Тракторды тізгіндеген ана

Нау 5, 2026

Әйел еңбегі – қоғам дамуының негізгі бөлігі. Бүгінде нәзік жандылар білім мен қызмет көрсету саласында ғана емес, ауыл шаруашылығында да ерлермен қатар еңбек етуде. 17 жылдан бері трактор жүргізіп келе жатқан көпбалалы ана – соның жарқын мысалы.

Фермердің жары және төрт бүлдіршіннің анасы Валентина Амирова мамандығы бойынша тракторшы-машинист. Техника тізгіндеуден бөлек ветеринарлық та, қарапайым жұмысшының да, шаруашылық есепшісінің де жұмысын қатар алып жүрген нәзік жанды Успен ауданына қарасты Константиновка ауылында тұрады. Техникамен жұмыс істеуде ең бастысы —
тек рөлде отыру емес, қозғалтқыштың үнін, тіркемелі немесе аспалы жабдықтың жұмысын сезіну, бір сөзбен айтқанда, техникаңды тыңдай білу дейді кейіпкеріміз.

— Тұрмысқа шыққан соң ең алдымен жұбайыма көмектескім келді. Алдымен көлік жүргізуді үйреніп, жүргізуші куәлігін алдым. Жұбайыма жұмысшыларды, қосалқы бөлшектерді және басқа да қажетті заттарды тасымалдауға көмектестім. Жұмысшы күші жетіспейтіндіктен, трактор тізгініне отырып көруді шештім. Алғашында трактормен қоймадан базаға жүк тасымалдадым. Кейін гидравликаны, нақтырақ айтқанда, шөп тиеуге арналған айырлы құрылғыны қолдануды меңгердім. Тіпті «Ростсельмаш» роторлы шалғысын пайдаланып, шөп шабуды үйрендім. Сондай-ақ, «Ростсельмаш Колибри» тіркемелі тырмасымен орама шөпті нығыздап, орап көрдім. Трактор тізгіндеген алғашқы күнім әлі есімде. Күйеуім қоңырау шалып, Т-40 тракторымен көл жағасында тұрып қалғанын айтты. Маған шұғыл түрде Т-16 тракторымен барып,  арқанмен сүйреп шығаруымды өтінді. Мен үшін үлкен кедергі екінші дәрежелі жолдың грейдеріне трактормен көтерілу болды. Рөлге жабысып алғаным сондай, дем алуға да қорықтым, алақандарым терлеп кетті. Жоғары көтерілгенде жеңілдеп қалғандай болдым. Көлік айдай білсең оңай сияқты көрінеді, бірақ жеңіл көлік пен трактор — екі бөлек дүние. Бар күш-жігерімді жинап, төмен түстім. Ол кезде бұл мен үшін кішкентай болса да үлкен жеңіс саналды. Содан бері ешқандай өр мен еңіс маған қорқынышты емес. Бірде Т-25 тракторының қозғалтқышын өзім бөлшектеп, қайта жинадым, бейнесабақтарға қарап от алдыру жүйесін реттедім. Тағы бірде дөңгелек жарылып, егістіктен үш дөңгелекпен қайтуыма тура келді. Орама шөп тиелген тіркемелерді жалғыз түсіру де – үлкен күш пен тапқырлықты талап ететін жұмыс. «Ауыр жұмыс әйелге арналмаған» деген — ескі стереотип. Қазір заман өзгерді, әйелдер де ерлермен қатар еңбек етеді. Алайда нәзік жандылар үшін ең қиыны –
ауыр жұмысты отбасы міндеттерімен қатар алып жүру. Балалар, үй шаруасы, балабақша мен мектептің бәріне бірдей  үлгеруге тура келеді, — дейді ол.

Техниканың тілін меңгерген аруымыз бос уақытын шығармашылыққа арнайды. Ол рухани жан тыныштығын кесте тігу, сурет салу сынды қолөнерден табады екен.

Сара ӘБДОЛ.