Аймағымызда өткен жылы бір жасқа толмаған 47 сәби шетінеген. 2024 жылы 52 нәресте жарық дүниемен қоштасты. Салыстырмалы түрде көрсеткіш шамалы төмендегенімен мәселе алаңдатарлық. Дәрігерлер шақалақтың шетінеуіне жүктілік, және босану кезіндегі асқынулар себеп екенін айтады. Сондай-ақ, сәби өмірге келген сәтте туабіткен аурулар әсер ететінін алға тартады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның сөзіне сүйенсек, аймағымызда өткен жылы бала және сәби өлімі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен аудандық деңгейдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында тіркелген. Бұл жағдайдың алдын алуда басқарма тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіледі. Сәби өлімі орын алған кезде талдау жүргізіліп, себебі анықталады.
Өмірге дені сау ұрпақ әкелуде дәрігерлер мен әйелдер арасында ауқымды жиын өткізіледі. Мәселен, 2025 жылы облыстық балалар ауруханасы базасында штаттан тыс педиатр И.Орсагаштың жетекшілігімен педиатрлар қоғамының 7 отырысы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, білікті мамандардың қатысуымен аллергия, гастроэнтерология, неврология сынды өзге де бағыттар бойынша ғылыми конференциялар, семинарлар өткізілген. Облыста сәби және бала өлімі көрсеткіштерін төмендету мақсатында медициналық көмек сапасын арттыру, кадрлардың кәсіби біліктілігін күшейту және перинаталдық қызметтің тиімділігін жақсарту бағытында жұмыс жалғасуда.
Баланың құрсақта шетінеп кетуіне және мерзімінен бұрын тууына не себеп? Болашақ аналар нені ескеруі тиіс?
Павлодар қаласындағы қыз-келіншектер арасында танымал гинеколог Айжан Серікқызының айтуынша, бала сүйгісі келетін әйелдер жүктілікті алдын ала жоспарлап, жауапкершілікпен қараулары тиіс.
— Өкінішке қарай, қазіргі қыз-келіншектер жүктілікті алдын ала жоспарламайды. Құрсағында сәбиі барын білген кезде ғана денсаулықтарында кінәрат барын аңғарады. Ал аяғы ауыр әйелдер барлық ем-шараны қабылдай алмайтынын білесіздер. Сондықтан дені сау ұрпақ сүйгісі келетін аналар ең алдымен медициналық тексеруден толық өткен соң ғана сәби сүюді жоспарлау керек. Бұдан бөлек, түсік тастаған, баласы шетінеп кеткен әйелдер ағзасына демалыс бермей, тағы жүкті болып жатады. Бұл жағдай сәби түгіл әлгі әйелдің денсаулығына қауіп әкелуі мүмкін. Бұл кезде кем дегенде 2 жыл өткен соң ғана жүктілікті жоспарлауға болады. Тағы бір мәселе бар. Кейбір жас аналар жыл сайын босануды сәнге айналдырады. Баласы бір жасқа толмай, екіншісін көтеріп жатады. Тіпті, 5 жылда 4 бала сүйгендер бар. Жас кезде сәби сүйіп алайын дейтін шығар. Бірақ әйел ағзасы, жатыры демалмайды. Бұл жағдай ана денсаулығын нашарлатады. Қазір білінбегенмен, кейін ағзада түрлі аурулар пайда болары сөзсіз. Созылмалы ауруға шалдыққан, жасы келген әйелдерге де бала көтеруге болмайтынын айтқым келеді, — дейді А.Серікқызы.
Гинеколог бала сүюді жоспарлап жүрген қыз-келіншектерге тіркеуде тұрған емханадағы әйелдерге кеңес беру бөліміне барып, қажетті медициналық сараптама тізімін алу керектігін еске салады. Ағзада қандай да бір асқынулар болса, алдын ала емделіп қана бала көтеру керек. Дені сау әйелден дені сау бала дүниеге келеді.
Облыста ай-күні толмай ерте босанып, салмағы бір келіге жетпейтін шақалақты перинаталдық орталығының неонатологтары қарайды. Бұл мамандар сәби дүниеге келген күннен бастап, анасы перзентханадан шыққанға дейін жандарынан табылады. Дәрігерлер шала туған сәбилердің денсаулығында ең бірінші кезекте тыныс алу мүшелерінде кінәрат болатынын айтады. Оған өкпе қуысының толық жетілмеуі себеп. Перинаталдық орталықта оттегіні автоматты түрде беретін әрі жайлы температуралық режимді сақтап тұратын кувез құрылғысы бар. Баланы ішіне орналастырған соң қажетті температураны, ылғалдылық нормалары белгіленеді. Шақалақта өкпе жетіспеушілігінен бөлек, респираторлық дистросиндром, бас сүйек ішіне қан құйылу, бронх-өкпе дисплазиясы, туа біткен пневмония, хирургиялық аурулар да жиі тіркеледі. Сондай-ақ, ретинопатия аурулары да көбейген. Шала туған шақалақтар ұзақ уақыт өкпені тыныс алдыратын аппаратта жатқанда, оттегі мөлшерінің тым көп болуынан көз жанарының тамырлары зақымданады. Сөйтіп, көз аурулары пайда болады немесе ол туабітті пайда болуы мүмкін. Неонатологтар салмағы 500, 700 немесе 1 келі сәбилерді емдеумен айналысады. Осыдан-ақ, дәрігерлерге жүктелетін жауапкершілікті аңғаруға болады.
Сәби сүюді жоспарлап жүрген және жүкті әйелдер үшін құрсағындағы шақалақтың аман-есен өмірге келуінен асқан бақыт жоқ. Әрбір ана үшін бала денсаулығы бірінші орында. Сондықтан дені сау нәрестені құшаққа алу үшін дәрігерлердің кеңесіне құлақ асудың маңызы зор.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
