Бұдан былай мұғалімдер WhatsАpp желісіне «байланып» отырмауы мүмкін. Яғни, олар сынып чаттарындағы ата-аналардың үздік-создық жаза беретін сауалдарына жауап бермеуге құқылы. Себебі, бұл мәселені халық қалаулылары назарға алып, педагогтердің мектептен тыс уақытта өз шаруасымен айналысуларына мүмкіндік жасау қажеттігін алға тартуда.
– Қазір жағдай тіпті қиындап кетіпті. Қағазбастылықпен қатар, WhatsАpp чаттар пайда болған екен. Бұл — ұстаздарға қосымша жүктеме. Мұғалім 24 сағат модератор болуға міндетті емес. Сондықтан фракция депутаттары бұған тосқауыл қоюды жоспарлап отыр, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Қазіргі таңда осы мәселе ел арасында жан-жақты талқыланып, екіұдай пікір тудыруда. Қызуы басылмаған тақырыпты «Алаң» айдарында да ортаға салып көрген едік.
Шәрбат ЖҰМАДІЛОВА, ардагер ұстаз:
– Қазіргі уақытта барлық сыныптың ата-аналары мен оқушыларына арналған WhatsАpp чаттары бар. Алайда оның пайдасымен қатар, зияны да көп екенін мойындау керек. Осы жөнінде әңгіме болған кезде мұғалімдердің көбі ата-аналардың түнгі уақытта ананы-мынаны сұрап, мазаларын алып жататынын айтып қиналып қалады. Әрине, бұлай жасау дұрыс емес. Сондықтан алдымен ата-аналар мен балалар WhatsАpp желісін дұрыс пайдалану мәдениетін білуі қажет деп ойлаймын. Олар ұстаздың жеке өміріне, үйдегі тірлігіне кедергі келтірмеуі үшін бір уақыт белгіленіп, сол сәттен кейін мазалауға тыйым салынғаны жөн. Яғни, қарым-қатынас жасау нормасы болуы тиіс. Әйтпегенде, кейбіреулер, әсіресе, бастауыш сыныптың шәкірттері мен аналары күні бойы чатқа сұрақ қойып, тіпті, ол аз болғандай, мұғалімнің жекесіне жазатын жағдайлар да жиі орын алады екен. Мұндай әдепсіз әрекетке бару ақылға қонбайды. Осындай жағдайды басынан кешірген жас мамандар қиналып қалатыны сөзсіз. Ал көпті көрген тәжірибелі ұстаздар кешкі уақытта тыныштық беруін ашық айтып, ескерту жасап қояды. Бұл талап біреулерге ұнамауы мүмкін.
Ең дұрысы, жаңа заманның жаңа мүмкіндігін орнымен пайдаланған дұрыс. Бастысы, мұғалім жапа шекпеуі қажет.
Азамат ШАЙМҰРАТ, «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы:
– Бүгінгі таңда WhatsApp желісі мұғалім мен ата-ана арасындағы байланыс құралына айналды. Алайда кейбір жағдайда бұл чаттар өз шегінен асып, ұстаздарға үлкен салмақ салып отырғанын мойындауымыз керек. Қалай десек те, мұғалім күні бойы онда онлайн отыруға міндетті емес. Ол да алаңсыз демалуға, отбасымен уақыт өткізуге құқылы. Сол үшін ата-аналар әрбір мәселе туындаған сайын күн-түн демей бірден чатқа жазып, жедел жауап талап ететін болса, бұл ұстаздың кәсіби беделіне нұқсан келтіреді. Кез келген мәселені шешудің өз уақыты мен жолы бар. Сондықтан әрдайым сабырмен әрекет еткен жөн. Ұстаз бен ата-ана бір-біріне қарсылас емес, керісінше, бір мақсат жолында бірге жұмыс істейтін серіктестер болуы тиіс.
Қорытындылай келе, WhatsApp чаттары педагогтерге кедергі келтіріп, орынсыз сын мен талап алаңына айналса, онда бұл білім беру сапасына кері әсерін тигізетіні анық. Сонымен қатар, мұндай жағдай мұғалімдердің бет-беделін түсіріп, көңіл-күйіне, психологиясына да әсер етуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда WhatsАpp-тағы байланысқа тосқауыл қою дұрыс деген ой келеді.
Гүлғайша БИЛЯЛОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Мен оқушылардың анасы ретінде сыныптарға арналған WhatsАpp чаттар болуы тиіс деп ойлаймын. Сондай-ақ, ондағы сауалдарға ұстаздар уақыты болған кезде мәдениетті түрде жауап беріп отырғаны жөн. Өйткені, әр ата-ана баланың заңды өкілі болғандықтан, оның ойдағыдай білім алуына, қауіпсіздігіне және қатарынан қалмай өмір сүруіне тікелей жауапты. Сондықтан баланың оқу үлгеріміне немесе тәрбиесіне қатысты қандай да бір мәселе туындаса, үлкендер жағы бірден мұғалімдеріне хабарласатыны сөзсіз. Міне, осындай жағдайда ұстаздар да ата-анаға қабақ шытпай жауап беріп, түсіністік танытқаны абзал. Өз басым үйдегі ата-анадан кейін балаға жауапты екінші адам – мұғалім деп есептеймін. Оның үстіне, мәселе оқушыға қатысты болып тұрса, мұның еш сөкеттігі жоқ дер едім. Ал ешбір себепсіз ұстаздарды мазалап жатса, әрине әңгіме басқа. Сондықтан бұл мәселені екі тарап та түсінуі тиіс.
Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар жұмыстан кеш келетіндіктен, шарасыздан түнде чат арқылы мұғалімдерге хабарласуы мүмкін. Осындай жағдайлар үшін WhatsАpp-тағы байланысты тоқтату дұрыс емес деп ойлаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.
