Әлеуметтік желілерде жарнаманы шектеу керек пе?

Ақп 12, 2026

Қазақстанда блогерлер арқылы жарнамаланатын кейбір тауарлар мен қызметтердің зияндылығы мәселесі соңғы жылдары жиі көтерілуде. Бұл әсіресе денсаулыққа қауіпті тағамдық қоспалар, косметикалық өнімдер, шектеусіз қолдануға болмайтын дәрі-дәрмектер мен түрлі «құпия» әдістерді қамтитын өнімдерге қатысты. Сол себепті таяуда ҚР Мәжіліс депутаттары әлеуметтік желілердегі жарнамаларды шектеу туралы ұсыныс жасады. Оның ішінде букмекерлік кеңселер, дәрі-дәрмектер және қаржылық пирамидалар қамтылады деп көзделіп отыр. Дегенмен, бұл ұсыныс мәселенің оң шешімін таба ма? Әлеуметтік желілерде жарнаманы бақылауды күшейту үшін қандай механизмдер қолданылуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарға «Алаңда» жауап іздеп көрдік.

 

Еркін ҚҰСАН, Екібастұз қалалық Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы:

– Бүгінде блогерлер арқылы таралатын кейбір өнімдер мен қызметтердің зияндылығы айқын көрініс табуда. Сол себепті әлеуметтік желілерде қауіпті тауарларды жарнамалауды шектеу – дұрыс әрі қажет қадам. Мысалы, кей косметикалық өнімдер немесе шектеусіз қолдануға болмайтын дәрі-дәрмектер денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, букмекерлік кеңселер мен қаржылық пирамидалардың жарнамасы жастарды қаржылық тәуекелге итермелейді, ал тәжірибесіз пайдаланушылар үшін үлкен экономикалық шығындарға әкелуі ықтимал.

Сондықтан депутаттардың әлеуметтік желілердегі зиянды жарнаманы шектеу туралы ұсынысын толық қолдаймын. Бұл қадам тек жеке тұлғалардың денсаулығы мен қаржылық қауіпсіздігін қорғауға емес, сонымен қатар қоғамда жауапкершілік пен саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға да септігін тигізеді. Мұндай шаралар жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға, қауіпті өнімдерге деген көзқарасты қалыптастыруға, сондай-ақ отбасы мен мектеппен бірге саналы шешім қабылдауға үйретуге мүмкіндік береді. Қоғамның әрбір мүшесі осындай шараларды қолдап, ақпараттық алаңдарды жауапты және қауіпсіз пайдалану мәдениетін насихаттауы тиіс.

 

Руслан ТҮКЕНОВ, блогер:

– Әрине, букмекерлік ойындарды, қаржы пирамидаларын және құрамы белгісіз заттарды жарнамалау дұрыс емес. Мұндай әрекеттер әсіресе жастарға зиян келтіреді. Алайда жарнамаларды толықтай шектеу де дұрыс емес. Блогерлер өз аудиториясына пайдалы ақпарат беріп, қоғамға оң үлес қоса алады. Мысалы, қолжетімді бағадағы отандық тауарлар мен киім-кешек, шағын және орта бизнесті, әлеуметтік жобаларды насихаттау арқылы олар өз кәсібін дамытып қана қоймай, халыққа пайдалы ақпарат жеткізе алады. Бұл тәсіл тұтынушыларға дұрыс таңдау жасауға көмектесіп, отандық өнімдерге деген сұранысты арттырады.

Сонымен қатар, блогерлер өз өңірінің дамуына үлес қоса алады. Мәселен, тарихи-мәдени нысандар мен көрікті жерлерді таныстыру арқылы туристерді тартуға, әкімдер мен депутаттардың халыққа арналған жобаларын көрсету арқылы билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға болады. Мұндай контент тұрғындарға пайдалы ақпарат беріп қана қоймай, қоғамдағы ашықтық пен сенімділікті арттырудың тиімді жолы болып есептеледі. Ал әлеуметтік жауапкершілігі жоғары блогерлердің бұл әрекеті аудиториясына оң әсер етіп, нақты пайда әкеледі.

 

  Айжан МАРАТҚЫЗЫ, Ақсу қаласының тұрғыны:

– Менің ойымша, әлеуметтік желіде зиянды немесе күмәнді өнімдер мен қызметтерді жарнамалайтын блогерлердің қызметін қадағалайтын арнайы орган болғаны жөн. Бұл бақылау оларға шектеу қою мақсатында емес, алдымен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Қазіргі ақпарат ағыны жылдам. Ал оның ішінде дұрыс мәліметпен қатар, шындыққа жанаспайтын, жалған немесе алдамшы деректер де кездеседі. Сол себепті кейде қай ақпараттың сенімді, қайсысының қауіпті екенін ажырату қиынға соғады. Ал жастар мен тәжірибесіз қолданушылар осындай ақпаратқа тез сеніп қалуы мүмкін.

Алайда жай шектеу қоюдан пайда жоқ. Оған қоса, жауапкершілік тек блогерлерге немесе бақылаушы органға жүктелмеуі тиіс. Әлеуметтік желі пайдаланушылары да ақпаратты толық оқып, саралап барып қабылдауы керек. Егер блогерлер аудиториясына адал және сенімді ақпарат ұсынса, бақылаушы орган қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, ал пайдаланушылар ақпаратты сыни тұрғыдан саралап отырса, бұл кеңістік қоғам үшін пайдалы алаңға айналады. Мұндай тәсіл жастардың дұрыс ақпарат алуын қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік желінің мәдениеті мен сенімділігін арттыруға да зор үлес қосады.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.