Қандай көмек көрсетіледі?

Ақп 12, 2026

«Мемлекет әр азаматтың сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне
сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді. Себебі, қолға алынған барлық реформа бір ғана мақсатты көздейді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ету».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауынан.

Елімізде халықты әлеуметтік қолдау шаралары жыл сайын жетілдіріліп, нағыз көмекке мұқтаж жандарға тиісті жәрдем көрсетілуде. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтар — әрдайым мемлекет назарында. Осы мақсатта биыл әлеуметтік қорғау саласында бірқатар өзгерістер орын алды.

Салық жеңілдейді

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі күн тақырыбында өткір тұр. Осындай жандарға қолдау көрсету мақсатында оларды жұмыспен қамтыған ұйымдарға салықтық жеңілдіктер жасалатын болады. Салық кодексінің жаңа редакциясында көзделген өзгерістердің әлеуметтік маңыздылығы зор, дейді мамандар. Мәселен, бұрын салық жеңілдіктерін алу үшін ұйымдар мүгедектігі бар екі адамды ғана жұмысқа орналастырса жеткілікті еді, ал ағымдағы жылдан бастап бұл талап 10 адамға дейін ұлғайған. Яғни, жаңа Кодекс бойынша корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайту үшін мүгедектігі бар 10 адамды жұмысқа орналастыру қажет. Сонымен қатар, осы қызметкерлердің бір мезгілде тиісті жеңілдіктерді пайдаланатын бірнеше ұйыммен еңбек қатынастарында болмауы туралы талап енгізілді. Бұл мемлекеттік қолдауды нысаналы әрі тиімді етуге бағытталған.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда елімізде 740 мың мүгедек адам бар, олардың 410 мыңы еңбекке қабілетті жаста екен. Ал қазіргі уақытта олардың небары 100 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. Сондықтан жарымжан жандарды лайықты жұмыспен қамту үшін жаңа талаптың тиімді тұстары көп, дейді сарапшылар.

Жаңа қызмет енгізілді

Биылдан бастап елдегі темір жол вокзалдарында мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалуда. Осы мақсатта жарымжан жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметі қосылды. Бұл көмекті алу үшін bilet.railways.kz сайтында өтініш беріп, алдын ала рәсімдеуге болады. Сөйтіп, жолаушыға сапардың барлық кезеңінде уақытылы әрі толыққанды көмек ұсынылады.

ҚР Көлік министрлігінің ақпараты бойынша аталған сервис арқылы жолаушыны автокөліктен вагонға дейін және кері бағытта, сондай-ақ, вокзал аумағында толық сүйемелдеуге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда арнайы арбалармен жабдықталған жаңа қызмет елдегі 60-қа жуық вокзалда көрсетіле бастады.

Мамандардың айтуынша, жаңа қызметті рәсімдеу үшін темір жол вокзалының сайтынан билет сатып алу барысында «Мүгедек» опциясын таңдап, ЖСН мен денсаулық жағдайы жайлы анықтаманың нөмірін көрсету керек. Бұдан кейін  қажетті көмек түрлерін белгілеуі тиіс. Ал қандай жәрдем берілетініне тоқталар болсақ, пойыз жолға шығар алдында және түсетін аялдамаға жеткен кезде вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі, арнайы арбаны  ұсыну, басқа да қолдаулар көрсетіледі. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін жеңілдіктер қарастырылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар бағыттарда 50%, коммерциялық «Тальго» пойыздарында арнайы купелерге, оның ішінде ілесіп жүретін адамға арналған орынға тағы да 50% жеңілдік қарастырылған. Бұл туралы қосымша ақпарат білу үшін 1433 тегін нөміріне хабарласуға немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми Instagram парақшасынан @jolaushylar_tasymaly білуге болады, дейді мамандар.

Айта кетерлігі, «Жолаушылар тасымалы» АҚ 60 жастан асқан жолаушыларға арналған жаңа жеңілдікті іске қосты. Яғни, енді ел ішінде теміржолмен сапарлауға 25% жеңілдік қарастырылған. Оны пайдалану үшін Ұлттық тасымалдаушының барлық пойызында жарамды QURMET дисконттық картасын рәсімдеу жеткілікті.

Еңбек есептеледі

Елімізде ер азаматтардың да бала күтіміне байланысты демалысқа шығуына мүмкіндік берілген болатын. Алайда олардың үйде отырған үзіліс уақыты еңбек өтіліне саналмаған еді. Бұдан былай, әкелердің де декреттік демалысы есепке алынбақ.

Таяуда Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, бірден қабылданды. Сол бойынша бала күтімінде отырған жұмыссыз әкелерге еңбек өтілі қосылмақ.

Мамандардың айтуынша, бұл заң жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, құжатта жұмысшыларға қатысты өзге де өзгерістер енгізілген.

– Заңда келісу комиссиясының қызметіне делдалды тартуға, ұжымдық шартта жалақының ең жоғары және ең төменгі мөлшері арасындағы жол берілетін арақатынас туралы ережені белгілеуге қатысты, сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер енгізілді, — дейді ҚР Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Бұдан бөлек тағы бірнеше түзетулер енгізілген. Атап айтқанда, ұжымдық келісімшартқа жұмысқа байланысты апаттар жағдайларын қоса алғанда, жәрдемақы және өтемақылар төлеу тәртібі туралы норма енгізілді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау маманы ұйымның бірінші басшысына тікелей бағыныштылығы белгіленіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге деген жауапкершілік басшыға жүктелуі айқындалды.

Нұржайна ШОДЫР.