Қазір қай саланы алсақ та, қызметтерді барынша оңтайландыру, тиімді етуге түбегейлі көңіл бөлінуде. Әсіресе, цифрландыру элементтерін енгізу арқылы бұл мақсатқа қол жеткізіліп жатыр. Мұндай жаңашылдықтар мемлекеттік қызметте де орын алуда. Яғни, азаматтарға қызмет алуға қолайлы жағдай туғызу, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында «E-Qyzmet» ақпараттық жүйесі біраз жыл бұрын іске қосылды. Заман талабына қарай жыл сайын жетілдіру, жаңа сервистер қосуға мән беріліп келеді.
Сонымен, бұл платформаның тиімділігі неде? «E-Qyzmet» – бұл бірыңғай онлайн-жүйе. Ең алдымен, мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасуға ниетті азаматтар үшін өте қолайлы. Қат-қат құжатты арқалап, көздеген мекемеге барудың қажеті жоқ. Себебі, құжаттар дәл осы платформа арқылы онлайн қабылданады. Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің мәліметінше, азаматтар конкурстар мен әңгілемесуге де барып, қатыспайды. Бұл да онлайн өткізіледі. Демек, цифр-ландыру дәуірі кезіндегі кедергілі жолды жеңілдетіп берді. Сондай-ақ, аталмыш ақпараттық жүйенің көмегімен қажетті мемлекеттік құжаттарды алуға немесе жіберуге жол ашық. Қызметкерлерді ауыстыру, олардың тиімділігін бағалау, мансаптық өсуді жоспарлау үдерісі де осы платформа ішінде үздіксіз жүргізіледі.
Естеріңізде ме, бұрын бір органға қажетті ақпаратты алу үшін келесі мекеменің табалдырығын тоздыруға тура келді. Ал қазір қаншама мемлекеттік органның базасы бір-бірімен кіріктірілген. Атап айтқанда, «E-Qyzmet» азаматтар мен ұйымдардың дерекқорымен, білім беру мен АХАТ дерекорларымен, egov.kz және enbek.kz порталдарымен, ҚР Құқықтық статистика және арнайы есепке алу дерекқоры және мемлекеттік органдардың өзге де ақпараттық жүйелерімен біріктірілген. Өзара байланыс деректерді автоматты түрде тексеруге, қағазбастылықты азайтуға және процестерді едәуір жеделдетуге мүмкіндік берген.
Департамент мамандары бұл жүйе 2023 жылы енгізілгеннен бері оң өзгерістер мен тиімділігі анық аңғарылғанын айтады.
– Мемлекеттік қызметке қашықтан әрі цифрлық түрде іріктеу мүмкін болды. Құжаттарын онлайн тапсырған үміткерлер конкурсқа әлемнің кез келген жерінен тәулік бойы қатыса алады. Оған қоса, объективтілік пен ашықтық қамтамасыз етілді. Жүйе үміткерлердің құзыреттері мен дағдыларын автоматты түрде бағалайды. Бұл дегеніңіз «адами фактордың» ықпалын айтарлықтай төмендетеді. Аталмыш жүйе арқылы мемлекеттік қызмет ашығырақ бола түсті, ал конкурстар барлық азаматтар үшін ыңғайлы форматта өткізіледі, – дейді департамент өкілдері.
Осы орайда, құзырлы орган ақпараттық жүйе енгізілгенге дейінгі рәсімдермен салыстыра келе, қазіргі таңда біршама жеңілдегенін, оңтайландырылғанын айтады.
– Мәселен, бұрын төменгі лауазымдарға үміткерлер ауызша әңгімелесуден өтіп, комиссия алдында сұрақтарға жауап беру үшін мекемеге келетін. Қазіргі уақытта бұл кезең нақты практикалық тапсырмалармен алмастырылды. Бұл тапсырмалар үміткердің нақты жұмыс барысында қажет болатын дағдыларын тексереді, яғни, құжаттарды дайындау, деректермен жұмыс істеу, қызметтік жағдайларды шешу шеберлігін сарапқа салады. Үміткер тапсырмаларды онлайн орындайды, ал жүйе нәтижені автоматты түрде бағалайды, – дейді құзырлы орган өкілдері.
Былтыр облысымызда «E-Qyzmet» жүйесі арқылы 565 азамат құжаттарын онлайн тапсырып, мемлекеттік қызметке сәтті орналасқан. Өткенмен салыстырсақ, жұмыстың қаншалықты жүйеленгенін көресіз. Мысалы, құжаттарды үміткер өзі әкеліп тапсыруы талап етілді. Әңгімелесу сол мекеменің кеңсесінде өткізіліп келді. Үміткерге қатысты әр дерек қолмен тексеріліп, ұзақ уақыт күтуге тура келді. Ал қазір құжаттар онлайн тапсырылып, тексеріледі. Барлық ақпарат басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен автоматты түрде салыстырылады. Сондай-ақ, конкурс пен жұмысқа орналасу нәтижелері жүйеде тіркеліп, азаматқа бірден қолжетімді жолданады. Міне, цифрландыру бір ғана салаға қандай жеміс әкелді. Ең бастысы адам үшін ең қымбат уақытты үнемдеуге мүмкіндік берді. Оған қоса, әр процестің ашықтығын қамтамасыз еткен.
«E-Qyzmet» жүйесі құжат айналымы үшін де ыңғайлы екенін дәлелдеді. Құжаттар жылдам өңделеді. Статистикалық мәліметтерді санаулы минуттар ішінде қалыптастыруға мүмкіндік береді және өзге де сервистік қызметтері баршылық. Мұның уақытты үнемдеумен қатар қателіктерді азайтуға және барлық процестердің ашық әрі түсінікті болуына жол ашады.
Ақпараттық платформа кадрларды басқаруға да мүмкіндіктер берген. Қызметкерлерді қабылдау, ауыстыру, олардың жұмыс тиімділігін және мансаптық өсуін қадағалау — бәрі ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асады.
– Заманға қарай талаптар өзгереді. Соған сай біздің жүйені де жетілдіруге мән беріледі. Алғаш енгізілген сәтінен бері тұрақты дамытылуда. Мәселен, құжаттарды тапсыру және конкурстарға қатысу үшін сыртқы портал іске қосылды. Бірқатар дерекқорлармен, порталдармен интеграцияланды. Үміткерлер мен жұмыс берушілердің деректерін автоматты түрде тексеру мүмкін болды. Ауызша әңгімелесудің орнына практикалық дағдыларды бағалау қолға алынды. Мемлекеттік қызметшілерге арналған мобильді қосымша іске қосылып, құжаттарды тапсыру және онлайн қол қоюға жол ашылды. Конкурстарға тәулік бойы (24/7) қатысу мүмкіндігі берілді, – дейді департамент мамандары.
Жасанды интеллект жылы аталмыш жүйені әлі жетілдіру жалғасын таппақ. Алдымен елдегі барлық цифрлық платформалармен толық интеграциялау көзделіп отыр. Үміткерлердің, қызметкерлердің құзыреттерін бағалауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланыпты. Сонымен қатар, құжат айналымы мен статистиканы толық автоматтандыру, пайдаланушылардың пікірлері негізінде жаңа модульдер мен сервистерді енгізу мақсат етілген.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
