Өмір өрнегі, ғұмыр ғибраты. Жуырда осындай атаумен Торайғыров университетінің қабырғасында филология ғылымдарының докторы, профессор, тіл жанашыры Айман Зейнулинаның 60 жасқа толуына орай ғылыми-танымдық шара өтті. Тағылымды шараға тіл саласының көрнекті өкілдері, белгілі ғалымдар мен жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Кездесу барысында жиналған қауым Айман Файзоллақызының қазақ тіл біліміне қосқан елеулі үлесін, ұзақ жылға созылған ұстаздық жолы мен парасатты адами болмысын ерекше атап өтіп, өздерінің мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар ғалымның ғылым мен білімге сіңірген қажырлы еңбегін де алға тартып, оның шәкірт тәрбиелеудегі, қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі мен қоғамдық қызметіндегі рөлін жоғары бағалады.
Айман Зейнулина еңбек жолын ұстаздықтан бастап, жоғары оқу орнында ұзақ жыл бойы дәріс беріп келеді. Осы уақыт аралығында ол мыңдаған шәкіртке қазақ тілінің қыр-сырын үйретіп, ондаған магистр мен жас ғалымның ғылыми жұмысына жетекшілік етті. Ғалымның авторлығымен жарық көрген ғылыми мақалалар мен оқу-әдістемелік еңбектер отандық тіл білімінің дамуына қызмет етіп келеді.
Профессордың зерттеу жұмыстары қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерін қамтып, ғылыми ортада жоғары бағаланып жүр. Ол республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға тұрақты қатысып, тіл ғылымының көкжиегін кеңейтуге үлес қосып келеді.
Айман Файзоллақызының ғылыми-әдістемелік жұмысы негізінен қазақ тілі мен әдебиеті, аударма теориясы, мемлекеттік тілді оқыту теориясы мен әдістемесі, журналистика тарихы бойынша зерттеліп, 300-ден аса ғылыми мақала мен 10 оқулық, 2 электронды оқулық, 3 әдістемелік нұсқау, 5 оқу құралы, 3 монография және 4 сөздік жарық көрді.
Кеш барысында ғалымның қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Алаш әдебиетінің алдаспаны» атты монографияның тұсауы кесілді.
Ренат НҰРҒОЖИН, Торайғыров университетінің академиялық мәселелер бойынша Басқарма мүшесі-проректор, биология ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Айман Файзоллақызы – бар ғұмырын ғылым мен білімге, ұлт руханиятына арнаған көрнекті тұлға. Филология ғылымдарының кандидаты, ұзақ жыл бойы кафедраны абыроймен басқарып, қазақ тілі мен әдебиетінің шынайы жанашыры әрі оны жастар санасына сіңіруші жан ретінде жарқын үлгі болып келеді. Ол – кәсіби білігі мен заманауи көзқарасын үйлестіре білген, әрдайым сергек, белсенді ұстаз. Сонымен қатар, ол – мейірімді ана, қамқор перзент, немерелеріне шуақ шашқан аяулы әже. Айман Файзоллақызы парасатты жолы мен адами болмысы талай буынға өнеге болып қала берері анық.
Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ, Марғұлан университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы:
– Ұлтжанды, өз ісінің білгірі, нағыз қазақ қызы Айман Зейнулина білім мен ғылым кеңістігінде ойып алар орны ерекше. Онымен бір ұжымда қызмет ету – зор мәртебе. Терең білім, кәсіби адалдық, ғылыми ізденіске деген жауапкершілік оның болмысынан айқын көрінеді. Тіл, әдебиет, мәдениет, руханият мәселесіндегі батыл көзқарасы мен табандылығы бізге әрдайым күш-жігер береді. Айман Файзоллақызы – ғылым мен қоғамды қатар алып жүрген сирек тұлғалардың бірі.
Айдана БОРАНБАЕВА.
