Әйел заты — өте нәзік жаратылыс. Бірақ олар нәзікпін деп өздерін ақтап алып жатқан жоқ. Қандай жұмыс немесе өмірде әртүрлі қиыншылықтар кездессе де, олар оны қабылдап, шешуге тырысады. Бала тәрбиесі, үйдің берекесі, ас-суы – бәрі әйелдің мойнында. Осындай сан алуан істі әйел атқармаса, кім атқарар еді?
Кейде ер азаматқа тән саналатын ауыр жұмысты әйел немесе қыз-келіншек істеп жүргенін көргенде, таңданысымызды жасыра алмай жатамыз. Бүгінде ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзік жандылар аз емес. Әлемді айтпағанда, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген халық мақалына сүйенсек, мұндай еңбекқор жандарды өз ортамыздан да табуға болады. Соның бір дәлелі – Павлодар қаласында талай жылдан бері краншы мамандығы бойынша еңбек етіп келе жатқан Айгүл Рыспекованы айтса болады.
Айгүл Ыдырысқызы 1971 жылдың 8 наурызында Павлодар ауданы, Преснов ауылында дүниеге келген және сол ауылда 10 сыныптық мектепті тәмамдаған. Негізгі мамандығы – есепші. Кейін ауылда кәсіподақ комитетінде есепші болып қызмет еткен.
— Қазіргі таңда Кенжекөл ауылында тұрамыз. Бір ұл, бір қыздың анасымын. Машинист-кран мамандығын меңгеріп, 2007 жылдан бері зауытта жұмыс істеп келемін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Биіктіктен бала кезімнен қорықпаймын. Бұл мамандық мен үшін ауыр емес. Негізгі міндетім – ауыр жүктерді көтеріп, белгіленген орынға жеткізу, – дейді Айгүл Рыспекова.
Жөндеу-механикалық цехтың 4-разрядты кран машинисі Айгүл Рыспекова – Павлодар мұнайхимия зауыты ұжымындағы тәжірибелі әрі жауапты мамандардың бірі. Ол зауытта 2007 жылдан бері еңбек етіп келеді, жалпы еңбек өтілі
35 жылдан асады. Айгүл Рыспекова жүк көтергіш механизмдерді сенімді басқарып, жыл сайынғы тоқтатып жөндеу жұмыстарына белсенді қатысады. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, өндірістік жоспарлардың уақытылы орындалуына үлес қосып жүр.
Көпжылдық адал еңбегі үшін 2024 жылы Павлодар облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Ұжымда сыйлы, кәсіби біліктілігі жоғары маман ретінде әріптестеріне үлгі болып келеді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
