Әлем тілдерінде ән салады

Ақп 12, 2026

Адам мүмкіндігінің шексіз екеніне тағы бір мәрте куә болып, таңданыс танытып келдім. Константин Еременко есімді талантты жерлесіміз осындай күйге бөледі. Қос жанары көрмесе де, жиырма жасқа дейін көп дүниені үйреніп, әлі де құлшынысы тасып тұрған жігіттің жігеріне кім-кім де тәнті болады. Әлемнің сан тілінде әуелетіп, музыка өнерінен қуат алады. Келешекте мықты музыкант болу үшін әр сәтін әдемі пайдаланып келеді. Әңгімелесе қалсаңыз, қанша жыл өтсе де, болған оқиғаны, өмірінің жарқын күндерін сағат-минутына, аптаның қай күні, қай жерде орын алғанына дейін мүдірместен күні кеше өткендей айтып бергенде аузыңыз ашылады. Есте сақтау қабілетінің ерекшелігі оған жасалған табиғаттың тамаша тартуы дерсіз. Тіпті, мектеп жасында ұстаздары «Костяның жады гигабайт» деп те әзілдесетін көрінеді.

Дауысынан жазбай таниды

Ерекше талант иесімен кездесуге Павлодар қаласындағы музыкалық колледжге арнайы бардық. Ол 2023 жылдан бері осында эстрадалық вокал мамандығын меңгеруде. №7 зағип балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сыныбын тәмамдаған соң музыкалық колледжге түсуді ұйғарады. Аудармашы болуды да ойластырады. Себебі, қазақ және орыс тілдерінен бөлек, 5-сыныптан бастап итальян тілін үйреніп алған. Дегенмен, соңғы таңдауы – музыкалық бағыт. Колледжде дайындық курстарынан өтіп, вокал мен сольфеджиодан кеңес алып, емтиханын тапсырады. Екеуінен де бестік алып, оқуға түседі. Костя бұл қуанышты күнді ұмытпайды.

– Колледжді бір келгеннен ұнатып қалдым. Вокал, сольфеджио, ансамбль әдістемесі — бәрі-бәрі ұнайды. Гуманитарлық жалпы білім беру пәндері де жаныма жақын. Жайлы ортада оқып жатырмын. Әкімшілікпен де, студенттермен де, оқытушылармен де байланысым жақсы. Өзім бала кезден әңгімешіл, тез тіл табысып, ортақ тақырып тауып кететін жанмын. Сондықтан қарым-қатынаста еш қиындық жоқ, –
дейді Константин.

Костяның мұндай ашық-жарқын мінезімен ортаға сыйлы екенін ұстазы, колледждің вокал өнері бөлімінің эстрадалық ән бағытының оқытушысы Венера Халимон да қостай жөнелді.

– Дәлізде кім келе жатқанын Костямыз дауысынан жазбай таниды. Өзі әрдайым әндетіп жүреді. Әлемнің түрлі тілінде ән салады. Жүрегі әуенге толы болған соң сыртқа төгіліп тұратынын түсінемін. Бірақ, ұстазы ретінде дауысын сақтап, бірегей үнін оңды-солды шашпауын талап етіп жүремін. Костя айрықша студентіміз екеніне ешкімнің дауы жоқ. Сазды түйсігімен түсінеді. Жауапкершілігі, тәртібі өте жоғары. Колледждің бүкіл өміріне белсене қатысады. Бәріне қызығады. Білсем, үйренсем деген құлшынысы керемет, – дейді Венера Атласовна.

Ұстазы әу баста мұндай ерекше қажеттілігі бар баланы оқыту әдістемесі болмаған соң «музыкаға бойлата аламын ба?» деп күмәнданғанын жасырмайды.

– Бұрын колледжімізде акаде-миялық ән айтуда бір ерекше қыз оқыды. Басқа тәжірибеміз болмаған соң қорықтым. Костяның дауысын, ойын тыңдап, алғыр жігітті алға жетелеуді жөн көрдім. Бірақ, музыкалық білім алу төзімділікті қажет ететінін бірден ескерттім. Таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін білім ордасынан шықпай, шыдамдылықпен оқуға әзірлігін сұрадым. Өйткені, қанша дарынды болсаң да, бәрі еңбекпен келеді. Ол «бәріне әзірмін» деді. Қазір сол кездегі шешіміме еш өкінбеймін. Нәтиже бар, бастысы, шәкіртімнің құлшынысы басылған жоқ, әлі де музыка әлемін біліп-тануға талпынып-ақ тұр. «Әнді еркін, қысылмай айт» деп отырамын. Қазақтың халық әндерінен бастауға тырыстық. Себебі, ол әндерде еркіндік, кеңдік, әуезділік тұнып тұр. Алғаш келгенде Костя дауысты құбылтуға құмар болды. Оны тыйып, өз тембрін табуға бағыттадым,  – дейді ұстазы.

Қазіргі таңда Костя кеш батса, таңның атқанын асыға күтеді. Өйткені, таңертең колледжге баруды ол бақытқа балайды. Әлемнің әр тілінде ән салғанды жаны сүйеді. 1-курста өзімен тағдырлас, қос жанарынан айырылған итальяндық әнші Андрео Бочеллидің әнін, композитор Муслим Магомаевтың әндерін орындапты. Қазақтың халық әндері «Екі жирен», «Дайдидау», Естайдың «Құсни-Қорлан» әндерін нақышына келтіре шырқаса, ағылшын тілінде Фридрих Лоу, Франк Синатораның джаз әндерін орындаған. Екінші курсқа қарай тәжірибесін шыңдай бастаған Костя ұстазы Венера Атласовнамен үрмелі-ұрмалы аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен дуэт болып сахнаға шықты. Бір кездері колледжге басшылық еткен Виктор Денисенкомен бірге өнер көрсеткенін Костя мақтанышпен жеткізді. Әуезді итальян тілінде жиі ән салады. Әсіресе, Адриано Челентано, Аль Бано шығармаларын орындағанды жақсы көреді.

– Грузин тіліндегі музыканы да қатты ұнатамын. Бұл тілде айтылатын әндер сазды, көпдауысты келеді. Шешен, француз, украин, белорусь, орыс, кәріс тілдерінде ән айтамын. Қазақ композиторларының шығармалары жаныма жақын. Музыкалық әдебиеттен ұстазым Әсел Дәуітқызы ұлттық өнердегі ұлы тұлғаларды тұтастай таныстырып, әрбірінің ерекшелігін жеткізді. Халық фольклорымен жақын таныстық. Ақан сері Қорамсаұлы, Біржан сал Қожағұлұлы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Құрманғазы туындыларын, «Қыз жібек», «Абай» операларын талдап,  ойға тоқыдық, – дейді Костя.

Жұлдызды сәттері

Өнерлі өрен байқауларға қатысуға да құмар. Ұсыныс түссе, қашпайды. Керісінше, құлшыныспен кірісіп кетеді. Бұл дағды бала кезінен қалыптасса керек. Мектепте алғашқы ұстазы Гүлсана Исмағамбетова, 5-сыныптан бастап сынып жетекшісі болған әрі орыс тілі мен әдебиеттен сабақ берген Наталья Свистич талай жарысқа қатыстырыпты. Костя әр сөзінде мектебіне деген ыстық ықыласын жеткізумен болды. Әлі күнге дейін ұстаздары мен сыныптастарын қуанышымен құттықтап тұрады. Мектепте жүргенде Түркістан қаласында өткен «Жұлдызай» байқауына қатысып, рок-н-ролл стилінде өнер көрсеткен. Жүлделі орынмен оралды.

Жұлдызды сәті колледжде жалғасын тапты. 1-курста Академик Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына орай Сәтбаев қаласында өткен байқауда жарқырады. Мұнда қатысушылар «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағына академиктің себепкерлігімен енген қазақ әндерін орындауы қажет еді. Жігерлі жерлесіміз концертмейстер Эльвира Кощуктың қолдауымен «Обаған» әнін әдемі орындап шыққан. Ал былтыр көктемде Абайдың 180 жылдығына орай облыстың колледж студенттері арасында өткен байқауда бағы жанды. Қазақ студенттерімен қатар сынға түскен жалғыз өзге ұлт өкілі болса да, жүлделі орыннан көрінген. Үш кезеңнен тұрған жарыста Костя Абайдың «Қыс» өлеңін мәнерлеп оқып, 24-ші Қарасөзін мүдірместен айтып берген. 3-кезеңінде ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін орындаған. Бұл сайыста 2-орын иеленді. Өткен жылдың күзінде қазақ тілі мұғалімі Қымбат Қадырғажықызының ұсы-
нысымен Астанада Абайдың мерей-тойына орайластырылған өнер бәйгесінде бақ сынайды. Қарасөзі мен өлеңін таспаға түсіріп, жолдаса керек. Финалға өтіп, «Көркемсөз» бағытында республиканың түкпір-түкпірінен келген өзге ұлт өкілдері арасындағы сайыста үшінші орынға лайық деп танылған. Одан бөлек, «Отанның әні» республикалық байқауында халық әнімен қатар әлемдік хит әндердің бірін француз тілінде шырқап, көптің көңілінен шыққан.

Сахнаға сондай сүйіспеншілікпен шығатыны көрініп тұрды. Себебі, әңгімесінде әрбір концертте орындаған әнін жіпке тізгендей, сондай жылылықпен баяндап отырды. Хормен халық әндерін шырқап, шабыт алады. Кахон аспа-бының сүйемелдеуімен де әсем шығар-маларды орындап, марқайғанын аңғардық. «Қазақстан – қыран дала», «Толғау», «Атамекен» патриоттық әндерін хормен орындаған. Орыс оркестрінің сүйемелдеуімен әскери әндердің хор концертін көрерменге ұсынған. Екібастұзда өткен мюзикл жанрындағы концертке белсене қатысқан. Сол сахналық қойылым
да Костяның жанында жаңғырып тұр.

Табандылығы тәнті етеді

Әлбетте, ерекше қажеттілігі бар жанды қолдау қанаттандырады. Сондықтан жігері жасы-маған, керісінше, үдей түскен Костяның мұндай жетістікте-рінің артында аяулы анасы тұр деп топшылаған едік. Алайда, анасы бүгінгі нәтижеге алғыр ұлының мықтылығы жетелегенін айтады.

– Көп жағдайда Костямның еңбегі, ынтасы қазіргі жағдайға жеткізді деп санаймын. Ол қиындықтан қорықпайды. Жаңа бастаманың алдында күдік, күмән болмайды. Ұсынғаныма бірден келісе кетеді. «Саған келекшекте керек болады» деп көндіріп әуреге түспеймін. Ылғи дамуға, үйренуге ұмтылып тұрады. «Қолымнан келмесе қайтемін» деп те кері тартпайды. Бірден кірісіп кетеді. Маған, тіпті, күмәндануға мұрша бермейтін. Бағыт, кеңес қана беріп отырдым, қалғанын өзі іске асырды, – дейді Анна Еременко.

Костя өмірге еш өкпесі жоқ, тек риза екенін білдірді. Оқуда да, үйде де бәрі ойдағыдай деді. Мейірімге бөленіп өскені жүзі балбұл жанған жігіттен айқын көрінеді.

– Ұлымыз әкесі екеуіміз көптен күткен сәбиіміз еді. Мерзімінен бұрын дүниеге келіп қалды. Содан көзінің торлы қабығы, тамырлары әлсіз болған екен. Бірден ота жасап, көмектесуге ол кезде не жабдық, не маман болмады. Содан үш айында көру қабілетінен айырылып қалды. Дегенмен, Петербургке апарып, орган сақтап қалу отасын жасаттық. Алғашында қабылдау қиынға соқты. Сынақты қабылдаған сәттен бастап бәрі жеңілдейтінін көрдік, – дейді анасы.

Музыкаға әуестігі ата-анасы ұлдарына сыйлаған бала кезіндегі ойыншықтар септігін тигізсе керек.

– Ерекше бала. Көзі көрмеген соң кәдімгі ойыншықтар оған қызық емес. Көбінде музыкалық, дыбысты, сылдырлайтын ойыншықтар аламыз. Мұны біз сияқты ата-аналар біледі. Барабан, сыбызғы, пианино сияқты ойыншық аспаптың түр-түрін сыйладық. Қызығушылығын байқап, ары қарай үлкендерін сатып ала бастадық. Оларда ойнап, өзінше әуен шығаруға әуестенгенін көрдік. Осылайша, музыкаға деген сүйіспеншілігі артып, бүгінде жан қалауымен оқып жатыр, – дейді А.Еременко.

Костяның арманы асқақ. Колледжді бітірген соң музыкалық білімін жоғарылатуға ниетті. Дамудан, үйренуден жалыққан емес. Бүгінде фортепиано аспабын меңгеріп жатыр. Венера Атласовна шәкіртінің музыкалық түйсігі мықты екенін айтады. Аспапта ойнай отырып, әнді қатар шырқау дағдысын шыңдауда. Бұл да болашақта музыкантқа қажет болатыны сөзсіз.

– Әнді қысылмай, дұрыс, нақышына келтіре айтқым келеді. Ұстаздарым бәрін үйретіп жатыр. Кеше ғана колледжге түскен сияқты едім, уақыт зулап өтіп жатыр. Бұл білім ордасында өткен әрбір күнімді, директор Серік Қасымханұлы бастаған әрбір оқытушымды ұмытпайтыным анық. Жалпы, адам өмірде жанына жақын, жүрегіне жылулық сыйлайтын іспен айналысу керек. Қаламайтын, біреудің нұсқауымен, талабымен жасалған іс нәтижелі болмайды. Әркімнің қалауын тыңдай білу керек. Маған алдымен көрсетіп жіберсе, ары қарай өзім-ақ алып кетемін. Мысалы, колледжге оқуға түскенімде анам бір апталық демалыс алып, әр кабинеттің қайда орналасқанын көрсетіп берді. Қазір ешкімнің көмегінсіз әр қуыста не тұрғанын білемін, – дейді Константин.

Костя қолға алған істі соңына дейін жеткізіп, жауапкершілікпен атқарады. Мұны ұстаздары да аңғарған.

– Талантты шәкіртімді ілгерілетуге тырысамын. Сол үшін оркестрмен ылғи байланыстамын. Бұл жерге барлық студентті ала бермейді. Оркестрмен жұмыс істеу үшін талан-тыңмен бірге мінез, шыдамдылық қажет. Костя табанды. Тапсырманы бұлжытпай, жылдам орындап келеді. Болашағынан үлкен үміт күтеміз, – дейді ұстазы.

Костя вокалдық терминдердің түп-тамырына дейін жақсы біледі. Әрқайсысын жіліктеп айтып отыруға бар. Коллоквиюмда қаншалықты білетінін жүйелі түрде тапсырып тұрады. Музыкант үшін сақталуы тиіс талаптарды да ұмыт қалдырмайды.  Дауыс гигиенасы сабағында мұны ұғып алған. Ауырмаудың амалын іздеп, дұрыс тамақтанудың әншіге қалай қажет екенін жақсы біледі. Ән салғаннан кейін бірден суыққа шықпау шартын да ұстанады. Айтпақшы, түсінбей қалған тұсын үйінде «ақылды» колонка «Алисадан» сұрап алатынын айтады. Бұл «ақылды» құрал досына айналған. Өмірдің сынағына сынбай, керісінше, күш алып, өрге қарай аяқ басқан алғыр азамат айналасындағы қаншама адамды ойландырып та жүргені анық.

Жобаның авторы — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.