Егемендік алған соң ел ішіндегі іскер азаматтар діни-рухани салаға көңіл аударып, мешіт секілді құлшылық орындары мен кесене көтеру ісіне демеушілік ете бастады. Міне, сол азаматтардың қызметтерін жұртшылыққа көрсетсек деген оймен «Дін жолындағы демеушілік» атты жаңа айдар аштық. Жаңа жобаны Павлодар ауданының Үміт апа ауылындағы «Жамбыл» мешітінен бастауды жөн көрдік.
Үміт апа ауылында 1993 жылға дейін мұсылман жамағаты ғибадат жасайтын орын болған жоқ. Алайда, қарапайым қазақ ауылына бір мешіттің ауадай қажет болып тұрғанын Алла тағала осы ауылдың бір адамына аян ретінде ескерткен. Ол – аймаққа ғана емес, бүкіл қазақ даласына аты мәшһүр болған халық емшісі, талай адамның ауруына шипа тауып, жылаған көздердің жасын құрғатқан Үміт апа Ақтанқызы еді.
Үміт Ақтанқызы кісі емдеуді Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған жылдардан бастапты. Аз ғана уақытта аты шығып, алыс-жақын шет елдерге де таныла бастаған. Сондай күндердің бірінде түс көріп, онда Алла тағаладан мешіт салу жөнінде аян келеді. Яғни, Алланың ақ жолын аңсаған, діни ғибадаттарға шөлдеген елге бір мешіт салу керектігін бірден сезіп, өзі бастап іске кіріседі. Емшінің мешіт салуына себеп болған тағы бір жағдай бар екен. Ол кезде ауылға алыс-жуықтан емделуге науқастар көп келеді дейді. Міне, сол кісілер ғибадат жасап, Алладан өздерінің денсаулығы үшін дұға тілесін деген ниет тағы туындайды. Себебі, Алланың ұлылығына сенетін әрбір мұсылман қандай сырқат болса да әрекет өзінен болғанымен оның шипасын Алладан тілейтіні аян.
— Үміт апа мешіт салайын деп жатыр деген хабарды естіген ауыл тұрғындары да қарап қалған жоқ, бір ауыздан қолдап, көмегін көрсетеді. Бір қызығы, осы мешітті салу барысында бірде-бір кедергі, қиындық туған жоқ. Негізі, мешіт салу оңай емес, бір емес, бес-он жылға созылып жататынын көреміз. Ал бұл мешіт бастағаннан кейін небары екі ай уақыт ішінде аяқталып, ел игілігіне берілді, — дейді мешіт имамы Ермұрат Қасенұлы.
Бұл мешітті көпшілік Үміт апа мешіті деп таниды. Ел анасы мешіттің ғимарат құрылысын ғана емес, одан кейінгі ел игілігіне жұмыс істеу барысындағы барлық ауыртпалықты өзі көтеріп, Алла үйінің жұмысын бір жүйеге салып кетіпті. Тіпті, имамды да өзі таңдап, діни білім алуына жағдай жасап, барлық діни қызметтерді жүргізуді тапсырған.
— Мен бұл мешітте ең алғашқы іргетасы қаланған сағаттан бастап жүрмін. Ол кезде енді ғана оқу бітіріп келген жас жігіт едік. Мамандығым – құрылысшы. Елмен бірге құрылыс жұмысына білек сыбана кірісіп, өзіміздің қолымыздан келгенін істедік. Ол кезде ауылда ақсқалдар көп еді. Мешіт салынып болған соң мешітке имам болыңдар деген ұсыныс айтылғанда бәрі қарсылық танытып, үлкен жауапкершілікті ала алмайды. Ол кезде мен жұма намазына ғана қатысып жүретін едім. Сонымен, апамыз имамдық міндетті маған жүктеді. Мен Үміт апамыздың ұсынысымен және қариялардың қолдауымен 1994 жылы діни оқуға аттандым, — деп еске алды Ермұрат имам.
Мешіт құрылысына жауапты болған азаматтардың бірі – сол ауылдың тұрғыны Сайлау Күзеев. Ол кезде отыздың ар жақ, бер жағындағы жігіт ағасы құрылыс саласында еңбек етіп жүрген. Ауылда мешіттің құрылысы басталады дегенді
естігенде өзі бір құрылысшылар бригадасын жасақтап, мешіт ғимаратын тұрғызуды өзінің жауапкершілігіне алады.
— Ол кезде жалындап тұрған шағымыз. Туған ауылымыз үшін қандай бастама болса да білек сыбана кірісіп кетер едік. Ауылымыздың тірегі болған Үміт Ақтанқызы бүкіл ауыл тұрғындарын жинап, ауылға мешіт салайық деген ұсынысын ортаға тастады. Тұрғындар толық қолдады. Мен ол кезде құрылыс саласында жұмыс істеймін. Қолынан іс келетін азаматтардың басын қосып, кірісіп кеттік. Өз басым ең алғашқы жерін белгілеу және қазығын қағу жұмыстарының бәріне қатысып, ашылу рәсіміне дейінгі барлық сәтіне куәгермін. Тіпті, бүгінгі күнге дейін осы мешіттің айналасынан алыстамай, имамдардың көмекшісі болып жүрмін. Бүгінгі күнде жетпістен ассақ та, деніміз сау, денеміз ширақ. Осының бәрі апамыздың берген батасы мен халықтың алғысының арқасы болар, — деді
ардагер құрылысшы Сайлау Күзеев.
Осыдан біраз жыл бұрын Үміт апа ауылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сакралды орындар қатарына енген болатын. Содан кейін мешітке де көңіл бөлініп, ауласын көріктендіру, алдына асфальт төсеу жұмыстары жүрілген. Мешіт ел игілігіне берілген 33 жылдың ішінде екі мәрте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Оның бірінде бала кезінде Үміт Ақтанқызынан ем алып, сырқатына шипа тапқан Бекболат Сейдахметов есімді азамат өзі өтініш білдірген. «Біз де қуана келісіп, ғибадат үйінің ішкі және сыртқы бөлігін бір жаңартып алдық» дейді имам.
Мешіттің жалпы аумағы 180 шаршы метрді құрайды. Екі күмбезді және 11 мұнаралы шағын мешіттің сыртқы пішінін сол заманның ең әдемі әрі сәнді дизайнымен шығаруға тырысқан. Оның ішінде үлкен намаз оқу залы, дәрет алатын орындар, имамның бөлмесі бар. Сонымен қатар, кейін қосымша мұражай бұрышын әзірлеп, оған Үміт Ақтанқызының қолданған жәдігерлері мен киімдерін көрмеге қойыпты. Мұражай бұрышына Үміт апаның өзі киген шапаны мен бас киімін ұқыптап іліп қойыпты. Одан бөлек, халық емшісі қолына салған түрлі түсті әшекей бұйымдары, көзілдірігі, ең алғаш қолданған «Panasonic» ұялы телефоны, түрлі деңгейдегі марапаттары, «Павлодар ауданының Құрметті азаматы» деген куәлігі тұр. Кезінде телефон желісі қолданысқа енбей тұрған кезде адамдар Үміт ападан хат арқылы кеңес сұрайды екен. Оның бір дәлелі қазіргі күнге дейін сақтаулы тұрған хаттарда. Мысалы, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарынан поштамен келген, мұражай бұрышында сақтаулы тұрған хаттар өткен ғасырлардан сыр шертеді.
Ермұрат имам сөз арасында тағы бір мәселені еске салды. Ол алдағы уақытта мешіттің мұражай бұрышына заманауи үлгідегі экспозициялық витриналар мен үстелдер алғысы келеді екен. «Міне, осы ойыма мешіт жамағаттары мен дін жанашырлары да назар аударып, көмектерін көрсетсе» деген тілегін жеткізді.
Тілеуберді САХАБА. Үміт апа ауылы, Павлодар ауданы.
