Ұл-қызыңыздың үлесі қандай?

Қаң 29, 2026

Қазақстанда «Ұлттық қордан – балаларға» ұлттық жобасы аясында биыл да ұрпақ игілігіне аударым жасалмақ. 18 жасқа дейінгі балалардың әрқайсысына алдын ала есептеу бойынша 100-130 АҚШ доллары шамасында болмақ. Бұл сома ұлттық қордың 2025 жылғы инвестициялық кірісіне байланысты айқындалады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов нақты сома 1 ақпанда жарияланатынын мәлімдеді. Себебі, аударылатын сома балалардың санына байланысты белгіленеді. Яғни, жаңа туған балалар, шетелге кететін балалар, азаматтықтан шығатын балалар ескеріледі.

– Алдын ала мәліметтер әр балаға төленетін сома өткен жылғыдай шамамен 100-130 АҚШ долларына жуық болады деп болжануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қорды басқарудан кіріс 8,7 млрд долларды құрады, бұл доллармен есептегенде жылдық 15 пайызға пара-пар. Қос цифр да рекордтық саналады, қорды басқару тарихында мұндай нәтиже бұған дейін ешқашан болмаған, – деді Т.Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, Ұлттық қордың жоғары кірістігі трансферттер мен одан қаражат алынғанына қарамастан өсім жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Ұлттық қордан балаларға үшінші рет ақша аударылмақ. Алғашқы жылы
18 жасқа толмаған қазақстандық балалардың әрқайсысына 100 АҚШ долларынан түссе, былтыр 129 АҚШ доллары аударылды.

Осы орайда, шоттағы қаржыны уақытынан бұрын кәдеге жаратуға болмайтынын ескеру керек. Өйткені, заң бойынша Ұлттық қордан аударылған ақшаны балалар 18 жасқа толғанда ғана білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсаттарына жұмсай алады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылы ұлттық жоба іске асқан сәттен бері елімізде 18 жасқа толған 205 505 азаматтан мақсатты жинақтарын алуға өтініш түскен. Оларға жалпы сомасы 31,61 млн АҚШ доллары белгіленген операторға аударылған. Ары қарай өтініш берушінің банктік шоттарына жіберіледі. 127 445 өтініш тұрғын үй жағдайын жақсартуға аударылса, 78 060 азамат оқу ақысын төлеуге бағыттауды жөн көрген.

Қазіргі таңда Ұлттық қордан үлестірілген қаражатты иесі ғана өз қажетіне жарата алады. Яғни, отбасының ішінде үлкен балалардың 18 жасқа толған соң жинақталғанын кіші бауырларына аударуға рұқсат жоқ. Алайда, жуырда брифингте журналистер сауалына жауап бере отырып, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл мәселені қарастыруға болатынын мәлімдеді. Егер мұндай мүмкіндік берілсе, қаржыны біріктіріп, ортақ мүддеге жұмсауға болар еді.

Айта кетейік, 2008 жылы туған, яғни биыл 18 жасқа толатын азаматтарға да Ұлттық қордан ақша түседі. Ұлтты қор ақшасы 1 ақпанда аударылады деп күтілуде. Егер қордың қаражаты түспесе, деректер базасында баласының бар-жоғын айқындап, жоқ болса, egov.kz порталындағы жеке кабинетке бала туралы дербес деректерін енгізуге болады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.