Шарбақтылық оқушыларға қалталы азаматтар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның дәлеліндей, 20-дан астам үздік оқушы Алматы облысындағы көрікті жерлерде орналасқан балалар лагеріне жолдама алған.
Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, өңірде оқушыларды табиғатты қорғауға, қамқорлық жасауға баулу шараларына баса мән берілуде. Осы мақсатта облыстық мәслихат депутаты Виталий Соломкиннің бастамасы бойынша ауданға қарасты 24 мектептің ауласына екі мың түп жеміс ағашы отырғызылған екен.
– Бұл ағаштарды баптап, күтуге қатысты оқушылар арасында байқау жарияланды. Соның нәтижесінде, бір топ оқушы Алматыдағы демалыс лагерьлеріне жолдама ұтып алды. Табиғатты аялап, күту, баптау, қамқорлық көрсету ісі мектеп жасынан басталуы тиіс. Осыған орай ұйымдастырылған сайыс балалар арасында қызығушылық тудырды. Тәрбиелік мәні зор мұндай шаралардың берері көп, – дейді аудан әкімі.
Айта кетерлігі, игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Н.АҚЫТЕГІ.
Шарбақты ауданы.
