Үміт үзілмеген үй

Нау 5, 2026

Қызым алып кетеді деп есікке телмірген әке, ұлым хабарласса екен деп телефоннан басын алмай отырған ана… Қарттар үйінде әрбір көзде сағыныш, әрбір жүректе үміт пен өкініш сақталған. Мұнда уақыт баяу өтіп, өткен өмірдің естелігі мен бүгінгі күннің үміті қатар өріледі. Әр есіктің сықыры – сағыныштың жаңғырығы, ал әр қадамның дыбысы – жүректі дүрсілдететін тағдыр хикаясы. Мұндай сәттер әр көрерменге өмірдің нәзік, кейде ауыр салмағын сездіріп, жүрекке терең ой салады.

Жуырда облыс орталығындағы Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры көрерменіне осы тақырыпты көтеретін кезекті туындысын ұсынды. Осы жолы сахна шымылдығы «Балам, қашан келесің?» драмасымен түрілді. Қойылым қоғамның нәзік әрі ауыр тақырыптарының бірін қозғап, әр отбасының жүрегіне жақын, жанды толғандыратын сәттерге толы болды.

Қойылым қарттар үйіндегі алты тағдырдың өмір жолын арқау етті. Баласын аңсаған ананың жанары, үнсіз үміт күткен әкенің ішкі күйзелісі сахнадағы әр сәттен сезілді. Өз шаңырағына сыймаған, өз перзентіне «артық жүк» болған жандардың ішкі жан айқайы көрерменді бейжай қалдырмады.

Спектакль көрерменді күрделі сұрақтармен бетпе-бет қалдырды: ата-ана шексіз кешірім иесі ме? Перзенттік парыз қай сәтте ұмытылады? Материалдық игілік рухани жауапкершіліктің орнын баса ала ма? Есік ашылғанда табалдырықтан сағынған бала аттай ма, әлде кешіккен өкініш пе? Бұл сол кездегі қоғамның айнасы іспетті қойылым болды.

Басты кейіпкер Дәмегүл образын өнер ордасының белді әртіс-терінің бірі Рауза Тәжібаева мен Гүлжихан Хамитова кезектесе сомдады. Зақаш рөлінде – Дәурен Әділ, Сейфолла – Бек Тоқатов, Бақтыбай Бейбіт Шәнім болды. Қадиша бейнесін Қарлығаш Жексембаева мен Гүлжанат Омарова алып шықса, Омарханды Жұмахан Доспаев сахналады. Қарашаңырақтың аға буыны мен жас толқыны тоғысқан сахналық рамда әр кейіпкер – бір тағдыр, бір үміт, бір сағыныш болды.

Жаңа спектакльді сахна-лауға арнайы Астана қаласынан танымал режиссер, актер Жұлдызбек Жұманбай шақырылды. Өткен жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2025» кәсіби сыйлығында «Үздік режиссер» аталымын иеленген өнер иесі бұл жолы жазушы Сәкен Сыбанбайдың «Үміт үйі» шығар-масын сахна тіліне бейімдеді. Авторлық туындының негізінде қойылған «Балам, қашан келесің?» драмасы ата-ана мен перзент арасындағы үміт пен өкінішке, сағыныш пен сауапқа толы күрделі қарым-қатынас жайлы терең ой қозғады.

Сәкен СЫБАНБАЙ, «Үміт үйі» шығармасының авторы, аудармашы, журналист:

— Қағаз бетінде жазылған ойдың сахнада тіріліп, кейіпкерлердің жан дүниесі арқылы көрерменге жетуі – мен үшін зор бақыт. Қойылым мен күткеннен де жоғары деңгейде шықты. Әсіресе, ата-ана мен бала арасындағы сағыныш пен үнсіз мұң сахна тілінде әсерлі жеткізілген.

Шығарманы жазу барысында көңілімде жүрген талай сезім мен ойды қағазға түсірген едім. Бүгін сол толғаныстардың актерлердің жүрегі арқылы тіріліп, көрерменмен қауыш-қанын көру ерекше әсер сыйлады. Режиссерлік шешімдер мен актерлік шеберлік туындының мазмұнын тереңдетіп, оған жаңа тыныс бергендей. Кейіпкерлердің әрбір сөзі мен үнсіздігі, сахнадағы әр сәт үлкен мағына арқалап тұр.

Айдана БОРАНБАЕВА.