Погондағы келіншек

Нау 5, 2026

Ішкі істер саласында қандай да бір қылмысқа барған күдіктіні қолға түсіру, құқық-бұзушылықтың себебін анықтау, көлікті немесе пәтерді тінту, сараптама тағайындау, тергеу – полицейге жүктелген міндет. Адам өміріне қауіп төндіретін жауапты жұмысты Ризагүл Андасова да күнделікті қызметінде орындап келеді.

Ризагүл Саниярқызы  — полиция аға лейтенанты, арнайы жедел әрекет ету тобының инспекторы. Құқық қорғау саласында еңбек етуді бала күнінен армандап, мақсатына жеткен. Жұмысымен қатар спортты да жанына серік еткен.  Жақында ғана Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткізілген «The UAE SWAT Challenge 2025» тактикалық жарысында бақ сынап, жүлделі екінші орынды қанжығасына байлап, ел абыройын асқақтатты.
80 елдің құқық қорғау органы қатысқан халықаралық жарыста Ризагүл ҚР Ішкі істер министрлігінің «Томирис» әйелдер командасының құрамында өнер көрсетті. Күрделі әрі қауіпті салада 7 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан полицей джиу-джитсудан спорт шеберлігіне кандидат, спорттық жарыстарда  талай мәрте чемпион атанған.

— Мамандығым жауапты әрі қиын екенін түсінемін. Бірақ спортты қатар алып жүргендіктен жұмысым өзіме қызықты. Қылмыскерді тұтқынға алып, тінту шарасын жүргізген кезде өмірімізге қауіп төнетінін, соңы немен аяқталатыны белгісіз болатынын білсем де, мамандығыма еш өкінген емеспін. Мұндай жауапты міндет бір тәулікке созылып, ұйықтамауымыз да мүмкін. Бірақ бұл әрекетіміз арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін, тыныштығын қамтамасыз етеміз. Күнделікті жұмыс дүйсенбі-сенбі күндері таңғы сағат 8.30-да басталып, кешкі сағат 18.30-да аяқталады. Егер құқықбұзушылық бойынша шақырту түскен кезде тәуліктің кез келген уақытында байланыста болып, жұмысқа араласып кетеміз., — дейдіР.Андасова.

Погондағы полицей фитнеске баруды әдетке айналдырған. Сонымен қатар, волейбол ойнағанды жақсы көреді. Бұл ретте жаттығудан қалған емес. Ал үйде дәмді ас әзірлеп, дастарханды түрлі тағаммен жайнататын қабілеті де бар.

Қырағы полицей көпшілік жиналатын концерттік, спорттық шараларда да қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Ризагүлдің жолдасы Расим Лукманов та — құқық қорғау саласының маманы. Екеуі қызмет барысында бір-біріне қолдау көрсетеді. Жұмыстан бос уақытты бірге кино көруге, боулинг ойнауға жұмсағанды ұнатады.

Атап өтерлігі, Ризагүл Саниярқызы өткен жылдың соңында  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бұл жоғары марапат та Ризагүлдің өз саласының маманы екенін таныта түседі.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.