Баянауыл ауданының орталығында әскерге шақыру пунктінің тұсауы кесілді. Енді жаңа мекеме Отан алдындағы азаматтық борышын өтегісі келетін жастарды қабылдауға дайын.
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, өңірдегі ескі әскери пункттің ғимараты 2018 жылы апатты деп танылған. Кейін облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жаңа нысанның жобасы жасалып, құрылысы бой көтерген. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталды, дейді мамандар. Сонымен қатар, мекеме қажетті жиһаздармен және техникамен қамтамасыз етілген. Заман талабына сай етіп салынған жаңа пунктте аудандағы әскер қатарына шақырушыларға қызмет көрсету үшін барлық мүмкіндік бар.
– Әскер – тәртіп пен жауапкершіліктің, батылдық пен бірліктің мектебі. Әскери пунктке келетін әрбір жас азамат елге қызмет етудің мәнін терең түсініп, өмірлік тәжірибе жинақтайды деп сенемін. Мұнда олар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сондай-ақ, осында заң талаптарына сай ашық әрі әділ жұмыс жүргізілетін болады, – деп атап өтті аудан әкімі Ардақ Кісентаев.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы.
