Соңғы апта аймағымызда қатты аяз тұрды. Осы күндері Железин аудандық «Айбат» жастар бастамаларын дамыту орталығының «Аязда ала кет» әлеуметтік акциясын ұйымдастырып, қатты аязды күндері тұрғындардың тоңып қалмауына қамқорлық етті.
Жастар осылайша адамдардың сақылдаған аязда үйіне, жұмысына немесе әлеуметтік мекемелерге қауіпсіз жетуіне жәрдемдесуді мақсат еткен. Бастамаға ауданның ерікті жүргізушілері мен тұрғындары белсене атсалысқан. Яғни, баратын бағытына қарай жол-жөнекей ала кетіп, азаматтарға қатты аязда жүрек жылуын берген. Көбінде олар қарт адамдар мен ата-аналарға балаларымен көмек көрсеткен. Кейде арақашықтық жүздеген метр ғана болғанымен шұнақ аяз кезінде діттеген жеріне жетіп қалу айтарлықтай көмек болған.
Орталықтың директоры Р.Жаман-балиновтің айтуынша, акция қайырымды іс жасау үшін айтарлықтай ресурстың қажет еместігін, ең бастысы ниет екенін көрсеткен. Тіпті, көлік жүргізушілерінің арасында бүгінгі, ертеңгі күнді бөліп алып, жәрдемдесуге әзірліктерін танытқан.
– Акцияға қатысуға алдымен ниет танытқандардың бірі – Айнабек Жана-линов. Ол аязды күндері адамдарды жиі тасыды. Әсіресе, ауруханадан шыққан жандарға жәрдемдесті. Бұл күндері егде жастағы тұрғындар легі көп болды. Сондай-ақ, ол қазандықтарда жұмыс істейтін адамдарға ыстық шай мен бауырсақ таратты. Жаңа жұлдыз, Алакөл ауылдарының көлік жүргізушілері белсенділік танытты. Музей директоры Алтын Таңжарыққызы үйінен жұмысына және кері қайтарда жол-жөнекей жолау-шыларды ала кетіп, қамқорлық танытты. Ауданымызда аты-жөндерін айтуды қаламаған көптеген көлік жүргізушілері жобамызды қолдап, жақсылық жасады, –
дейді Р.Жаманбалинова.
Жастар орталығы игі іске бір кісідей атсалысқан мейірімді жандарға алғыс білдіруде. Дәл осындай әрекеттер қыстың суығын сездірмей, жүрекке жылу сыйласа керек.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Железин ауданы.
