарасты ауыл, аудан, қала әкімдіктерімен тығыз жұмыс істеп жатқанын алға тартуда.
– Ағымдағы жылдың 5 қаңтарында І тоқсан үшін атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындауға құжаттарды қабылдау басталған болатын. Павлодар облысы бойынша кедейлік шегінің мөлшері осы тоқсанда 39 571 теңгені құрап отыр. АӘК алуға үміткер азаматтар тұрғылықты жері бойынша орналасқан Мансап орталықтарына немесе кент, аудан, ауылдық округ әкімдігіне жүгіне алады. Сонымен қатар, электрондық цифрлық қолтаңбасы болса, сол арқылы да үйден шықпай-ақ «Электрондық үкімет порталының» көмегімен өтінім бере алады. Ал интернеті жоқ адамдар үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, Мансап орталықтары және жергілікті әкімдіктер жанынан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған. Осында келіп, әлеуметтік көмекке өтінім жіберулеріне болады, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Майгүл Рахымжанова. Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек отбасының орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын азаматтарға тағайындалады. Бұдан басқа, АӘК алушылар шаңырағындағы 1–6 жас аралығындағы балалар үшін ай сайын қосымша төлем жүргізілді.
Ең бастысы, АӘК көмектің шынайы тағайындалуына баса мән берілуде. Ол үшін учаскелік комиссиялар іске кірісіп, FSM social мобильдік қосымшасы арқылы әр отбасының материалдық жағдайын зерттеп отыратын болады. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қолдауды атаулы әрі әділ көрсетуге бағытталған жаңа тәсілдер әзірленіп жатқанын мәлім етті.
– Өз кезегінде, бірыңғай әлеуметтік стандартты қолдану мемлекеттік қолдау шараларын үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық осалдығы мен тұрақтылығын объективті бағалау негізінде көрсетуді көздейтіндігін атап өту қажет. Яғни, мемлекеттік қолдау көрсету кезінде азаматтың (отбасының) материалдық және материалдық емес көрсеткіштері, асырау жүктемесі, өзін-өзі іске асыру қабілеті, сондай-ақ жасырын табыстары ескеріле отырып, атаулы түрде көрсетілетін болады, – делінген министрліктің ақпаратында. Бүгінгі таңда мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларына талдау жүргізіліп, бірқатар шикіліктер анықталған көрінеді. Айталық, бұған дейін кейбір төлемдер қайталанып келген, процестер цифрландырылмаған әрі автоматтандырылмаған. Бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздікке әкеп соғуда екен. Сондықтан министрлік өкілдері бірыңғай әлеуметтік стандартты енгізу арқылы әлеуметтік көмек нақты мұқтаж азаматтарға бағытталатынын және өңірлер арасындағы алшақтық азаятынын алға тартуда.
Демек, бұдан былай мемлекеттік қолдау ашық жүргізіледі әрі нағыз өз иесін табады деген үміт бар. Ал жағдайы бола тұра мемлекетке масыл болып, әлеуметтік алаяқтыққа баратындарға тосқауыл қойылмақ.
Нұржайна ШОДЫР.
