Обырдан оңалудың жолы бар

Қаң 29, 2026

Әлем бойынша дәрігерлер емге дауа таба алмай келе жатқан ауру түрі – обыр. Қатерлі ісікке душар болған адам психологиялық тұрғыдан азап шегетіні де сондықтан. Рак клеткаларын жоюға көмектесетін негізгі әдіс – химиотерапияның өзі ағзаны әлсіретіп, салмақты азайтады. Аты жаман аурудан құлан таза айыққан адам ілуде біреу.

Республикада обыр бойынша Павлодар облысы  алдыңғы қатардан түскен емес. Өкінішке қарай, жаман ауруға шалдыққан адамдардың қатары жыл сайын артып келеді. Облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Әсел Асқарованың айтуынша, аймақта жалпы саны 14 438 адам диспансерлік есепке алынған. Өткен жылы науқастардың санын 2441 адам толықтырған.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша обырдан аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шақ-қанда 333,6 көрсеткішті құрады. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға көп. Қатерлі ісік түрлеріне жеке тоқталатын болсам, бірінші орында сүт безі обыры тұр. Жаман аурумен ауыратын науқастың 12,9 пайызы осы диагнозбен күресуде. Екінші орында колоректалды обыр, үшінші орында өкпе обыры тұр. Асқазан обырына шалдыққандардың үлесі 5,6 пайызды құраса, науқастардың 4,4 пайызы жатыр мойны обырынан емделуде. 2025 жылы онкологиялық аурулардан туындаған өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 71,6 көрсеткішке тең болды. Бұл көлем 2024 жылмен салыстырғанда 29,6 пайызға төмен екенін атап өткен жөн, — дейді Әсел Асқарова.

Әсел Тоқмағанбетқызының сөзіне сүйенсек, өткен жылы жаман аурудан көз жұмған науқастардың 16,4 пайызы өкпе обырынан қайтыс болған. Ал 12,1 пайызы колоректалды обырмен күресіп, жеңе алмаған. Қатерлі ісікпен күресуде ауруды алғашқы сатыларда анықтаудың маңызы зор. 2025 жылы дертті ерте диагностикалау көрсеткіші 33,1 пайызды құраған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға жоғары. Өкінішке қарай, қатерлі ісік асқынған саты кезінде анықталса, күресу оңайға соқпайды. Өткен жылы 3-інші және 4-інші сатыларда белгілі болған көрсеткіш 9,9 пайызды құраған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға төмен.

Дәрігерлер қатерлі ісіктің алдын алуда скринингтік тексерулердің маңызы зор екенін айтудан жалыққан емес. Бұл диагностика обырды ерте сатыда анықтауға, оны болдырмауға мүмкіндік беретін зерттеу. Мәселен, өткен жылы облыста жалпы саны 145 мың 340 адам скринингтен өткен. Оның ішінде 152 адамнан обыр анықталған. 108 әйелдің сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққаны белгілі болған. Жоғарыда атап өткеніміздей, дерттің бұл түрі бірінші орында тұр. Жатыр мойны обыры бойынша 37 мың 460 әйел тексеріліп, 15-сінен жаман ауру анықталған. Колоректалды ісік бойынша скринингтен өткен 57 мың 417 адамның 32-сі қатерлі ісікке душар болған.

Осы мәселеде жыл сайын скринингтік тексерулерді өткізетін білікті маман, «Almaz Medical Group» ЖШС-ның жалпы тәжірибе дәрігері Дидар Валиханованың да ойын білген едік.

— Қазақта: «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген әдемі сөз бар. Скрининг — профилактикалық шара. Яғни, адам денсаулығын тексеру мақсатында жүргізілетін сараптама. Скрининг денсаулығы бірқалыпты, сау адамдар арасында өткізілетін шара екенін атап өткім келеді. Тексеруге келу үшін міндетті түрде сырқаттанып қалу маңызды емес. Ем-шара адамдардың жас ерекшеліктеріне қарай өткізіледі. Өкінішке қарай, қатерлі ісік 3-4 сатыларда ғана адам ағзасын ауырта бастайды. Жаман аурудың алғашқы сатыларында ауырсыну сынды белгілер мазаламайды. Адамдар қатерлі дертке душар болғанын кеш біліп жататыны сондықтан. Сол себепті онкологияны бірінші сатыда тек скрининг арқылы анықтауға болады. Уақытылы скринингтен өту – аурудың алдын алудың кепілі. Бұдан бөлек, медициналық тексеру кезінде ағзадағы созылмалы ауру белгілері де анықталып жатады. Сондықтан адам ауырмаса да скринингке келуі қажет. Егер онкология алғашқы сатыда белгілі болса, жаман аурудан айығуға мүмкіндік зор. Сондықтан емхана қызметкерлері скринингтік тексерулерге шақырғанда, бас тартпауды сұраймын, — дейді дәрігер.

Атап өтерлігі, қазіргі уақытта қатерлі ісік ауруын емдеуде заманауи технологиялар қолданылады. Онкодиспансерде «Revolution EVO» компьютерлік томографы, «SIGNA Creator» магниттік-резонанстық томографы, «Varian Medical Systems» компаниясының КТ-симуляторы бар сызықтық үдеткіші орнатылған. Бұл жабдықтар қатерлі ісікке қарсы жоғары технологиялы сәулелік терапия жүргізуге мүмкіндік береді. МРТ зерттеулерінде гадоксет қышқылы қолданылады. Бұл әдіс бауырдағы әртүрлі жаңа түзілімдерді дәл анықтай алады. Бұдан бөлек, 3D конформды сәулелік терапия, IMRT қарқынды сәулелік терапиясы да жүргізіледі. Онкодиспансерде PACS жүйесі — DICOM бейнелерін сақтау және жіберу жүйесі енгізілді. Жаңа технология сүт безі обырын скринингтік тексеруден өткізу кезінде маңызды. Яғни, барлық маммографиялық суреттер PACS бағдарламасы арқылы өңделіп, нәтижені алу мен диагноз қою жүйесін жеделдетеді.

Еске сала кетейік, онкологиялық диспансер қызметкерлері жаман аурудың алдын алуда қала тұрғындарына «Ашық есік күнін» жиі өткізеді. Қатысушыларды тегін тексеруден өткізіп, медициналық кеңес береді. Мұндай хабарландыруды көз шалғанда уақыт тауып, қатысудың маңызы зор. Денсаулық өз қолымызда екенін ұмытпайық!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.