Профессор, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнулина: Ұстаздық пен ізденіс – менің жолым

Қаң 29, 2026

Профессор, тіл жанашыры Айман Зейнулина – білім мен парасатты өмірлік мұрат еткен жан. Ол қырық жылға жуық еңбек жолында қазақ тілі мен әдебиетінің тағылымын шәкірттер санасына сіңіріп, ұлттық рух пен рухани құндылықтарды дәріптеуге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Ғылыми ізденіс пен ұстаздық міндетті қатар арқалаған ғалымның өнегелі өмір жолы, қазақ қызына тән қайсарлық пен зиялылықты танытатын тағдыры жайлы жуырда өзімен әңгімелесудің сәті түсті.

– Айман Файзоллақызы, бүгінгі күні ғұмырыңызда елеулі белеске жетіп отырсыз. Осы уақыт сізге не берді? Сіз қандай межелерге жеттіңіз? Жалпы, осы уақыт аралығындағы атқарған шаруаларыңызға көңіліңіз тола ма?

– Хакім Абай атамыздың шығармашылық әлемінде «Толық адам» деп айтып кеткен ұғымы бар. Зор жетістіктері мен атағы  бар азаматтардың өздері «толық адам» іліміне сай толыққанды, жетілген адаммын деп айта алмайды. Дегенмен, менің балалық кездегі ұстаз болу арманым, әкем мен шешемнің «өмірде өз орныңды тап» деп қанымен, тәрбиесімен бойыма сіңіргені өз жемісін берді деп есептеймін.

Менің өмірімде маған жақсы адамдар мен жақсы ұстаздар көп кездесті. Олардан аз сөйлеп, көп тыңдауды, маңдай теріңді төгіп, адал еңбек етуді, хақ жолда жүруді, тағылымды тәрбиелі болуды үйрендім. Әлі де үйренудемін. Жалпы, мен өзім адам ретінде әуелі Алланың пейіліне ризамын. Ата-анам, ата-әжем, ұстаздарыма қарыздармын.

– Ғылым жолы оңай жол емесі анық. Белгілі бір дүниені көпшілікке паш ету үшін көп тер төгіп, жаныңды беріп, барыңды саласың. Осы жолда әйел адамға отбасы, ошақ қасынан алшақтап кету қаупі бары сөзсіз. Сіз ердің жүгіндей  болған ғылым жолы мен отбасын ұштастыра алдыңыз ба?

– Әрине, дұрыс айтасыз, ғылым жолы өте қиын. Бірақ сол жолдың қызығы мен шыжығын қатар алып жүруге өнер, ақыл, үлкен жүрек керек. Иә, жетістікке жету жолында көп нәрсені жоғалтасың. Отбасыңа көңіл бөле алмай қалатын кездер де болады. Шындығында бір нәрсені құрбан етпей екінші нәрсеге қол жеткізу оңай емес. Ол заңды. Алайда уақытыңды үйлестіріп, әр нәрсенің жігін жатқызып, уақытты дұрыс пайдалансаң, жұмысыңда да табысты, отбасыңда  да береке болады. Жасыратыны жоқ, мектеп оқушыларына арналған күнделігім бар. Сол күнделікте бір ай бұрынғы жоспарымды жасап аламын. Бүгінгі атқарылар ісімді ертеңге қалдырмауға жанымды саламын. Өйткені уақыттың әр сәті қымбат. Мен үшін әр күн –
ұлы күн.

– Сіздің еңбектеріңізді саралап отырсақ, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті саласында атқарған көптеген еңбектеріңіз бір төбе де, Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығына арналған еңбегіңіз бір төбе. Алаштың аяулы ұлдарының бірі Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығын зерттеуге не түрткі болды?

– Бүгінге дейін оқу-әдістемелік және ғылыми-танымдық бағытында 300-ден аса ғылыми мақала мен ғылыми еңбектерім жарыққа шығыпты. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығына арналған еңбегімнің осы жұмыстар арасында бір төбе болуы – әдебиетке деген махаббатым. Сөз өнері – әдемі жауһар әлем. Біз жоғары оқу орнын тәмамдаған 1987 жылы көпті таңқалдыратын дүниелерді зерттеуге талпындық.

Мұхтар Әуезовті, Абайды оқыдық. Олардың бәрі — керемет дүниелер. Ал проза, ақ өлең жанрымен жазу Жүсіпбек Аймауытовтың еншісіне ғана тиген екен.

Менің педагогикалық институтта жұмыс істеп жүрген кезім болатын. «Жалын» журналынан Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының араб тілінен аудармасынан үзіндісін оқыдым. Жиырма шақты бет екен. Тапжылмай оқып шықтым. Кейін кафедра меңгерушісі Махамбет атамыздың ұрпағы, зерделі ғалым Ермек Өтебаевқа оқығаныммен бөлісіп, алған ерекше әсерімді жеткіздім. «Айман, құлыным, сен әдеби-тарихи жаңалықтың көкесін енді естисің. Бұл кісі жайлы жаңалықтар енді шығады. Оның еңбектері – жауһар, меруерт дүние», – дегені бар. Ол кісі алаштықтардың көп есімдерін атап өтті. Жүсіпбек Аймауытовтың Павлодар өңірінің тумасы, руы Күлік болғанынан болар, есімде бірден қалып қойды. Өйткені, әжем Күлік руынан еді.

Сол жылы Ж.Аймауытовтың 100 жылдық мерейтойы құрметіне орай ақынның жерлестерінің ортасында, яғни, Павлодарда ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияға академик Серік Смайылұлы Қирабаев келді. Ол кісінің бас баяндамасында Жүсіпбек шығармашылығы жайында біраз жұмбақ сырлардың басы ашылды. Сол конференцияда мен «Ақбілек» романына байланысты кішігірім баяндамамды жасадым. Ол баяндама Серік Смайылұлына ұнап, «Мына бала аспирантураға оқуға келсінші» деді. Міне, осылайша мен Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығын зерттеуге кірісіп кеттім.

Мен аспирантурада оқып жүргенде қазақ әдебиетінің теориясынан біраз тақырыптар ұсынылды. Ал Серік Қирабаев: «Осы қыз жақсы баяндама жасаған еді. Алаш тақырыбын алсыншы» деген. Маған осылайша «Жүсіпбектану» тақырыбы бұйырды. Қолымызда «Ақбілек», «Қартқожаның» үзіндісі ғана болды. Ғылыми жетекшімізбен бірге Омбыға, Қырғызстанға, Орынбор, Ташкент пен Ресей қалаларының біраз кітапханалары мен мұражайларында болдық. Сөйтіп, қажетті мәліметтерді жинап, Жүсіпбектің әдебиетші, теоретик, композитор, ақын, аудармашы, әнші, қолөнер шебері, әртіс, екенін дәлелдейтін құнды құжаттар мен материалдарға тап болдық.  Бұл тақырыпта мақала, монография ретінде әлі жазып жүрмін. Алдыңғы жылы мен Франция мен Италия елдерінде, Түркияның Памуккале университетінде ғылыми симпозиумына қатыстым. Онда Жүсіпбектанушы ретінде баяндама жасадым. Зерттеу нәтижесі ретінде «Ж.Аймауытовтың жазушылық шеберлігі» атты оқу құралы мен «Қазақ әдебиетінің алдаспаны» атты қазақ, орыс ағылшын тілдерінде  монография жарыққа шықты.

– Сізді көпшілік Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде де таниды. Өміріңіздің осы бір үзігін бірнеше жыл өткеннен соң қалайша бағалайсыз?

– Желтоқсан оқиғасына биыл 40 жыл болады екен. Қырық жыл бұрын жиырмадан жаңа асқан кезім. Төртінші курс студентімін. Оқуды тәмамдап, аспирантураға түсеміз деген мұратымыз бар еді. Мәскеуге барып, оқуды жалғастырмақ ойымыз да болды. Міне, осындай шақта аласапыран басталып кетті.

Біз саналы түрде бейбіт митингке шықтық. Онда өзіміздің қазақ тілінің жасампаз болуын, қазақ мектебінің ашылуын, қазақ жастарының жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету проблемаларының шешілуін талап еттік. Өйткені, сол уақытта бұл күн тәртібінің басты мәселелерінің бірі еді. Осындай мәселелердің шешімі табылсын деген ниетте алаңға шықтық. Намыс кернеді! Әлі де Желтоқсан оқиғасына байланысты шындық толық айтылып жатқан жоқ. Осынша адам қатысты, осынша адам қайтыс болды деген сандар әлі нақтыланған емес. Сондықтан алаштықтардың ақиқаты уақыт өте ашылғандай, желтоқсаншылардың да ақиқаты уақыт өте ашылатынына мен кәміл сенемін.

Әрине, тағдырымызға әсер етті. Мүмкін мен қазір ғылым докторы болар ма едім. Менің Мәскеуге барып оқысам, жазушы болсам деген армандарым болды. Оның бәрі жайына қалды. Бірақ менің көңілімді қуантатыны – сол кездегі жастардың қанымен, тағдырымен келген Тәуелсіздіктің арқасында  жеріміздің бекітілуі, қазақ тілімізде сөйлеп жүргеніміз, еліміздің бүкіл әлемге танылғаны. Ендігі мақсат – сол орнатқан тәу етер Тәуелсіздігімізді құлатып алмай, көз қарашығындай сақтап, құнды болуын қамтамасыз ету. Желтоқсан оқиғасын бір адамдай айтуға, жазуға толық құқығым бар. Және де сол үшін еңбектенуге тиіспін.

– Сіз мектептерді, аудан, ауылдарды жиі аралап, қазақ тіліне ғана емес, қазақтың дәстүріне, ділі мен дініне, мәдениеті мен тарихына қатысты кездесулерде білгеніңізбен бөлісіп жүресіз. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуға уақытты, күш-жігерді қайдан табасыз?

Жалпы, кез келген адам білімді болуы керек. Білімнің үш түрі бар. Бірінші  – адами білім. Жаныңдағы адамдардан көп нәрсені білуге, үйренуге болады. Көп адамдардың қателігі «мен білемінге» салуы. Жүсіпбек Аймауытов айтады екен: «Керемет мінсіз адам болмайды, жаман деген адамның өзінде іліп алар керемет жақсысы болады». Мен де кез келген адамнан жақсы нәрсені үйренуге тырысамын. Екінші білім – рухани білімге кітап оқу, ән-би, музыка тыңдау, табиғатты тамашалауды, діни сауаттылықты ашуды жатқызуға болады. Жақсы адамдармен араласу арқылы рухани байлыққа ие бола аламыз. Содан кейін көп оқып, көп тыңдай білу арқылы рухани азықтанамыз. Үшінші білім – кәсіби білім. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі кешегі классикалық білімге бүгінгі жаңа білімді ұштастырып, дамытып, кәсіби білімін жетілдіруі тиіс. Одан кейін қазіргі кезде тілді үйретудің технологиясы туралы көп еңбектер шығып жатыр. Ұстаздың алдында  сол еңбектерді салыстырмалы түрде қарап, оқып, сұрыптап, күнде-күнде білімді арттырып тұру міндеті тұруы қажет. Жалпы, бүгінгі күні адамды тек біліммен таңқалдыруға болады. Жауыр болған нәрсені айта бермей, жаңашылдықты ту еткеніміз жөн. Осы үш білімді ұштастыра білген адам білімді, тәрбиелі, мәдениетті, кемел адам.

Ауылдарға, мектептерге өзімдегі бармен бөлісуге барамын. Бүгінде мұғалімдер есеп жасап, қағаз басты болып, кейде тіпті, белгілі тақырып аясында сөйлесуге уақыт таба алмайтын кездерін көріп жүрміз. Ал жақсымен әңгімелескеннен ғанибет аласың. Сондықтан ондай орталарда үйренемін, өзімнің білгеніммен бөлісемін.

– Ғалым, қоғамның белсенді мүшесі, ұстаз, жан-жақты білімді адам – бүгінгі Айман Зейнулинаның отбасы, ата-анасынан алған тәрбиесі, тағылымы қандай болды?

– Қарапайым жұмысшы отбасында бес бала өстік. Мен үйдің тұла бойы тұңғышымын, ата-әжемнің баласымын. Әкем Файзолла демалыссыз қырық бес жыл бойы ауылда механизатор болып еңбек етті. Әкемнің «Еңбек ері» деген атағы бар. Шешем сабырлы, ақылды, қатал жан болды.

Мен отбасымда жақсы тәрбие алдым. Бұл кісілер үш-ақ нәрсені айтатын. Яғни, біреудің ала жібін аттамау, маңдай термен адал еңбек ету және қарапайым болу. Өмірде жетістікке жеткенімнің себебі, осы ұстанымға адал болғанымның арқасы деп білемін. Дегенмен, өзіме талапшылмын. Әр тірлігімді уақытында, сәтінде бітіргенді ұнатамын.

– Сіз Торайғыров университетіндегі «Қыз Жібек» қыздар клубына жетекшілік етеді екенсіз. Бұл клубқа жетекшілік етуіңіздің себебін білсек. Бүгінгі қыздар тәрбиесіне көңіліңіз толмағандықтан яки, өзіңіз де қыз тәрбиелеп отырғаннан аналық жүрегіңіз тыным бермеді ме?

–  Кезінде  7 000 қыз білім алатын Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институты (бүгінде Қазақ  мемлекеттік қыздар университетінде) студент болып жүргенде «Муза» деген клубтың мүшесі болдым. Клубқа Бақтажар Мекішев деген керемет өнертанушы ағамыз жетекшілік етті. Сол ағамыздың арқасында біз Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Зейнеп Ахметова сынды тұлғалармен кездестік. Бұдан өзге біз қазақ қызының тәрбиесі туралы лектория оқыдық, өзіміз соны үйрендік. Түрлі байқауларға қатыстық. Міне, қызық, 27 жыл өткеннен кейін Павлодар өңірінде, тұңғыш Президенттің бастамасымен «Қыз Жібек» қыздар клубы ашылды. Ал жетекшілікке келер болсам, ректорат мені бір ауыздан қолдап, клуб тізгінін берді. Қыздарымызбен екі рет республикалық деңгейде онлайн конференцияға шықтық. Республикалық қазақ қыздарын тәрбиелейтін толымды пилоттық жобаларды ұсындық. Кейін ұсыныстарымыз ескеріліп, қабылданды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Атырау, Шымкент, Өскемендегі «Қыз Жібек» клубтары ашылып жатқанда, бізді үлгі клуб ретінде көрсетілді. Біздің клубтың ерекшелігі, мен мүшелікке жігіттерді де шақырдым. Себебі, қыздардың кемшілігін білу үшін сырт көз керек. Олардан бүгінгі қыздардың артықшылығы мен кемшілігі, оларға қандай қыздар керек  деген мәселелер төңірегінде сөз қозғадық. «Мұсылман әйелдері» лигасы әжелерімен, Ішкі істер департементі қызметкерлерімен бірлесіп, байқаусызда қылмыс жасаған, ерте отбасын құрған жастармен және жалғызбасты қарттармен кездесулер ұйымдастырдық. Бұл кездесулердің мұраты — үлкендерден ғибрат алсын, шалыс басқандардан сабақ алсын деген ниет болды.

Сонымен қатар, қыздарымыздың сұлулығы мен рухани сұлулығына мән беруді, тіпті, киім кию әдебіне мән беруге тырыстық. Өзімізден бастайық деп, кафедра оқытушылары қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарын тағып жүреміз. Бұл да — насихат. Ұлттық нақыштағы атрибуттары бар киімдер киіп жүруді әдетке айналдырып жүрміз. Мұның бәрі — «Қыз Жібек» клубының аясындағы жұмыстардың нәтижесі. Клуб есігі өзге ұлт өкілдерінің қыздарына да ашық.

– Естуімше, сіздің актри-салық біліміңіз де бар. Оқырман білмейтін осы қырыңызбен бөліссеңіз…

– Менің мектепте керемет ұстазым болды. Ол — өз ісінің шебері, ұлықты ұстаз Рымтай Омарқызы Рыспаева. Ол кісінің сабақ беруі ерекше болатын. Әр сабақта әлгі мұғалім сыныпта неше адам бар, кім ауырып қалды деп сұрап жатпайтын. Мәселен, Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасын өтіп жатқан болсақ, бірден Пүліштің рөлін сомдап, диалогын айтып сыныпқа кіріп келетін. Мұғалім кімнің фамилиясын атайды, сол әрі қарай диалогты жүргізіп, Досан не Зәмзәгүл болып сөйлей жөнелуі тиіс болатын. Институт бітіргеннен кейін мен сол сыныпта үш жыл сабақ бердім. Құдды біздің сабағымыз спектакль болып өтетін. Сондай-ақ, мектебімізде драма үйірмесі болды. Сол үйірмеде біз «Шықбермес Шығайбай», «Қамар сұлуды» қойдық. Павлодар облысы бойынша алғаш рет өткен қазақ тілі мен әдебиетінің пәндік олимпиадасында мен Қамардың рөлін сомдап, бірінші орынды иелендім.  Бұл – мектептегі ұстазымның жемісі еді.

Содан бұл өнерімді институт қабырғасында да қолдандым. Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұловпен кездесу кезінде оқыған  өлеңімді, пікірімді тыңдап, ол кісілер: «Мына қыздың дауысы ашық екен. Бізге курсқа кел» деп шақырды. Арамыздан бірнеше қызды таңдап алды. Содан біз аяқ астынан театр институтындағы Асанәлі Әшімовтің «Сахна тілі» деген үйірмесінде екі жыл білім алып, сахна тілі курсын растайтын анықтаманы қолымызға алып шықтық. Оқуымыздың соңында Фариза Оңғарсынованың поэзиясы тақырыбында поэзиялық спектакль қойдық. Бұл менің институтта, кейін жұмыс істеген орындарымда драма үйірмесін жүргізуіме мүмкіндік болды. Павлодар мемлекетті университетінде  де біздің «Дидар» деген драма студиямыз болды. Осындағы көп мұғалімдер де сол студия арқылы өнерлерін паш етті.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Жалпы, менің өмірлік ұстанымым – Ұлы Қазақ елінің ұлттық құндылықтарын сақтап, насихаттап, тәрбиесімен өмір сүру, Ұлттық рухты биік ұстау, адал еңбек ету, қарапайым болу.

Менің қырық жылдық еңбегімді бағалаған Павлодар өңірінің зиялы қауымына, кафедра, деканат, жалпы, Торайғыров  университеті ұжымы мен басшылығына алғысым зор. Талай-талай марапат алдым. Мұның бәрі ұжымымның, шәкірттерімнің кішкентай еңбегімді бағалағаны деп білемін. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді ғой. Шәкірттерім бүгінде әр салада, әсіресе білім мен ғылым саласында табысты еңбек етіп жүр. Көріп қалса, алғыстарын айтып, ризашылықтарын жеткізіп жатады. Мен үшін одан асқан бақыт жоқ! Бастысы, елім тыныш, табысы толағай мол, ұрпағы білімді де парасатты, өркениетті ел қатарында тұғыры биік болсын!

– Әңгімеңізге рақмет! Мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан –  Айдана БОРАНБАЕВА.