Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Конституция және біз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы талқыланды.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – студенттерге конституциялық өзгерістердің не үшін қажет екенін түсіндіру, олардың азаматтық санасын қалыптастыру. Талқылау барысында жаһандану жағдайында мемлекет дамуының жаңа бағыттары, басқару жүйесін жетілдіру және қоғамның тұрақты дамуы мәселелері сөз болды.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда айтқан ойлары кеңінен талқыланды. Президент жаһандану үдерістері аясында Қазақстанның болашақ даму жолын айқындау, елге қажетті өзгерістерді дер кезінде енгізу қажеттігін атап өткен болатын.
– Біз бұл пікірмен толық келісеміз. Әсіресе мемлекеттің дамуын ғылыммен байланыстыру, ғылым мен білімге басымдық беру – аса маңызды бағыт. Азаматтық бірегейлік мәселесі де бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтқан жоқ. 1995 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін қазіргі кезеңде жаңаша қарастыру қажет деп ойлаймыз. Осы тұрғыда Халық кеңесін құру – өте ұтымды идея. Себебі әрбір азаматтың пікірі мен ұсынысы мемлекет назарында болуы тиіс, — деді университеттің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Анар Кәрімова.
Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – адам дамуына бағытталған баптардың басым болуы. Бұл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын тұрақты даму тұжырымдамасымен үндеседі. Қазақстанда бұл бағыт бұрын да түрлі бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып келсе, енді ол конституциялық деңгейде бекітіліп отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру жылы деп жариялауы қоғам өмірін жеңілдетуге бағытталған нақты қадам ретінде бағаланды. Бұрын құжат рәсімдеу, жерге тіркелу секілді мәселелер ұзақ кезек пен бюрократиялық қиындықтарға толы болса, бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың арқасында бұл үдерістер айтарлықтай жеңілдеді. Ғылым саласында да цифрландырудың маңызы зор. Қазіргі уақытта әлемдік деректерді жылдам өңдеу, талдау және ғылыми айналымға енгізу осы технологиялар арқылы жүзеге асуда. Жиын барысында сөз сөйлеген университеттің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD Айгүл Садықова жаңа Конституция жобасының стратегиялық маңызына тоқталды.
– Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау ұлттық мемлекеттілік пен құқықтық жүйені дамытудағы маңызды кезең болып табылады. Құжатта адам құқықтарының басымдығы айқын көрініс тапқан. Сонымен қатар, бірпалаталы Парламентке Құрылтай арқылы көшу, Вице-Президент лауазымын енгізу, Халық кеңесін халық өкілдігінің конституциялық органы ретінде құру ұсынылған. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған, — деді ол.
Профессордың айтуынша, қазіргі Конституция Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында маңызды рөл атқарып, әлеуметтік-экономикалық дамудың берік негізін қалады. Ал жаңа Конституция жобасы осы сабақтастықты сақтай отырып, адам капиталын, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамытуға басымдық береді.
Жалпы алғанда, дөңгелек үстел барысында жаңа Конституция жобасы елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік институттардың жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айқын көрсететіні атап өтілді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
