Павлодарда өткен «Менің жан сезімім» атты авторлық кеш бір кештің ғана емес, тұтас бір адамның өмір жолының, ішкі әлемінің, өнерге деген адалдығының көрінісі болды. Бұл кеш арқылы көрермен композитордың шығармашылығымен ғана емес, Мұхит Мұлқаразовтың өзімен, оның тағдырымен, мінезімен, жүрек тербеген сезім-дерімен жақынырақ танысты.
Мұхит Қабышұлы Мұлқаразов 1964 жылы 25 мамырда Семей облысы Абай ауданына қарасты Көкентау ауылында дүниеге келген. Балалық шағынан өнерге жақын болып өскен ол мектеп қабыр-ғасында жүріп-ақ ән айтып, вокалды-аспаптық ансамбль құра-мында өнер көрсетті. Музыка оның өмірінде кездейсоқ пайда болған қызығушылық емес, ерте қалыптасқан өмірлік таңдау болды.
1982 жылы Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжге түсіп, үрлемелі аспаптар бөлімінің кларнет сыныбында білім алады. Дәл осы кезеңде оның алғашқы әндері дүниеге келе бастайды. Кейін Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы педагогикалық және мәдениет институтында саксофоншы маман-дығы бойынша оқып, 1993 жылы оқуын аяқтайды.
Еңбек жолын Тараз облыстық филармониясының «Жас толқын» вокалды-аспаптық ансамблінің жетекшісі ретінде бастап, кейіннен Жамбыл өнер және мәдениет колледжінде ұстаздық қызмет атқарады. 2008 жылдан бері Павлодар қаласындағы Музыкалық колледждарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінде кларнет және саксофон сыныбының ұстазы. Осы жылдар ішінде ол тек музыкант қана емес, талай шәкіртке жол көрсеткен ұстаз, сахна мен сыныпты тең ұстаған нағыз өнер адамы ретінде қалыптасты.
2025 жылы Иса Байзақов атындағы облыстық филармония сахнасында өткен «Менің жан сезімім» кеші осы ұзақ жылдық еңбектің, ішкі толғаныстың, шығармашылық жинақтың нәтижесі болды. Концерт барысында компо-зитордың 18-ге жуық туындысы орындалып, тыңдарманға әртүрлі көңіл-күй сыйлады. Аспаптық шығармалар мен әндерден Мұхит ағамыздың өмірге, туған жерге, адамға деген көзқарасы, нәзік жан дүниесі сезіліп тұрды.
Кешке Павлодар облысының жетекші шығармашылық ұжымдары қатысты. Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, музыкалық колледждің үрлемелі аспаптар оркестрі, қобызшылар мен скрипкашылар ансамбльдері, балалар хоры, сондай-ақ кәсіби әншілер мен композитордың шәкірттері сахнада бас қосты. Бұл Мұхит Мұлқаразовтың шығармашылығының буындар арасын жалғап тұрғанын, оның музыкасы жас пен кәріге бірдей жақын екенін көрсетті.
Кештің ерекше сәттерінің бірі «Павлодар» маршының орындалуы болды. Қазақстанда облыс орталығына арнайы жазылған марштардың сирек екенін ескерсек, бұл туынды өңір мәдениеті үшін тарихи маңызға ие. Марштың филармония сахнасынан шырқалуы Павлодар өнерінің жаңа бір белесіне айналды.
Осы кеште Мұхит Мұлқаразов Қазақстан Композиторлар одағының мүшелігіне қабылданып, одақ төрағасы, профессор Серікжан Әбдинұровтың қолынан куәлік пен төсбелгі алды. Бұл – композитордың көп жылғы еңбегіне берілген әділ баға ғана емес, оның шығармашылығына жаңа жауапкершілік жүктейтін маңызды кезең. Еліміз егемендік алғалы Павлодар облысының осы күнге дейін тіркелген алғаш әрі жалғыз композиторы.
Мұхит Мұлқаразов – даңқ қуған емес, үнсіз еңбек етіп, музыка арқылы өз ойын жеткізген жан. Оның шығармалары күрделілігімен емес, шынайылығымен, жүректен шығуымен құнды. «Менің жан сезімім» кеші көрерменге осы шынайылықты сездіріп, бір адамның өмір бойы музыкаға адал болып қалғанын дәлелдеді. Қала әкімдігінен Алғыс хат табысталды.
Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.
